«Тісінің бәрін қағып алған»: Түркістанда әйелін ұрып өлтірген ер адам қамауға алынды

3608
Adyrna.kz Telegram

Түркістан облысында өз әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен төрт баланың әкесі қамауға алынды. Бұл туралы КТК арнасы жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Қызғаншақ күйеу 38 жастағы жұбайын арақ ішуден бас тартқаны үшін төмпештеп тастаған.

Ауыр соққыдан көз жұмған Үкіләй Сартаеваның жақындары енді күйеу баласымен қоса, оның шешесін де жауапқа тартуды талап етіп отыр.

Марқұмның жақындары күйеу баласының жұдырық ала жүгіретінін бұрыннан біледі екен. Тіпті бірнеше мәрте ажыратып алмақ болыпты. Бірақ «балаларым үшін шыдаймын» деп, әйелдің өзі бас тартқан. «Соңғы рет үйіне ішіп келген отағасы екі шөлмек коньяк әкеліп, біреуін әйелінің аузына құйған, ал қарсыласқан кезде басынан бос бөтелкемен ұрды" дейді туыстары. Ең сорақысы, жанжал балаларының көзінше болған деседі.

"Қызымды сүйреп үйіне дейін әкелген. Бетінен ұрған, тісін сындырған. Шашынан жұлған. Шаштан шаш қалмаған. Тістің бәрін қағып алған. Ол аз деп, үстіне секіріп, қызымның қабырғасын сындырған. Жүрегі мен өкпесін жабыстырып жіберген. Сондай айуандықпен істеп отыр", - дейді марқұмның анасы Қаламқас Сартаева.

Марқұмның туыстары полиция 40 минуттан кейін келді деп өкпелі. Егер дер кезінде жеткенде төрт баланың анасын арашалап қалуға болар ма еді дейді. Ал тәртіп сақшылары бір баппен қылмыстық іс қозғап, күдіктінің қамауға алынғанын хабарлады.

«Күдікті қылмысын толық мойындап, өкінішін айтуда. Айғақ зат ретінде алынған заттарға қатысты сот сараптамасы тағайындалған. Күдікті профилактикалық есепте тұрмайды. Көрші және туыстарынан осы күнге дейінгі жанжалшу болғаны жайлы арыз-шағым осы күнге дейін түспеген»,– деп мәлімдеді Түркістан облысы ПД тергеу басқармасының тергеушісі Еділ Алтынбаев.

Қазір кәмелетке толмаған төрт бала әжесінің қолында. Анасынан айырылған екі ұл, екі қызға енді психологиялық көмек қажет. Балақайлар өз-өзіне келгенше білім бөлімі төртеуіне де онлайн режимде оқуға мүмкіндік беріпті. Ал «дер кезінде келмеді» деген полицейлерге қатысты тексеру жүргізілетін болды.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер