Өлтіріп алып, жала жауып отыр – әскерде қайтыс болған сарбаздың туыстары

5651
Adyrna.kz Telegram

Маңғыстау облысында әскерге кетіп, үйіне табытпен оралған сарбаздың денесі жер қойнына тапсырылды. Әскерилердің айтуынша, 19 жастағы Еділ Тешебаев отбасындағы тұрмыстық жағдайға төзе алмай, өзіне қол салған. Бұл мәлімдемені марқұмның туыстары жоққа шығарды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі «КТК»-ға сілтеме жасап.

«Үш адамға үш түрлі пікір айтылып отыр. Бірінші пышақтады деп айтады, артынша бәтеңкенің бауына асылып қалды дейді. Енді кеп анасына екі белдікті байлап асылып қалды дейді. Подполковник айтқан»,– деп түсіндірді сарбаздың анасы.

Жас жігіт жақындарынан үздіксіз ақша сұраумен болыпты.

«Біреуден бес мың сұраған екен. Ол ақшаның бәрін неғыла береді дедім. Сол кезде 5 мыңды атаңа нәлет деп салып жіберуім керек еді. Ойламадым ғой, мұндай болады деп, демек баламнан ақша сұраған. Ақша бермегеннен кейін ұрып өлтірген де. Басқа несі бар. Асылып қалды дейді, балам менің асылмаған. Көзім жетеді оған. Бұлар өлтіріп алып, содан кейін жала жауып отыр»,– деді марқұмның әкесі.

«Жала жабылды» дегенді Еділдің достары да айтады. Себебі, тоғыз айдан бері әскерде жүрген сарбаз өлер алдында үш бірдей хат жазып, өзіне қол салуына үйіндегі тұрмыстық тапшылық себеп болғанын айтқан. Бірақ марқұмның сыныптастары хаттардағы қолтаңба «Еділдікі емес» деп отыр.

«Әр хатта әртүрлі жазылған. Маған жазылған хатта басқаша жазылған, мамасына жазылған хатында жазуы мүлдем басқаша. Екеуін екі адам жазған. Оның жазуы сәл нашарлау еді. Тіпті дәптерге жазғанда алфавиттің арасында «ы», «і» деген әріпті жазбай тастап кететін. Ал бұл жерде «ы», «і» әріптер былай тұрсын, үтір-нүктеге дейін мәнерлеп жазылған»,– дейді Еділдің достары.

Қазір әскери тергеу басқармасы шекарашының өлімі бойынша қылмыстық іс қозғап, арнайы тексеруді бастады. Бірақ бұл туралы не қорғаныс министрлігі, не шекара қызметіндегілер ресми ақпарат берген жоқ. Ал бала күннен әскери болуды армандап, 19 жасында әскерден табытпен оралған Еділ Тешебаевтың денесі бүгін туған жері Сарыағашта жерленді.

Пікірлер