3 маусым күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 5 маусымда өтетін референдумға қатысты Қазақстан халқына үндеу жолдаған болатын. Үндеуге байланысты “Адырна” тілшісі қоғам қайраткері, экономист Жанұзақ Әкімнің пікірін білді.
Айтуынша, 30 жылда сенбеген билікке халық 30 күнде сене қоймайды. Алайда бұл референдум қоғамның дамуына бір қадам алға жылжу болып табылады.
“Азаматтардың жартысы қолдап, жартысы қолдамауы мүмкін. “Ондай жағдайда не болады?” деген сұрақ туындайды. Содан қоғамда түсініспестік, сенбеушілік, не дауыс бергеннің өзінде оны өзгертіп жібереді деген күдік болады. Сенім болу үшін әрбір учаскінің тұрғындары өздері топ құрып, тергеп, дауысты санауға қатысу керек. Оған құқықтары бар. Белсенді ретінде арнайы рұқсат қағаз беріп жатқан Алматыда қоғамдық ұйымдар да бар. Олар дауыстарды санап, тексеріп, түгел аяғына дейін жеткізу керек”,- деді ол.
Сонымен қатар, қоғам қайраткері қазақстандықтарды референдумда белсенділік танытуға шақырды.
“Президенттің үндеуін көрдік. Ол дұрыс. Үйде отырмау керек. Белсенділік таныту керек. Бұл елдің тағдырын шеттен біреу келіп немесе тек қана билік шеше алмайды. Билік 30 жыл бойы шешем деп, шеше алмай, авторитарлық билік болып кетті. Халық өз мүддесін өзі шешемін десе, өз мүддесін, мемлекеттің мүддесін, елдің, жердің, тілдің мүддесін шешем десе, қалай болғанда да белсенділік таныту керек. Барып, дауыс беру керек. Ол дауысты қолдайсың ба, қолдамайсың ба әрбір азаматтың өзі біледі. Бірақ, дауыс беру борышымыз! Егер сенімсіздік болмасын десек, біз әр учаскіні тексеруіміз керек.
Бұл референдум соңғы емес, алғашқы да емес. Әр мәселені осындай түпкілікті референдум арқылы шешіп отыруымыз керек. Яғни халықпен санасса, халықпен биліктің арасында сенім пайда болады. Біз өзіміздің заңды құқымызды түгелдей пайдалануымыз керек. Күресу керек. Қаңтардағыдай ғимараттарды өртеп, дүкендар тонау арқылы күресіп емес, өркениет жолымен күресуіміз керек”,- деп ойын қорытындылады Жанұзақ Әкім.
”Адырна” ұлттық порталы