Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиіп қаза тапқан Еркебұлан Сыдықбаевтың әйелі жол апатынан қаза тапты. Оның соңында төрт баласы қалды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Еркебұлан Сыдықбаевтың әйелі Сая Есенгелді такси қызметімен айналысып жүріп, жол апатынан қаза тапқан. Қаңтар оқиғасынан кейін, күн көру мақсатында Сая такси айдап жүрген. Балаларына анасы қарасқан. Өкінішке қарай, 4 ақпан күні Алматы-Бішкек тас жолында жол апаты болып 3 адам қаза тапқан еді. Сол кезде көлік ішінде Сая да болған.
Журналист Лұқпан Ахмедяровтың сөзінше, Сая балаларын асырау үшін барын салған. Күндіз курьер болып, түнде такси жүргізушісі болған. Әкімдік әйелге баспана алып беруге көмектесеміз деп уәде берген. Бірақ қандай да бір себептермен олар пәтер әперуден бас тартқан.
Қайғылы оқиға ірі құрылыс салушылардың бірі – Qazaq Stroy компаиясын бей жай қалдырмады. Компания ата-анасынан айырылған балалар үйсіз қалмауы керек деп, ауданы 95 шаршы метр болатын үш бөлмелі пәтер беру туралы шешім қабылдады.
Сондай-ақ, компания иесі Нұрлан Артықбаев балаларға кәмелеттік жасқа толғанға дейін әрқайсысына ай сайын 100 мың теңге төлеуді ұсынды.
Көмек туралы жазбалардың астындағы пікірлерде балалар жалғыз қалмағанын айтады. Бұл тағы да әлем жақсы адамдарсыз емес екенін көрсетеді.