«Өгей баланың» мұңға оранған тағдыры

4715
Adyrna.kz Telegram

Джеймс Гринвуд – әйгілі британдық жазушы, мамандығы – журналист. Қарапайым отбасынан шыққан Гринвуд бірнеше керемет туындыны дүниеге әкелген. Оның туындыларының арқасында Лондондағы газеттердің тираждары көбейе бастаған. Маған да, өзге оқырманға да ерекше әсер сыйлаған  Джеймс Гринвудтың «Өгей бала» туындысы жайлы айтқым келеді. Аты айтып тұрғандай әңгімеде үйсіз, күйсіз жетім баланың басынан өткерген қиын күндері туралы баяндалады. Басты кейіпкер Джим өгей шешесі мен қаныпезер әкесінің көрсеткен азабынан үйінен қашып кетуге мәжбүр болып, амалсыздан ұрлық жасауға дейін барады. Көшеде танысқан достарымен бірге түрлі әрекеттер жасап, лашықта күнелтеді. Жазушы өмірі жайлы  мәліметтерге сүйенсек, оның өзі қаңғыбастармен жүріп, Лондондағы кедейлер тұратын аймақта ғұмыр кешкен. Бәлкім, жазушы өз өмірі мен шығармашылығын ұштастырған болар...

Джим – шырғалаң ішінен сытылып шыққан жеті жасар бүлдіршін. Алты жасында анасынан айырылған бұл жеткіншек сұмпайы да, өтірікші, қулығына құрық бойламайтын өгей шешесінен әбден қағажу жеп өседі. Ал әкесі – ішімдікке салынған, жүрегінде бауыр еті баласына деген бір тамшы жылуы жоқ, мейірімсіз адам. Екінші әйелінің сөзіне еріп, туған ұлына қорлық көрсетеді. Өз ұлын еш аяусыз соққыға жығатын қандай жүрексіз әке? Тіпті, ол өз ұлының көше кезіп, қайыр сұрағаны үшін ұялған да, қиналған да жоқ. Үйінен қашып кеткен ұлын тауып алған кезде көпшіліктің көзінше ұлын бет қаратпай сабап, сұмдық масқаралайды. Бұл – нағыз қатігездік. Жас жеткіншектің анасынан ерте айырылып, тасбауыр әкесінен қорлық көргені осы кітапты қолына алған кез-келген оқырманның жүрегін ауыртпай қоймайды. Хикаяттың «Мен жетіммін» деп басталуының өзі қандай жан тебірентерлік. Үйінен қашып, жат ортада жүрген Джимнің ішкі жандүниесінде: «Әкем мені іздеп тауып алса не істеймін? Ол мені аямай соғатыны анық. Үйге оралмағаным жақсы» деген үрейі болды. Ол осылай өмір бойы әкесінен қорқып жүру үшін емес, бақытты болу үшін өмірге келді емес пе?! Оның әкесі кішкентай ойын баласының бақытты балалық шағының күл-талқанын шығарды.  Кішкентай Джим әкесінің жанында жүрсе де, оған қарап бой түземеді. Ол шарасыздықтан ұрлықпен айналысты, алайда, ол өте ақылды, мейірімді бала еді. Осы әңгімеге қазақтың «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген мақалы негіз болатын тәрізді. Жазушының кішкентай Джимді жақсы кейіпкер етіп шығаруы – оқырманға үлгі. Қанша қиындықтан сүрінбей өтіп, түзу жолға түскені – ой саларлық оқиға. Туындымен танысқан оқырман бойындағы керексіз қасиеттерден ауылын аулаққа салып, Джим секілді ақылды әрі еңбекқор болуға талпынады деп ойлаймын.

Бүгінде, өкінішке орай, Джим секілді жетім қалған балалар өркениетті өскелең ұрпақ тәрбиелеп отырған қоғамымыздың бір бөлігін құрайтындығы –ащы шындық. Аналарының мейірімін көрмей ержеткен ұлдар, бойжеткен қыздар жатқан бүлдіршіндер қаншама?!

Ресми деректерге сүйенсек, 80 мыңға жуық жетім балалар бар екен. Ешқандай сәби жетім болу үшін тумайды, әрбір сәби бақытты болу үшін өмірге келеді.

    Бір сөзбен айтқанда, Джеймс Гринвудтың біртуар шығармашылығының  үздігі «Өгей бала»  туындысын оқу арқылы көкейіме көп нәрсе түйдім. Ата-анасыз өмірдің бос, жалған екендігін ұқтым. Шынында, менің әкем мен Джимнің әкесінің арасы жер мен көктей. Парасатты да, қамқор әкемнің болғанына қуанамын. Әңгіме ата-ананың орны ештеңемен өлшеуге келмейтіндігін ұғындырады. Қазіргі таңда ата-анасымен жиі кекілжіңге келетін жасөспірімдер бар. Меніңше, бұл шығарма жас оқырманды өмірде түзу жол табуға, ата-ана қадірін түсінуге баулиды.

Жазушының шеберлігінде сөз жоқ. Ол тек жетім бала жайлы жазды, алайда, мен ағылшындықтардың әлеміне еніп, бір сәтке жер шарының солар мекендейтін аймағында өмір сүргендей болдым. Ұлыбританияның, Лондонның өмірімен тыныстадым. Әңгімені оқыған әрбір оқырманның көзіне жас, көкірегіне шер толатыны сөзсіз. Менің көңілімді босатып, жүрегімді сыздатқан туынды сізге қандай әсер қалдырар екен? Ендеше, Джеймс Гринвудтың «Өгей бала» туындысымен танысып көріңіз!


Шалқарова Айдана Ерболқызы,

Қызылорда қаласындағы №145 орта мектептің 11-сынып оқушысы

 

Пікірлер