Смайылов: Халықтан қашып, ескі сүрлеуден шыға алмай жүргендер бар

4631
Adyrna.kz Telegram

"Кездесудің жаңа форматына бейімделмей, ескі сүрлеуден шыға алмай отырғандар бар". Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында айтты, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.

Премьер-Министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша министрлер мен әкімдердің халықпен кездесулері жаңа форматқа сәйкес «жүзбе-жүз, ашық тілдесу» түрінде өткізілетінін атап өтті.

«Халықпен кездесуден соң барлық деңгейдегі әкімдер проблемалық мәселелерді жүйелейді, ал оларды қаржыландыру мүмкіндіктері мәслихат сессияларында қаралады», — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, кейбір өңірлерде кездесудің жаңа форматына бейімделмей, ескі сүрлеуден шыға алмай отырғандар да бар. Алайда, бұған қарамастан, мұндай шараларға еркін кіру принципі сақталуы керек.

«Мемлекет басшысы “халық үніне құлақ асатын мемлекет” принципінің маңыздылығын атап көрсетті. Біз халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, олардың сын-пікірлерін де тыңдай білуіміз керек. Адамдарды күнделікті болып жатқан қарапайым мәселелер алаңдатады. Тек осындай кездесулердің қорытындысы бойынша ғана халықтың тарапынан 30 мыңға жуық мәселе мен ұсыныс көтерілді. Бұлардың бірде-біреуі қараусыз қалмауы тиіс. Адамдар өздері көтерген мәселелердің нақты шешімін тауып жатқанын көруі керек», — деді Премьер-Министр.

Министрлер мен әкімдерге халықпен кездесулердің нәтижелілігін арттыру тапсырылды. Мұнда проблемалық мәселелердің жедел шешілуіне басымдық беріп, нысаналы топтармен тұрақты кездесулер өткізіп отыру керек. Сондай-ақ Үкімет басшысы министрлер мен әкімдердің халықпен кездесуін бағалау критерийлерін әзірлеуді тапсырды, олардың нәтижелері Үкіметте үнемі қаралып отыратын болады.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер