“Қастандық жасалуы мүмкін”: Жанболат Мамай мәлімдеме жасады

2739
Adyrna.kz Telegram

Жанболат Мамай өзіне қастандық жасалуы мүмкін екенін айтып, мәлімдеме жасады. Белсендінің мәлімдемесін Facebook желісінде Инга Иманбай жариялады.

Айта кетейік, ол Алматыдағы қаңтар оқиғасы кезіндегі тәртіпсіздіктерге қатысты және жалған ақпарат таратуға байланысты қамалған болатын.

“ Менің, жарты жылдан астам, Алматыдағы тергеу изоляторында жатқанымды білесіздер. Осы уақыт ішінде, өзіме қарсы қандай да бір қорқыту болмаса күш көрсеткен оқиға болған емес. Алайда, кеше мен өзіме қастандық жасалмақшы болып жатыр деген хабар алдым. Маған «Мамай өзі YouTube-те жариялаған бір видео үшін басымен жауап береді» деп жеткізді. Бұл кімнің сәлемі деп сұрағанда, олар өзі де қамауда отырған «Дикий Арман» – Арман Жұмагелдиевтен деп жауап берді. Шынымен-ақ, өзімнің бір сөзімде оны сынағаным бар. Менің ойымша, бұл «сәлемнің» артында, маған қастандық ұйымдастырып жатқан, арнайы қызметтер тұруы әбден мүмкін.

Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімі естеріңізде болар? Намысына тиген сөздер айтты-мыс, ешкімге жәбірі жоқ Үтембаев тапсырыс берген болып шықпап па еді? Бәлкім, билік маған қастандық жасап, бар кінәні қылмыс әлемінің беделдісіне арта салмақ та шығар. Өзім алған хабарға қатысты менің ойым осындай. Маған қатысты қандай да бір қастандықтың артында, қашан да, арнайы қызметтер мен Қазақстан билігі тұратын болады деп ашық, ресми түрде мәлімдеймін! Түрмеде ешкіммен өзара кикілжіңім жоқ, ешқашан да жанжалдасқан емеспін. Құқық қорғаушылардан, журналистерден, дипломаттардан және мүдделі барлық жандардан басыма түскен осы жағдайға назар аударуын өтінемін”, – деді Мамай.

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер