9 тамыз күні Ресей әскери тарихында тағы бір масқара күн болып жазылмақ. Әрине, оны Ресей жазбайды. Оны әлем тарихы жазады. Неге? Себебі Ресей дәл осы күні өзінің ең ірі әскери әуежайынан айырылды. Уақытша оккупацияланған Қырымдағы Новофедеровка маңындағы әскери әуежайдың күлі көкке ұшты. Өртеніп кетті, жанып кетті.
Ресей қорғаныс министрлігі әуежайдың талқандалуына қатысты ресми мәлімдеме жасап, ешқандай да шабуыл болған жоқ деп мәлімдеді. Әрине, солай дейді, басқа амалы да жоқ. Егер шабуыл жасалды десе, онда Ресейдің әуе соққысы мен зымыран соққысанан қорғау жүйелеріне деген сенім капиталы сарқыла түсер еді. 2022 жылдың 14 сәуірінде Ресейдің Қара теңіздегі флагманы саналған, құны 900 млн долларға бағаланған Мәскеу крейсері суға кетті. Ресми Мәскеу «Мәскеудің» су түбіне сапар шегуін қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан болған апат деп атады. Алайда Батыс әскери сарапшылары мен Украина крейсерге оңдырмай соққы жасағанын айтты. Бұл Ресейдің өз ішінде де қызу тақырыптың бірі болды. Үш деңгейлі қорғаныс жүйесі енгізілген «Мәскеу» крейсері қалайша суға батты деді 140 млн Ресей халқы. Міне, осы сәтте Ресейдің әуе және зымыран қорғаныс жүйелеріне бір күмән келді.
Артынша Украинаға Батыс HIMARS-тар жеткізе бастады. Батыстық зымыран кешендері Ресейдің әскери қоймалары мен штабтарын шырпыша өртеді. «Анда жарылды, мында жарылды» деген ақпарат күн сайын шықты, әлі шығып жатыр. Бұл тағы да Ресейдің әуе және зымыран шабуылына қарсы жүйелердің тиімділігіне күмән келтірді.
Ал Қырымдағы әскери әуежайдың жойылуы тіпті Ресейдің қаруына деген сенімді жойды. Әлем елдері мен әскери сарапшылар Қарабақ соғысының өзінде Армения қолындағы Ресей қаруының Әзербайжан әскеріне қарсы қауқар таныта алмауынан секемденген болатын. Ол секемді, ол күдікті, күмәнді Украина соғысы еселей түсті.
Ресей билігі Қырымдағы әуежай қауіпсіздік ережелерін сақтамағаннан болды дейді. Бұл неткен ебедейсіз әскер, неткен қауіпсіздік ережесін ұмытатын сарбаздар?! Мәскеу айтқандай, әуежайда өрт болып, оқдәрілер жарылса, неге оны жылдам ауыздықтамаған. Әскери әуежайда өрт сөндіру құрылғылары болмаған ба? Әрине болған. Өрт болса тез өшіріп үлгерер еді, сондықтан бұл өрт емес, зымыран соққысына көбірек ұқсайды.
Жергілікті тұрғындар бірден 12 дүмпуді естігенін айтады. 12 дүмпу, бәлки, ол 12 зымыран болар... Сарапшылар Ресейдің ресми мәлімдемесін есепке алудың қажеті шамалы деседі. Әлемнің тісқаққан әскери майталмандары екі нұсқаны қарастыруда. Бірі диверсия, бірі зымыран соққысы. Қырымды Ресей Украинаға шабуыл жасаудағы басты плацдармның біріне айналдырды, сондықтан өте жоғары деңгейде қорғалатын нысанға диверсанттардың кіруі қиын, кірген күннің өзінде жойқын жарылыс жасау мүмкіндігі аз. Сондықтан ол нұсқаны сызып тастауға болады дейді.
Жалғыз нұсқа қалады. Ол зымыранмен соққы жасау. Алайда қандай зымыран қолданылуы мүмкін? Батыс 300 шақырымға жететін зымырандарды бергенін ресми хабарлаған емес. Жағажай күзетін нығайту мақсатында «Гарпун» зымырандарын берді. Міне, осы зымыранның «Гарпун блок ІІ» атты түрін қолдану мүмкіндігі барын айтады. Тағы бір нұсқа ретінде Украинаның төл өнімі саналатын «Сапсан», «Гром» немесе «Ольха» зымыран кешендері іске кірісуі мүмкін деген болжам бар. Бұл зымыран кешендері жасалып жатыр деген ақпарат 2016 жылы шықты, әскери шеруде де көрсетілді. Олардың нысананы жою қашықтығы 200-500 шақырым деген ақпарат бар. Алайда полигонда не ұрыс жағдайында сыналған видеосы, фотосы жарияланған емес. Сондықтан бұл зымыран кешендері қаншалықты қуатты әрі тиімді, олардың саны қанша деген сұрақтардың басы ашық тұр.
Не болса да Қырымдағы ірі әскери әуежайдың көзі жойылды. Әуежайды жөндеуге бір жылға жуық уақыт кетеді, ал ондағы 9 ұшақ пен тікұшақ толық жарамсыз күйге түсті. Осы арқылы Украина өзінің әскери операция өткізу аясының әлдеқайда кең екенін көрсетті. «Қырымға бір оқ түссе, Киевте ақырзаман болады» деген Медведевтің сөзінен еш сескенбейтінін нақты дәлелдеді. Әлем елдері болса, Ресейдің қорғаныс жүйесіне деген сенімді толық сарқылған сияқты. Бір дүние анық: Ресей қаруын сатып алушылар саны азаяды. Еселеп азаяды...
Асхат ҚАСЕНҒАЛИ,
“Адырна” ұлттық порталы