Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Депутаты Кузиев Закиржан Экология, геология және табиғи ресурстар министріне депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Айтуынша, Алматы облысы мен жеке бөлініп шыққан Жетісу облысының таулы, орманды аудандардың халқымен кездесуде жер мәселесі жиі қозғалған.
«Құрметті Серікқали Аманғалиұлы! Менің депутаттық сауалым – мемлекеттік орман қоры жерлерін жекелеген адамдардың аң шаруашылығы үшін пайдалануы жайында.
Аз ғана топтың жалпы халыққа арналған, оның ішінде ең жақсы жерлерді иемденіп алғаны бізді қатты ойландырады. Бұл «Басқа жердің гүлінен, туған жердің тікенін артық» көретін халықтың көп жылдардан бері жанына батып келеді. Тіпті, орманшылар арасында «Зона покоя» деп аталатын аймақтарға қол салып, аңдарды жаппай жою әдетке айналған.Алматы облысындағы Райымбек, Кеген, Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандарында орманды жерлерді аң шаруашылығы үшін барлығын таратып беруден мемлекет не ұтты? деген заңды сұрақ шығады. Түсінікті болу үшін мына мысалддарды келтірейін. Кеген ауданында мемлекеттік орман қорынан 415 мың гектар жер 12 адамға тиесілі болса, Райымбек ауданында 523 мың гектар жерді небары 11 адам аң шаруашылығы үшін қоршап алған. Ал Ұйғыр ауданында жағдай тіпті қиын. Жергілікті әкімдік мәліметінше мемлекеттік орман қоры мен мемлекеттік жерден 415 мың гектар жерді бар-жоғы аң шаруашылығын жүргіземіз деген мақсатта 6 адам бөліп алған. Бұл аудандағы орманды жерлердің 97 пайызын құрайды.
Сонда тек қана осы үш ауданда бір жарым миллион гектар жер бар-жоғы 30 адамның ғана қолында.
2000 жылдарға дейін жайлаудағы орман шаруашылығы Лесхоздарға қараса, жерін халық шабындық пен мал бағуға қолданатын.
Қазір халық малды ауылдағы қорасында қамап ұстап, санитарлық-ветеринарлық талаптарды бұзуға мәжбүр. Себебі жайлаудың «қожайындары» соңғы 15-20 жылда малды ол жерге кіргізбейді.
Бұл мәселе туралы аудан халқы облыс әкіміне, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне хат жазудан шаршаған.Аталған аң шаруашылықтарының иелері Алматы, Нұр-Султан, Талдықорған сияқты ірі қалаларда тұрады. Ал, ауыл халқының мал жайып, шөп шабатын жерлеріне аң аулап, саят құру үшін анда-санда келеді. Бұл елдің ашуын тудырып, әлеуметтік теңсіздікке соқтырады. Осы жерлерге қатысты жедел шешім шығаруды сұраймын»,– деді ол.