Алдағы 20 жылда Тұран одағы туралы армандамай-ақ қойсақ болады – Амангелді Құрметұлы

5254
Adyrna.kz Telegram

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға сапары мен онда көтерілген мәселелер туралы «Сұрауы бар» Youtube арнасындағы подкастта талқыланған. Белгілі журналист, сарапшы Амангелді Құрметұлы көпшілік айтып жүрген Тұран Одағының ықтималдығы туралы пікір білдірген.

«Тұран одағы мәселесіне келсек, әзірге алдағы 20 жылда оның мүмкін емес екенін күллі Түркі мемлекеттері біледі. Өйткені түркі мемлекеттері ұйымының өз даму бағыты бар. Сонымен бірге екінші деңгейлі мемлекеттердің басшылары қандай да бір әскери одаққа ұйымдаса бастау тіке өзіне қатер төндіретінін біледі. Сондықтан Тоқаевтың Түркияға сапарында бұл туралы әңгіме болды дегенге сену қиын», - деді Амангелді Құрметұлы.

Ол сонымен қатар түркі халықтарының біріге алмай келе жатқаны тек бүгін емес екенін алға тартады.

«Сөздің ашығын айтатын болсақ, соңғы мың жылда түркі халықтары жұдырықтай жұмылып әрекет еткен емес. Оғыздар, оғыздардың ішінен селжұқтар бөлінді. Әрқайсы жеке-жеке. Қыпшақ тобы жеке империя. Бұрын бір қауым болған елдерден этностар бөліне бастаған кезде пассионарлық қуаты мықты тайпалардың әрқайсы өз мүддесін қорғады, әркім өз еркінше мемлекет құрды. Соның бірі Осман империясы, бірі Алтын орда», - дейді ол.

«Ал қазіргі жағдайға қарасақ соңғы 30 жылда ОДКБ-дан (Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы) басқа әскери одақтың құрылғанын көрдіңіз ба? Ұжымдық қауіпсіздік шарты деген – ТМД  кеңістігіндегі шынайылығынан гөрі деклоративтік сипаты басым ұйым. Ал біз Түркі бірлігіне көбіне милитаристік, әскери күш тұрғысынан қараймыз. Егер өзара ынтымақ-бірлікті нығайтқымыз келсе ең бірінші сауда-экономикалық, одан кейін мәдени-гуманитарлық одақ деңгейіне жету керек», - деп пікір білдірді маман.

Шығарылымның толық нұсқасын төмендегі сілтеме арқылы көре аласыз:

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер