Ерекше қажеттілігі бар жандарға ерекше қамқор қоғам құру

2247
Adyrna.kz Telegram

Мүмкіндігі шектеулі жандарды жан жақты қолдау демократиялық қоғамның барлығына тән құбылыс. Адам құқығының ішіне кіретін бұл мәселені шешу, реттеу әлемнің көптеген елдерінде іске асуда. Оның ішінде Қазақстан да бар екені айтпаса да түсінікті. Қазақстан мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауды арттыру мақсатында заңнамаларды жүйелеп, өзгерту үстінде. Бұл халықаралық қауымдастықтың да бір талабы.

            Жыл басында ҚР Парламенті Сенатының депутаттары сайлау және саяси партиялар туралы заңдарға, оның ішінде әйелдер мен жастар, мүмкіндігі шектеулі жандар, сондай-ақ сайлауалды партиялық тізімдердегі 30 пайыздық квотаға енгізілген өзгерістерді қабылдаған болатын. «Президенттің мүгедектерге квота бөлу туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында үкімет әйелдерге, жастарға және мүгедектерге арналған 30 пайыздық квотадан басқа, оларды есепке алу қажеттілігін белгілейтін нормаларды көздейтін заң жобаларын әзірледі. Мәжілісте депутаттық мандаттарды бөлу кезінде есепке алу керек», - деп түсіндірді Әділет вице-министрі Алмат Мадалиев.

Заң жобасының негізгі мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар тұлғалардың әйелдермен және жастармен тең негізде биліктің өкілді тармағына қатысуын қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың пікірін ескере отырып, оларды белсенді жұмысқа, қоғам өміріне тарту болып табылады. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңға Мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде тіркелген кезде партиядан кандидат мүгедектігі туралы куәлікті міндетті түрде ұсынуы туралы өзгеріс енгізілген еді. Бұл талаптар мен өзгерістер аспаннан алынған жоқ, әлем елдерінде бар түсінік, кеңінен қолданылатын тәжірибе десек те болады. Мысалы Израиль билігінде мүмкіндігі шектеулі жандардың саны өте көп. Батыс Еуропа мен АҚШ, Канада және Аустралияда да жетерлік.

Ерекше күтімді қажет ететін, мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық көрсету бойынша Еуропа елдері алда келеді. Қазақстан бұл елдерден тәжірибе жинап, үйренуде. Бүгінгі күні мүмкіндігі шектеулі жандар Еуропаның кинотеатрларына, кафелері мен мейрамханаларына еркін бара алады, өйткені бұл орындар арнайы пандустармен, автоматты есіктермен, лифттермен және мүмкіндігі шектеулі адамдардың қолайсыздықты сезінбеуіне көмектесетін басқа да пайдалы техникалық шешімдермен жабдықталған. Бұл заң деңгейіндегі бизнеске қойылатын талап. Қазақстан да бұл талаптарды енгізіп жатыр. Ең алдымен пандустар мен жол өткелдерін сол талаптарға сай ету шаралары іске асуда. Ол бойынша кеңес беріп, Еуропалық қауымдастық өкілдері де елге келіп, тексеріс жүргізіп тұрады. Әрине, олқылықтар да жоқ емес, алайды жөндеу іске асуда. Мысалы пандустар талапқа сай болмай жататын жайттар бар. Оны қалыпқа келтіру әр азаматтың борышы. Пандус орнатылған мекеме басшысына ескерту жасау немесе арнайы құзырлы органдарға хабарлама жіберуге болады. Пандус талапқа сай жөнделеді. Дәл сол сияқты қоғам мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған белгі тұрған жерге өз көлігін қоймайтын мәдениетке де үйрену үстінде. Бұл да мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін бір қамқорлық десек те болады.

2001 жылы еуропалықтар арасында «мүмкіндігі шектеулі жандар болған кезде адамдар не сезінеді» деген тақырыпта жүргізілген социологиялық сауалнамалар адамдардың 20%-ға жуығы өзін жайсыз сезінетінін көрсеткен болатын. Дегенмен, қалған респонденттер мұны проблема ретінде қарастырмайтынын айтқан. Соңғы зерттеулер бұл көрсеткіштің бірте-бірте азайып бара жатқанын көрсетті және 2020 жылғы зерттеулерде бұл көрсеткіш бар болғаны 7 пайызды көрсеткен. Бұл қоғамда жүргізілген түсіндірме жұмыстарына және мемлекеттің қабылдаған заңдары мен бағдарламаларына тікелей байланысты. Қазақстан бұл тақырыпта ауқымды зерттеулерді әлі жүргізе қоймады, алайда бұл күн тәртібінде бар мәселе. Зерттеулердің нәтижесіне сай әрекет ету де өзінің жемісін берері анық.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық көрсетумен қатар, білім беру, мамандық иесі атануға жағдай жасау маңызды. Қазақстан бұл тұрғыдан үлкен тәжірибеге ие емес. Сондықтан Германияның тәжірибесіне жүгіне алады. Германия үкіметі ерекше қорғауды қажет ететін жандарды әлеуметтік-еңбектік оңалтумен өте тиімді айналысады. Германия зейнетақы төлеуге қарағанда мамандандырылған оқыту мен жұмысқа орналастыру әлдеқайда тиімді деп санайды. Әр мүмкіндігі шектеулі жанның жағдайы оған ең қолайлы мамандықты анықтау үшін жеке қаралады. Одан кейін кәсіби бейімделу, оқыту, қажет болған жағдайда біліктілігін арттыру іске асады. Жұмыс берушілер мұндай қызметкерлерді жұмысқа алуға мүдделі, өйткені олар мемлекеттен субсидия алады. Мүмкіндігі шектеулі жандарды оқытуға арналған бағдарламалар екі айдан екі жылға дейін созылады және таңдалған мамандыққа сай іске асады. Бұл мақсатта Германияда арнайы 40-тан астам мамандық түрі белгіленіп алынған. Міне бұл Қазақстан игеруі тиіс, білуі қажет тәжірибенің бірі.

Еліміз ерекше күтімді қажет ететін жандардың жағдайын жасауға барын салып келеді. Атқарылатын, іске асуға тиіс жұмыс әлі де көп. Жаңа заңдар мен түзетулер міндетті түрде олқылықтарды ескере отырып, оларды жоюға бағытталуы қажет. Мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамның тең және ажырамас бөлігі ретінде қарайтын қоғам құра білу басты міндет. Ерекше күтімді қажет ететін жандар қабылданған шаралар мен атқарылатын әрекеттерге байланысты өздерін қоғамның сенімді бөлігі ретінде сезініп, физикалық және психологиялық кедергілерді сезінбеуі қажет. Бұл Жаңа Қазақстанның да басты міндетінің бірі.

 

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер