Басқарушы директор Ғибрат Ауғанов бастаған «Самұрық-Қазына» АҚ делегациясы ауыл балаларына басымдық беретін «IQanat High School of Burabay» мектеп-пансионаты оқушыларымен жүздесті.
Ол «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен оқуға түскен жаңаөзендік оныншы сынып оқушыларына үздік оқу ошағында білім алу жолында сәттілік тілеп, емен-жарқын сұхбат құрды. Құны 255 миллион теңгені құраған жоба аясында гранттар оқуға, жол жүруге және қажетті мектеп киімін алуға байланысты шығындарды жабады.
«Самұрық-Қазына» өз стратегиясында ұрпақ игілігін қамтамасыз етуге міндеттенеді. Қор тобына еліміздің өсіп-өркендеуін қамтамасыз етіп отырған көптеген кәсіпорын қарайтыны аян. Оның ішінде өздеріңізге ыстық мекен Жаңаөзендегі «Өзенмұнайгаз» компаниясы да бар. Сондықтан, егер оқу үлгерімдеріңіз жақсы болып, сұранысқа ие мамандықтарды игеріп жатсаңыздар, мұнай саласынан да бөлек түрлі бағытта жемісті қызмет атқара алатындарыңыз даусыз», - деді Ғибрат Қайратұлы өзінің де ауылда туып-өскенін, жетістіктерге ұмтылудан талмау керектігін атап өтіп.
Жаңаөзен қаласынан 50 оқушы бірнеше кезеңдегі тестілеу арқылы таңдалды. Сонымен қатар, жаңа оқу жылында, Жаңаөзендегі көпбалалы отбасылардан шыққан 177 бала, «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен еліміздің өзге озық оқу орындарына қабылданды.