Қазақтар қанша жасайды?

2667
Adyrna.kz Telegram

Бірінші байлық – денсаулық. Бұл халқымыздың аузынан ең көп естілетін сөз. Бірақ, көлеңкеде қалып бара жатқан бір мәселе қазақ халқының ұзақ жасаушы халық екені. Осыған зер салып, зерттеп нәтижесінен бір тұжырым жасау кешеуілдеп жатыр. Жастарды қайдам, жасы үлкендер ең ұзақ өмір сүретін халық грузиндер, себебі, олар табиғаты мықты, курортты жерлерде өмір сүреді дегенді есітіп келді. Басқа тілектер қатарында «Грузиндердің ұзақ ғұмырын тілейміз» деген сөздер той-томалақта жиі айтылатын.

Бірақ қазақта көп айтылатын «Жамбылдың жасын берсін» деген тілектің барын да ұмытпаған жөн. Жалпы, қазақ көл-көсір байлығын шашып-төгіп жүретін, басқаларға барын беріп өзін ұмытып кетуге даяр тұратын ақкөңіл халық қой. Қазақ неге бұндай? Бұның себебі, қазақтың адами болмысында, қазіргі көп қолданылып жүрген сөзбен айтқанда менталитетінде. Болмыстың негізі денсаулық. Ғасырлар бойы кең далада өмір сүрген халықтың болмысы осы даланың кеңдігінен пайда болған. Қазақтың кең ойлауы, кейбір жағдайға болмайтын нәрсе деп қарауы да осы кеңдігінен. Қандай бір қиыншылықтарда «Бұдан жаман күнімізде де тойға барғанбыз» деген ұстанымға беріктігі қазақ жанының кеңдігі. Жаны кең адам анау-мынау нәрсені уайымдай бермейді. Уайымы аз адамның жүйкесі де жұқара қоймайды. Сары уайымның не екенін білмеген адамның дені сау, дейді ақсақалдар. Қазақтар шынында да ұзақ өмір сүруші халық. Мына сөздердің шығуы да сондықтан:

Отыз – өз шағы,

Қырық – ер шағы,

Елу  – бел шағы,

Алпыс – дер шағы,

Жетпіс   - мәз шағы,

Сексен – шер шағы,

Тоқсан – жер шағы,

Жүз – көр шағы.

Қазір аракідік болса да Тоқсанбай, Сексенбай, Жетпісбай деген есімдер әкелері сол жаста болғандықтан берілген есімдер деген сөз айтылып қалады. Бұл шындыққа қаншама жанасатыны белгісіз. Бірақ, халқымыздың тұрмыс-салтын зерттеуші ғалым Халел Арғынбаев өзінің «Қазақ халқындағы семья мен неке» кітабында мынадай бір болған оқиғаны келтірген: «...өткен ғасырдың орта кезінде адай руының 1800 жылқы бітіп, жасынан серілігі мен ерлігі қалмай жүрген шалы Қожаназар беріш руының бір үлкен тойына жүзіктің көзінен өткендей әдемі айғыр мініп барып, қыз-бозбала жиналған үйдің жабдығын ат үстінен ашса, 25-ке келгенше күйеу таңдап жүрген сұлу қызға көзі түсіп, қайткен күнде де оны әйел үстіне алмақ болады. Қыз туыстарына сөз салса, олар «сексенге келген шал екен 80 қара көк байталды бірден матап бере алса алсын», - депті. Қожаназар бар жылқысын жинап жіберіп 100 қара көк байталды (10 байтал күйеу отына, 10 байтал үйге кіреріне) бірден айдатып қызды алыпты».

Жазушы Лев Толстойдың жақын досы, Харьков университетінің профессоры, биолог Аркадий Иванович Якоби қазақ халқын жақсы білген. Сол былай деп жазған: «Көшпелі өмір мен күшті тамақ, таза ауа қазақтарды кең сахарада кездесетін түрлі аурулардан сақтап қалып отырған. Олардың көпшілігі жүз жасайды. Жетпіске келіп ауырып өлетіндері кемде-кем». Бұл дерек Бейбіт Сапаралының «Адалбақан» кітабында келтірілген.

Бұны кездейсоқ деп айту қиын. Дегенмен, тағы бір мысал келтірейін. Жазушы Сәбит Мұқанұлының «Аққан жұлдыз»  кітабын жазбастан бұрын көптеген дерек жинағаны белгілі. Осы кітапта былай деп жазылған: «Шыңғыстың ордасына орныққан Жаманқұл мен Шәңкіге Балта руынан шыққан, бізге өткен тараулардан белгілі – Тұрсымбай батыр ғана қосылды. Жасы жүзден асқанмен, салт жүруден қалмаған ол, «Абылайдың ордасына шабуыл жасалып жатыр» деген хабарды естіді де, «хан ағам тұсында қырық жыл қорғаған қара шаңырақты талатып, үйде қалай отырам» деп, бір немересін ертіп атқа қонды».

Әдебиеттанушы Ханғали Сүйіншіәлиев «Қазақ әдебиетінің қалыптасу» атты кітабында былай деп жазады: «Қашағанды Мұрын жырау көрген. Ол: «Қашаған ірі денелі қара кісі еді... өлеңді суырып салып айтатын. Ойын-тойда сөз бастап, айтысқа түсуге құмартатын... Қашаған Адайдың түрікпендік елінен шыққан ақын. Мен Қашағанмен көп жолдас болдым. Ол 84 жасында, 1924 жылы өлді».

Мұхтар Әуезұлының өткен ғасырдың басында бір рет жарық көріп тыйым салынып, көп жылдардан соң 1975 жылы шығарылған «Қилы заман» кітабында: «Албанның тоқсанға, жүзге келген шалы болса да бұл елдің қыс күнінде жұтағанын, жаз күнінде індетке ұшырағанын білмеп еді» деген сөздер бар.

Келген соң сексен, саған амалым жоқ,

Ер ерттемей мойныма мініп алды.

Сексен асып, тоқсанға келгенімде,

Бүркіттей шеңгелімен бүріп алды.

Бұл өлеңді шығарған ақын Сүйінбай Аронұлы.

«Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» деген кітапта «Әкесі Сеңгірбай, ағасы Төлеген де темір ұстасы болған Мұрын жырау (шын аты Тілеген) Сеңгірбайұлы сексен екіге келгенде ғана ұсталығын қояды» деп жазылған.

Қазіргілерге жетпіске келген адам өте кәрі көрінері анық. Ал енді Ахмет Жұбанұлының «Ғасырлар пернесі» кітабынан үзінді оқыңыз: «Сахнаға иықты, ұзын бойлы, ер нұсқалас, басына үлкен жаулық тартқан әйел шықты. Жасы жетпіс алтыға жеткен, ұлғайған адам болса да, әйелдің жүрісі ширақ, бойы тіп-тік. Оң қолында ұзын сапты домбыра, үстінде кең, ұзын көйлек, иығына өңіріне зер төккен қызыл мақпал бешпет жамылыпты». Ғалымның атйп отырғаны атақты күйші Дина Нұрпейіскеліні.

Белгілі ақын Кенен Әзірбайұлы Бопина есімді келіншекпен айтысқанда былай деп жырлаған:

Келінжан «кен» деген сөз – Кенен деген,

Ағаштың ең мықтысы емен деген.

Жетпіске сыр бергем жоқ, сыр сұрасаң,

Сексенде де болмайды жүзім төмен.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні болатыны белгілі. Нақты айтқанда табиғаты таза иен далада өмір сүрген қазақтардың арасында ұзақ жасаушылар көп болған. Тарих солай дейді, ұзақ жасаған қазақтардың біразы мыналар: Әбілқайыр ханның жұбайы Бопай - 101 жас, Қазыбек би - 100 жас,

ақын Жамбыл Жабайұлы  ақын  - 99 жас, Шалкиіз жырау – 95 жас, Төле би – 93 жас, Дина Нұрпейіскеліні, күйші  - 94 жас, Кенен Әзірбайұлы, ақын  - 92 жас, Сырым Датұлы, батыр -  90 жас, Қасым Қайсенов, батыр, жазушы – 89 жас, Әмина Өмірзақова, актриса – 87 жас, Саққұлақ би  Мұса Шорманұлының асына барғанда 86 жаста екен, Жанақ Сағындықұлы, ақын -  86 жас, Әлшекей Бектібайұлы, күйші – 85 жас, Құнанбай Өскенбайұлы, ақын Абайдың әкесі – 82 жас, Әуелбек Қоңыратбайұлы, ғалым – 81 жас, Төлеген Момбекұлы, күйші – 79 жас, Зейнолла Қабдолов, сыншы -79 жас, Ықылас Дүкенұлы, қобызшы -73 жас, Қазанғап Тілепбергенұлы, ақын -73 жас, Мәмен Ералыұлы, күйші – 73 жас, Үмбетей, жырау - 72 жас, Кенжебек Күмісбекұлы, күйші -71 жас. Бұл деректер Нысанбек Төреқұлдың «Қазақтың жүз шешені», «Абай энциклопедиясы», Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері», Құсымен Игісіннің «Ұлы дала» т.б. әдебиеттерден алынды.

Жазушы Дүкенбай Досжанның анасы да 101 жыл жасаған. 1995 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Мұқағали» атты кітапты қараған оқырман ақынның анасы Нағиман Батанқызының: «Жасым тоқсанға таянғанда Мұқағали туралы естелік айтуды Құдайдан сұраппын ба мен?!» деген сөздерін оқыды. Мұқағали ақынның ұлы Жұлдыз «Аңыз адам» журналының тілшісіне: «Нағиман анамыз 95-ке келіп қайтыс болды» әжесінің ұзақ өмір кешкенін айтқан.

Жоғарыда аты аталғандардың біразы дәулетті болғанмен көбісі өте қиын өмір сүрген тұлғалар. Олар бүгінгідей газы бар, жарығы мен жылуы жеткізілген үйлерде тұрмаған. Сонымен ұзақ өмірдің сыры неде? Менімше қазақ халқы ғасырлар бойы ауасы таза дала табиғатына бейімделіп, ат пен түйеге мініп қыстау мен жайлауға көшіп жүріп шыныққан халық. Екінші себебі: бұрынғы кездегі қазақтар ешқандай қоспасыз ұлттық тағамдарды пайдаланған. Күнделікті ішетін сусындары сүт, айран, шалап, қымыз бен қымыран болған.

Қазір тіптен басқаша. Адамдар бұрынғыдай көп қимылдамайды. Жұмыстан соң теледидардың алдынан шықпайды. Балалар мен жасөспірімдер компьютерге байланып қалды. Бұрынғы кездегідей даладағы ойындар аз. Жамбы ату, бәйге, көкпар, қыз қуу сияқты ойындарды былай қойғанның өзінде асық ойнаған балаларды ауылда да көру қиын... Айта берсем себеп көп.

Сонымен ұзақ өмір сүру үшін не істеу керек? Қазақ табиғатынан ұзақ өмір сүруге бейім халық. Сондықтан ең бастысы ұлттық тағамдарды көбірек пайдалану керек. Және көп қимылдау керек. Дене шынықтыру жаттығуларын ұдайы жасаумен қатар атқа мінуді әдетке айналдырған жөн. Қалада тұратын жанұялар балаларын спорттық үйірмелерге бергені жөн. Тағы бір маңызды нәрсе не болса соған алаңдайтын уайымшыл болмау керек.


Бердалы ОСПАН,

"АДЫРНА" ұлттық порталы

Пікірлер