Қазақстан Дүниежүзілік банктен 345,7 миллион еуро несие алу туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы Дүниежүзілік банктің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
“24 тамызда Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Татьяна Проскурякова мен премьер-министрдің орынбасары әрі Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жеке сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және Қазақстанның COVID-19 пандемиясынан тұрақты экономикалық сауығуын қамтамасыз ету үшін 345,7 миллион еуро көлеміндегі несиелік келісімге ресми түрде қол қойды”, деді Дүниежүзілік банктің баспасөз қызметі.
Қарыз туралы келісімді Дүниежүзілік банктің директорлар кеңесі 2021 жылғы желтоқсанда мақұлдады. Ал тиісті жарлыққа Қазақстан президенті 2 шілдеде қол қойды. Өтеу мерзімі – 11,5 жыл, қосымша 2,5 жыл жеңілдік кезеңі.
“Несиенің ұзақ мерзімді сипаты және пайыздық төлемдердің төмендеуі жалпы сыртқы қарыздың орташа өтеу мерзімін ұзарту және қарыз алудың орташа құнын төмендету арқылы елдің жалпы қарыз профилін жақсартады. Несие бойынша берілетін қаражат үкіметтің бюджеттік қажеттіліктерін қаржыландыруды қамтамасыз етеді”, деп хабарлады Дүниежүзілік банктің баспасөз қызметі.
Қазақстан Дүниежүзілік банк тобына кіргеннен бері өткен 30 жылда елге көрсетілген қолдау көлемі 8,6 миллиард доллардан асты.
”Адырна” ұлттық порталы