Тәуекелдің тілшісі

2067
Adyrna.kz Telegram
Аудандық газеттен – Арменияға!
Жер иiскемес етегi,
Жолға шықса – жетедi.
Iшкен асын қоя сап,
Iссапарға кетедi.
(Журналистiк фольклордан)
Оқуға түсу үшiн емтихан тапсырып жүрген кезiмiз. Түрлi-түрлi талапкерлер... Солардың iшiнде томпиып, бiр қолтоқпақтай ғана кiшкентай бала жүр. Бойы бар ғой, күндiз-түнi кiтап кемiрiп, сынаққа әзiрленiп, сереңдеп жүрген жiгiттердiң белiнен келедi. Әдепкiде оны абитуриенттердiң бiрiнiң iнiсi шығар деп ойладық. Жо-о-оқ, олай болмай шықты. Бұл бала бiреу-мiреуге iнi болғысы кеп тұрған адамға ұқсамайды. Өзi ширақ әрi шақар. Е-е, мектептi қатарластарынан ерте бiтiрген вундеркинд шығар... Бұл ойымыз да терiске шықты. Өз мезгiлiмен, өз жөнiмен жетiлiп келе жатқан бала көрiнедi. Алматыда туыпты. Шымкентте өсiптi. Содан шығар, бiзге қарағанда тектiлеу әрi ептiлеу көрiндi.
Оқуға түскен соң да оның бiрқатар артықшылықтарын байқай бастадық. Орысша бұлбұлдай сайрайды екен. Антикалық дәуiр әдебиетiнен сабақ беретiн Галина Морозова ол сөйлесе, мейiрленiп тыңдайды да отырады. Ол ол ма, курстасымыздың тұрқы шағын болғанымен, денесi шымыр екен. Өзiн баласынып, жұлқа көтерген еңгезердей жiгiттердiң бiреуiн лезде басынан асырып лақтырып жiбердi. Тiптi қандай тәсiл қолданғанын да аңғара алмай қалдық. Құрсын, пәледе немiз бар, сосын сақ жүретiн болдық. Қимылына көз iлеспейдi. Футболды керемет ойнайды екен. Университеттiң құрама командасына үнемi абырой әперетiн спортшы ретiнде танылды.
Өзiмiз қалаған мамандыққа бейiмдiлiгi де ешкiмнен кем емес. Студент кезiнен-ақ мақалалары үлкендi-кiшiлi газеттерде жариялана бастады. Өмiрден өз жолын тапқан кейiпкерiмiз Ғалымжан Мелдешов қатардағы тiлшiден Қазақ радиосының директорына дейiнгi жемiстi жолдан өттi.
Журфакты бiтiрген соң, «Лениншiл жасқа» қызметке қабылданды. Мұнда құлашын кең жазып, көсiле алған жоқ. Өйткенi, төрт-бес айдан кейiн отбасылық жағдайына байланысты елге қайтуына тура келдi. Шымкент облысындағы Бөген аудандық «Коммунизм таңы» газетiнiң жауапты хатшысы болып бекiтiлдi. Жастар басылымының секретариатында шыңдалған жас журналист бұл жұмысты үйiрiп әкеттi. Әрине, «Лениншiл жастан» кейiн аудандық басылымға келу кемеден түсiп, қайыққа мiнгенмен бiрдей. Бiрақ арқалы ақын, жүйрiк журналист Нармахан Бегалиев өзi басқаратын ақпарат құралында шығармашылық ахуал қалыптастырған екен. Бүгiнге дейiн сол «Ордабасы оттарының» тiзгiнiн ұстап отырған Нар-ағаң бұған көп нәрсе үйреттi. Жас әрiптесi оған да ұнады. Қай iске де бейiм, тынымсыз Ғалымжан көп ұзамай редактордың орынбасары болып тағайындалды.
1988 жылғы 7 желтоқсанда Арменияда алапат жер сiлкiнiсi болғаны баршаға мәлiм. Спитак, Ленинакан, Кировакан қалалары түгелге жуық қирап қалды. Одақтық телевидение мен радио дүркiн-дүркiн хабар берiп жатты. Ғалымжан бас редакторына кiрiп, оқиға орнына барып, репортаж беру үшiн рұқсат сұрады. Сол баяғы «Лениншiл жастың» дәстүрi. Редакторы не десiн?! Сонау Армениядағы ауыр ахуалды егжей-тегжейлi жазу аудандық газеттiң мiндетiне мүлде кiрмейдi. ТАСС пен КазТАГ-тың материалдары негiзiнде шағын ақпарат берiп отырса да жеткiлiктi. Оның үстiне, бұл – қауiптi сапар. Қираған ғимараттардың арасында жүрiп, мәлiмет жинау оңай емес. Қазiргiдей ұялы телефонның елесi де жоқ заман. Сапарға кеткен тiлшiңнiң қайда барып, қайда қонып жүргенiн бiр құдайдың өзi бiледi. Жер сiлкiнiсi қайталануы да мүмкiн. Ал жiбермейiн десе, бұл бала жұлқынып тұр. Көзi жарқ-жұрқ етедi. Мына iргедегi «Ақдалаға» барып келетiн адамдай сақадай-сай дайын отыр. Ертең жүрегiнде жылтылдаған отын өшiрiп алып жүрмеймiз бе?
Редактор тәуекелге бел байлады. «Мен қарсы емеспiн, айналайын. Тек әке-шешең бұған қалай қарайды?». «Мен өз жолыммен жүрiп үйренгем, аға». «Ә, онда бара ғой, құжаттарыңды әзiрле». Содан Арыс қаласынан пойызға мiнiп, Мәскеуге тартты. Төте жол жоқ. Одан әрi Ереванға жеткiзетiн «Дружба» пойызына отырды. Зiлзалаға ұшыраған қалалардың бәрi де жол бойында орналасқан екен. Қирап жатыр. Жұрт шыбынша қырылған. Әсем ғимараттар үйiндiге айналған. Алапат апатты көзiмен көрген аудан басшысының шашы бiр түнде ағарып кетiптi. Австриядан, Германиядан жедел жеткен құтқарушылар жермен-жексен болған үйлердiң астында қалғандарды аршып алып жатты. Пойыз үш күндiк жолды бес жарым тәулiк жүрдi. Өйткенi жаңағы қалалардың әрқайсысында төрт-бес сағаттан аялдайды. Сол сәтте бұл жұртпен сөйлеседi. Жол үстiнде журналистердi көп ұшырастыра қойған жоқ. Жалпы, сол жолы Арменияға Ғалымжаннан басқа қазақ тiлiнде жазатын бiр ғана журналист барды. Ол – «Социалистiк Қазақстан» газетiнiң қызметкерi Қайнар Олжай. Бiрақ екеуi сапар барысында бiр-бiрiне жолыға алмады.
Ғалымжан сол жолы Ереванда, Армения комсомолы Орталық Комитетiнiң зiлзалаға байланысты өткiзiп жатқан мәжiлiсiне тап болады. Төрт-бес журналиспен бiрге жиынға бұл да қатысады. «Мынау неғып жүрген адам?» дегендей бәрi қоңырқай жүздi қазақ жiгiтiне назар аударыпты. «Мен сiздердiң ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, көңiл айту үшiн, бастарыңызға түскен ахуал жөнiнде өз халқыма баяндап беру үшiн келдiм», – деген жер түбiндегi аудандық газеттiң тiлшiсiне армяндар қатты риза болыпты. Бүкiл Кеңес Одағы бойынша арнайы келген жалғыз аудандық газеттiң өкiлi болса, қуанбағанда қайтедi?!
Ғалымжан Арменияда сегiз күн болды. Үй-күйiнен, ағайын-туысынан айрылған армяндар қақаған қыста далада жатты. Солар көрген бейнеттi журналист те бiрге көрдi. Вокзалда түнедi, желдiң өтiнде жүрдi. Жергiлiктi газеттiң фототiлшiсiмен танысып алған-ды. Сол жiгiт бiр жолыққанда құшақ-құшақ сурет бердi. Мұнда жер сiлкiнiсiнен бергi ахуалдың бәрi көрсетiлген екен. Осының бәрiн Ғалымжан тиiмдi пайдаланды. Алдымен өзi қызмет iстеген «Лениншiл жасқа» арнайы репортаж жолдады. Сол жолы өз өкiлiн жiберуге мүмкiндiгi болмаған жастар басылымы бұрынғы тiлшiсiнiң мақалаларын қуана-қуана басады. Аудан орталығы – Темiрланға қайтып оралғаннан кейiн өз газетiне жүректердi жаралаған зiлзала туралы мақалалар сериясын жариялады. Аудандық газеттiң рейтингi күрт артты. Бәлкiм, соның әсерi шығар, Шымкент облыстық «Оңтүстiк Қазақстан» газетi мұны қызметке шақырды. Бiр жыл өтер-өтпесте «Лениншiл жастағы» тiлеулестерi қайыра қолқа салды. Сөйтiп, Армениядағы зiлзала жөнiндегi репортаждарының арқасында кеңiрек танылып, өз үйiрiн қайта тапты.
Сабазды қорғаған сарбаз
Тәуекелге бекiнген,
Тоқтатпауды өтiнген.
Зiлзалада шыңдалып,
Бiр салада жетiлген.
(Журналистiк фольклордан)
«Лениншiл жаста» үш бас редактордың тұсында қызмет iстедi. Уәлихан Қалижан еркiндiкке баулыды, Нұртөре Жүсiп шығармашылығын жаныды, Төрехан Данияров нарыққа бейiмдедi. Газеттiң бүкiл бөлiмiнде қызмет iстедi. Ауыл шаруашылығы, экономика, саясат, құқық, спорт бөлiмдерiнiң меңгерушiсi болды. Жариялылықтың лебi есiп, елiмiз егемендiкке ұмтылып, комсомол жаңа үлгiдегi Жастар одағына, «Лениншiл жас» «Жас алашқа» айналды. Байқоңырдан алғашқы ғарышкердiң ұшқанына орай құпия ғарышайлақ журналистерге қақпасын ашқан кезде, Ғалымжан сол топқа iлестi.
Мүмкiндiгi мол, беделi биiк «Жас алаштың» тiлшiсi ретiнде қиянат көрген талай адамның тағдырына араша түстi. Соның бiрi – заңгер Сабаз Нұраханов. Ол Жамбыл облысындағы Қаратау қалалық iшкi iстер бөлiмiнiң бастығы қызметiнен шеттетiлген соң, әдiлдiк iздеп, өзiнiң министрлiгiне шағынады. Прокуратура органдарына жүгiнедi. Парламентке, Жоғарғы Кеңеске сауын айтады. Ақыры, ешқайсысы жедел қозғала қоймаған соң, салып ұрып, «Жас алаштың» редакциясына келедi. Уәлихан Қалижан iстiң анық-қанығын айқындауды Ғалымжан Мелдешовке тапсырады. Ол алдымен Жамбыл облысына iссапарға барып, жарты ай бойы журналистiк зерттеу жүргiзедi. Өңiрдегi iшкi iстер және прокуратура органдары қызметкерлерiмен сөйлеседi. Сабаз Нұрахановпен бiрге жұмыс iстеген адамдардың әңгiмесiне құлақ қояды. Iлгерiде кейiпкерi қызмет атқарған Шу және Луговой аудандарына барады. Осының бәрiн саралай келiп, Сабаз Нұраханов турашылдығынан тауып, нақақтан күйiп отыр деген қорытынды жасайды. Бiрақ заңның қалтарыс-бұлтарыстарын жетiк бiлетiн iшкi iстер қызметiнiң басшыларымен тайталасқа түсу үшiн бұл қорытынды жеткiлiксiз едi. Содан жатпай-тұрмай, заңнама мен ережелердiң бәрiн сүзiп шықты. Күн сайын бiлiктi мамандардан кеңес алды. Кейiпкерiнiң басында болған жағдайдың әр сәтiн ой елегiнен өткiздi. Кәнiгi қорғаушы секiлдi кiтап ақтарып, он ойланып, тоғыз толғанды. Диктофонға жазып алған әңгiмелерiн жүз қайтара тыңдаған шығар. Салыстырады, талдайды, түйiндейдi. Қайшылық пен сәйкессiздiк байқалып тұрған тұстарға қайта үңiледi. Назар аударарлық әрбiр фактiнi мұқият тексередi. Ақыры, «Жас алаштың» екi бетiн жайлаған «Қудалау» деген мақаласы басылды. Сол мақаланың дүмпуi күштi болды. Осы уақытқа дейiн әрi-сәрi болып келген мәселенiң бәрi қайтадан қозғалды.
Таразда бүкiл облысты дүрлiктiрген сот мәжiлiсi өттi. Ғалымжан сол сотқа арнайы барып қатысты. Сабаз Нұраханов сот жиыны басталар алдында залда мақаланың авторы қатысып отырғанын, оған сауал қоюға болатынын ескерттi. Алайда тас түйiн дайындалған тегеурiндi тiлшiге сұрақ беруге ешкiм бата алмады. Өйткенi, «Қудалаудың» авторының газеттегi дәлел-дәйектерi кәнiгi заңгердiң тұжырымындай боп шыққан едi.
Сот Сабаз Нұрахановтың iс-әрекетiн толық ақтады. Оның жұмыссыз қалған уақытындағы бүкiл шығыны өтелетiн болды. Ал өзi бұрынғы қызметiне қайтып оралды. Тек Қаратауға бармады демесек, Жаңатас қалалық iшкi iстер бөлiмiнiң бастығы болып тағайындалды. «Жас алаштың» шарапатын көрген Сабаз аға мұнымен де тоқтамады. Кейiн Жамбыл қалалық iшкi iстер бөлiмiнiң бастығы, облыстық iшкi iстер басқармасы бастығының орынбасары қызметiн атқарды. Қазiр демалыста. Алматы қаласында тұрады. Осылайша сақшы Сабаздың тағдыры тартысқа түскен кезде журналистер армиясының бiр сарбазы қорған болды. Себебi, оның да артында сүйеу болар қамалы бар-ды. Ол – жасындай жарқылдаған «Жас алаш» едi. Журналист пен кейiпкер бертінге дейiн бiр-бiрiмен үзбей хабар алысып тұрды.
Табиғатынан тәуекелшiл екенiн айттық. Жас күнiнен экстремалды журналистикаға бейiмделдi. Бiр қызықты дерек құлағына шалынса, қол қусырып отыра алмайды. Аяқ астынан сапарға шығып кете бередi. Бiрде «Жас алаштағы» жұмыс бөлмесiнде отырғанда, телефон шылдырады. Тұтқаны көтерсе, қазақ қызы сонау Финляндиядан үн қатып тұр. Композиторлар одағымен шатастырыпты. Музыкаға әуестiгi бар екен. Телефон шалған жерi қазақ басылымы екенiн естiгенде, есi кете қуанады. Ленинградта оқып жүргенде, фин жiгiтiне тұрмысқа шығыпты. Хамина деген қалада тұрады. Жағдайы жақсы, мүмкiндiгi мол. Тек ел мен жердi әбден сағынған. Сол қыз ақыры бiздiң кейiпкерiмiздi Финляндияға қонаққа шақырады. Мұндай сапардан бас тартса, Ғалымжан бола ма?! Хельсинки қайдасың деп тартып отырады. Жоқ, тоқтай тұрыңыз, ол кезде бiрден тартып тұру оңай емес едi. Мәскеудегi елшiлiкке басың байлаулы. Мазаңды май iшкендей қылатын виза мәселесiн мың болғыр әлгi Шолпанның өзi реттеп бередi. Тiптi бару-қайту жолыңды да өзiм төлеймiн деген екен, Оңтүстiктiң өр мiнездi жiгiтi бұған көнбептi. Қаржы-қаражатын өзi тапты. Оның бiраз бөлiгiн редакция мойнына алды. Машақаты көп екен деп бармай-ақ қоюға болар едi. Бiрақ айтылған сөз – атылған оқ! Сөйтiп, бiр қараса... Финляндияда жүр.
Бiр кездегi алматылық ару Шолпан Хэйнонен күйлi тұратын көрiнедi. Арнайы келген журналист iнiсiн жiк-жапар боп күтедi. «Қонақ үйге жiберсем, қазақтығым қайсы?» – деп, кең пәтерiнен бiр бөлме дайындап қойыпты. Ғалымжанның фин жездесi Сеппо әпшесiнен өткен ақкөңiл екен. Үй iшiнде қос перзентi – Ари мен Линда құлдыраңдап ойнап жүр. Журналист осылайша тағдыр айдап, жатқа кеткен қазақ қызының тұрмысымен танысып қайтты. Тек сол тақырыпты ғана қаузамай, фин елiнiң тыныс-тiршiлiгi туралы ауқымды мақала жазды.
Журналистiң бәрi бiрдей осындай тәуекелге бара алар ма едi? Қайдам...
Газет iшiндегi газет
Тебiсе де бiледi,
Келiсе де бiледi.
«Жас алашта» жадырап,
«Түркiстанда» түледi!
(Журналистiк фольклордан)
«Жас алаштағы» жиған-тергенi кейiнгi қызметтерiнде де кәдеге асты. Бай тарихы, берiк дәстүрi бар басылымда күн сайын жаңа идеялар жаңғырып жататын. Нұртөре Жүсiп бас редактор боп жүргенде, 1 сәуiр – күлкi күнiне арнап материалдар топтамасын әзiрлегенi есiнде. Алғашқы бетке газет тiлшiсi Берiк Бейсенұлының скафандр киген суретi жарияланды. Ғарышқа тұңғыш қазақ журналисi ұшыпты! Түр-тұлғасы, әсiресе көзi мен мұрты Талғат Мұсабаевқа ұқсайтын Берiк екi орыс ғарышкердiң ортасында жымыңдап отыр. Сенбесiңе қоймайды. Оны айтасың, «Жас алаштың» су жаңа «ғарышкерiнiң» суретiнiң қасында оның мақаласы қоса берiлген. Бас редактордың өзi жазған «Ғарыштан хат» жаныңды егiлтедi. Берiк бұл сапарға көп жыл дайындалыпты. Жұртқа жариялауға ертерек болған соң аспанды аңсаған бала ешкiмге ештеңе дей алмапты-мыс. Тiптi туған-туыстар да бiлмей қалған. Ендi ғарышта жүр... Ал, керек болса! Бұл жобаны ұсынғандардың бiрi осы Ғалымжан едi.
Күлкi күнгi мақалалар топтамасына оның өзi де кейiпкер болды. Ғалымжан Мелдешов «Жас алаштың» Америка Құрама Штаттарындағы тiлшiсi болып тағайындалыпты! Ол Ақ үйдiң алдында шiренiп тұр. Ар жағында бейнеленген сол кездегi ел басшысы Билл Клинтон әнтек жымияды. Көзi қарақты адам мұның сәуiрдiң тәуiр сықағы екенiн бiрден бiле қояр едi. Ал ауылдың аңғал жұртын қайтерсiң?! Ағайын-туыс бiр-бiрiнен сүйiншi сұраған, құрбы-құрдас жақсылап «жуып» жiберген. Қысқасы, нағыз күлкi күнi болып шыққан. Бүкiл жұрт жаппай күлген.
«Жас алашта» кейiн жауапты хатшы, бас менеджер болды. Басылымның безендiрiлуi мен жарнама тарту iсiнiң жолға қойылуына айтарлықтай үлес қосты. Шығармашылықтың қасиеттi құтханасында он жыл қызмет iстеген соң, халықаралық «Түркiстан» газетiне ауысты. Жауапты хатшы – бас редактордың орынбасары болып бекiтiлдi. Секретариаттың сан түрлi шаруасы тағы да алдынан шықты. Күн сайынғы газет пен апталықтың өзiндiк ерекшелiктерi бар. Алғашқысында жедел ақпарат көбiрек берiлсе, кейiнгiсiнде талдамалы дүниелерге мейлiнше ден қойылады. «Түркiстанға» келген соң сол талдаудың тәсiлдерiне бейiмделдi. Ақпараты аздау, тұздығы көптеу болатын үрдiске дағдыланды. Бiздiң кейiпкерiмiз бас редактордың орынбасары емес, өзi болсаң да, тiлшiден де, басқадан да үйренуге тиiссiң деген қағиданы ұстанады. Газет iшiндегi «Қоныс» атты жобаны жүзеге асыруға атсалысты. Көшi-қон тақырыбын жетiк бiлетiн жүйрiк журналист Есенгүл Кәпқызы осы қосымшаның жауапты редакторы болып бекiтiлдi. Бұрынғы басылымда да менеджерлiгiмен көзге түскен Ғалымжан «Қонысты» жүйелi шығару үшiн қаражат табумен айналысты. «Альянс банкпен» мәмiлеге келiп, келiсiмшартқа отырды. Соған орай қаражат бөлiнiп, сегiз бет газеттiң iшiнен тағы да сегiз беттi қамтитын қосымша жоба отау тiктi.
«Түркiстанның» «Қонысы» елге келген қандастардың мұң-мұқтажын бөлiсетiн, проблемаларын талқылайтын, немен шұғылданып жүргенiн баяндайтын, алдағы жоспарларын ортаға салатын рухани орталыққа айналды. Олардың күрмеуi көп мәселелерiне ғана емес, шығармашылығына да көңiл бөлiндi. Көркемсөзге таласы бар ағайынның өлең-жырлары, мақала-әңгiмелерi жарияланып тұрды. Кейін газеттiң бiрнеше қосымшасы ашылған болуы керек. Солардың алғашқысы алыстан жеткен бауырларымыздың жанына жылулық әкелген «Қоныс» едi. Үй-күйге қолы жетiңкiремей жүргендердiң ең болмаса, «Түркiстанның» бетiндегi «Қонысы» жайлы болсын деген ақжолтай ниеттен туған жоба өзiн-өзi ақтады. Газет iшiндегi жарияланған материалдар тиiстi мекемелердiң құлағына жетiп, көп нәрсеге қозғау салды. «Қонысты» құтты етуге қаламы қарымды Есенгүл екеуi көп еңбек сiңiрдi.
Ғалымжан газеттегi қосымшалардың жандануына үлес қосқанын елеулi жаңалық деп санамайды. Бұл – бiр кездегi «Жас алаштағы» тәжiрибенiң жалғасы ғана. Жастар басылымы тоқсаныншы жылдардың басында «Сергектiк», «Ырғақ», «Мыңнан бiр мезет», «Жiбек жолы» деген төрт қосымша шығарып, оқырманның ыстық ықыласына бөленген-дi. Әсiресе, жын-шайтан, дию-перi секiлдi ғаламның ғажап құбылыстары туралы жазатын «Мыңнан бiр мезеттiң» оқырманы көбiрек едi. Оның редакторы Әдiлбек Қаба: «Ешқашан да ел-жұртты мезi етпеген, Бiр газет бар «Мыңнан бiр мезет» деген. «Жас алашта» небәрi төрт қосымша, Шығарамыз төртеумiз кезекпенен», – деп, өз басылымының бағасын бiлiп, жылы жымиып отыратын. Сондай-ақ, Ғалымжан басқарған «Жiбек жолының» абырой-беделi де ешкiмнен кем болған жоқ. Бұл кезде бiр-бiрiне қырын қарайтын қос жүйенiң арасындағы шымылдық ысырылып, ой-санасы бұғаудан босаған жұртшылық игiлiк iздеп, екi жаққа кезек үңiле бастаған-ды. Осы тұрғыдан алғанда, газеттiң «Жiбек жолы» экономикалық қосымшасы оқырманды нарық заманына бейiмдедi. Сауда-саттықтың әлiппесiн үйреттi. Саланың жаңа заңдарына талдау жасады. Соның бәрiн апталық газеттегi қызметiнде пайдаға асырды. Кейiнiрек бас редактордың бiрiншi орынбасары болып тағайындалған Ғалымжан газеттiң экономика мәселелерiмен айналысты. Басылымның басшысы, ақылшы аға, әбжiл әрiптес, майталман маман Шәмшi Пәттеевпен бiрлесiп, «Түркiстанның» туын биiктете түстi.
Бiздiң кейiпкерiмiздiң «Эйр Қазақстан» авиакомпаниясымен келiссөздерiнiң арқасында «Түркiстан» шет мемлекеттерге қатынайтын ұшақтардың бортына қойылды. Сөйтiп, «Түркiстан» көкке көтерiлдi, мұхит асып, алыс жағалауларға жол тартты.
Үнiң кетпес құлақтан...
Ақпараттың жеделiн,
Тыңдамасын неге елiм?!
Радиосы қазақтың,
Биiктеттi беделiн!
(Журналистiк фольклордан)
Он жыл «Жас алашта», он жыл «Түркiстанда» шығармашылық шеберлiгiн шыңдаған Ғалымжан 2009 жылы Қазақ радиосының директоры болып тағайындалды. Баршаға белгiлi мәртебелi мекеме... Талай тұлғаларды танытқан киелi шаңырақ... Сол кездегi Мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед оған бiрқатар мiндет жүктедi. Дәстүр жалғастығын сақтап, танымал тұлғалардың тәжiрибесiн зерттеудi, алтын қорға қамқор болуды тапсырды.
Қазақ радиосына бұрыннан бөтендiгi жоқ едi. Университетте оқып жүрген кезiнде хабар жүргiзуге шақырылған-ды. Мамандар Ғалымжанның дауысын ұнатты. Өзiнен бiр курс жоғары оқитын Гүлшаһар Шериева екеуi жұптасып жаңалықтар топтамасын оқыды. Бағдарламаның режиссерi адуын мiнездi едi. Сәл қателессең, былапыт сөздi бұрқыратып шыға келедi. Жұртқа жөнсiз тиiседi. Әйнек қабырғаның ар жағында отырып, аузына не келсе, соны айтады. Бұл бiр күнi соған тойтарыс бердi. Ол да қитығып қалды. Жұмыстың берекесi кеттi. Содан «Көрмегенiм ендi радио болсын», – деп студиядан шығып жүре бердi.
Тегiнде, олай деп айтпаған жөн көрiнедi. Бұйырған нәрседен қашсаң да құтыла алмайсың. Ширек ғасырдан соң осы айтулы ақпарат мекемесiнiң басшысы болып қайта оралды. Келе сала дикторлық мектептi дамытуға күш салды. Алдағы бағдарламаның хабарын әуелетiп һәм әуендетiп жеткiзетiн джинглдердi орнықтыруға тырысты. Жұрттың жадында жатталған бiрнеше джингл бұрыннан бар едi. Ендi соның қатары көбейдi. Оны оқитын дауысы зор дикторларды iрiктедi. Белгiлi әншiлер – Қыдырәлi мен Қарақатты осы шаруаға жектi. Джингл – радионың қамшысы. Сәтiмен табылған джингл эфирдi жыңғыл қалаған ошақтай дүрiлдете жөнеледi. Бағдарламаның берiлу ретiн қайта қарастырды. Орналасу тәртiбiне өзгерiс енгiзiлдi. Тiкелей эфирдi жетiлдiруге ден қойылды. Себебi, радионың аудиториясы өте ауқымды. Оны ел күнi-түнi тыңдайды. Жол үстiнде кетiп бара жатқандар да көлiгiндегi радиоға құлақ тiгедi. Қазақ радиосы өз тыңдарманын жиырма төрт сағат бойы әлдилейдi. Сондықтан тiкелей эфирдiң ажарын ашатын түрлi шоу-бағдарламаларды көбейткеннiң артықтығы жоқ. «Алтын қордағы» үгiтiлудiң алдында тұрған лентаға жазылған мұра цифрлық форматқа көшiрiле бастады. Ән-күй мен музыкалық композицияларды iрiктейтiн көркемдiк кеңестiң жұмысы қайта қолға алынды.
Баяғы студент кезiнде өзi iлiнiсiп қалатын режиссер әлдеқашан қызметтен кетiптi. Қашанғы жүрсiн, ендi отыз жылға жуық өттi ғой. Сол оқиға сабақ болды ма, кiм бiлсiн, кейiпкерiмiз өзiн-өзi ұстамдылыққа тәрбиеледi. Қарамағындағы қызметкерлермен сыйласымды қарым-қатынас орнатуға тырысты.
Қазақ радиосы елiмiзде тұратын өзге ұлттардың тiлiнде солардың тыныс-тiршiлiгi туралы хабарлар бередi. Сол ұлттар мен ұлыстардың тарихы мен дәстүрiн қазақ болмысымен сабақтастыра баяндауға ден қойылды.
Тағы бір көтерген бiр бастамасы – Александр Бектiң «Арпалыс» («Волоколамское шоссе») повесiн радиосюжетке лайықтап оқытуы едi. Күнiге он бес минутқа лайықталған эфирдегi қойылым жұртқа керемет әсер еттi. Майталман дикторлар Аманжан Еңсебайұлы мен Виктор Татарский сұрапыл соғыстың суретiн елдiң көз алдына елестете алды. Екеуi де мәтiннiң iшкi табиғатын ұғып, жан-тәнiмен берiлiп оқиды. Тыңдарманның ықыласын аударды. Хат дегенiң ағылып келдi.
Қазақ радиосы дегенде, бiр кезде бүкiл елдi аялаған құдiреттi қоңыр дауысымен барша жұртқа танылған Әнуарбек Байжанбаев еске түседi. Ғалымжан сол аты аңызға айналған Әнекеңнiң шәкiрттерiне құрмет көрсетудi парыз санады. Бұл келгенде, радиода белгiлi диктор, Қазақстанның еңбек сiңiрген әртiсi Сауық Жақанова қызмет iстейдi екен. Қалың елдiң құлағында қалған жағымды дауыстың иесi араларында жүргенде, оның тәжiрибесiн жас буынға неге таратпасқа?! Талантты жас әрiптестерi де осындай идея ұсынды. Оларды бiрден қолдаған Ғалымжан Сауық Жақанованың шеберлiк класын ашты. Ол кiсi 20-30 адамға аптасына екi рет сабақ өткiзедi. Бүкiл өмiрiн радио мен телевизияға арнап келе жатқан ардақты апайымыздың айтары мол екен. Жиналғандарға тiкелей эфирдегi дауысты реттеп отыру, тыныс алу, пауза жасау, екпiн түсiру, дыбыс үндестiгiн ескеру секiлдi талаптарды қалай орындау керектiгiн ерiнбей-жалықпай үйреттi. Ғалымжанның тұсында осындай он сегiз сағат сабақ өткiзiлдi. Бiр ғажабы, өз iсiне әбден берiлген Сауық апай бүкiл дәрiстi тегiн жүргiздi.
Қазақ радиосында ойға алған жоспарлары көп едi. Келешекте шетелдердегi секiлдi эфирдiң бейнелiк нұсқасын жасағысы келген. Өткiр тақырыптарға арналған бейнеконференцияларды да жобалап едi. Соның бәрi кейiнгi әрiптестерiнiң үлесiне тидi. Үш жылдан соң мемлекеттiк қызметке ауысты. Бiлiм және ғылым министрiнiң кеңесшiсi болды. Өзiнiң мамандығына сай, бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыстың барысын қадағалады. Бұдан соң Маңғыстау облысындағы баспалық ақпарат құралдарының басын бiрiктiрген құрылымның басшылығына қызметке шақырылды. Тарихы терең түбектi өңiр оған қатты ұнады. Ғажайып дала, ғаламат мұра, ғибратты жұрт кейiпкерiмiздi керемет әсерге бөледi. Қолмен кертiп қашағандай бедерлi тау-тасы мен бел-белесi, ежелден жеткен ескерткiштерi Ғалымжанды бұл аймаққа ынтық еттi. Сөйлеп кетсе, кез келген зиялыны жолда қалдыратын ақсақалдармен сағынып көрiсетiн болды. Соларға сүйсiнiп, «Бұл не деген ел едi, Бұл не деген жер едi. Елiн, жерiн көргенде, Адай болғың келедi», – деп қолы қалт еткенде аспан астындағы мұражайды аралады да жүрдi.
«Маңғыстау медианың» басшысы мұнда да көп iс тындырды. Аудандар мен қалалардағы басылымдардың компьютер орталығын бiр жерге шоғырландырды. «Шерқала» деп аталатын көркем безендiрiлген журнал шығарды. Жас буынды шеберлiкке баулыды. Талғамы биiк журналистердi жұмысқа тартты.
Кейін Мәдениет және спорт министрiнiң кеңесшiсi болып қызмет iстедi. Журналистен кеңесшi таңдаған басшылардың жұмысы жемiссiз болған ба?! Бертінде Тіл комитетінің төрағалығына тағайындалып, бұл саланың да түтінінің түзу ұшуына үлес қосты. Жалпы, кейiпкерiмiз қай iсте де бұқаралық ақпарат құралдарындағы бай тәжiрибесiне сүйенедi. Әсiресе, өзi үш жыл басқарған Қазақ радиосының қоңыр үнi үнемi құлағында тұрады да қояды...
Бүгін – бір кездегі бесінші жатақхананың тұрғыны, бүгінгі белгілі журналист Ғалымжан Мелдешовтің туған күні. Аман жүр, Ғалеке! Қағазың жайлы, қаламың сайлы болсын!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
Пікірлер