Украинаға Ресей басып кіргелі екінші айға жақындады. Киевке Батыстық тарап барынша қолдау білдіруде. Қаржылай және қару түріндегі қолдаудың деңгейі артты. Әсіресе Донбасс үшін болатын ақтық шайқасқа арнап жаңа қару түрлері келуде. Ендеше бүгінде Украина соғысы десе, еске түсетін қаруларға бір шолу жасасақ.
NLAW - Ұлыбритания Украинаға жеткізіп жатқан танкке қарсы жүйе. Шведтер өндіретін бұл зымыранның басым бөлігі Ұлыбританияда. Швецияның Saab Bofors Dynamics компаниясы бастапқыда ойлап тапқан бұл қару, кейін Ұлыбританияда жаппай өндіріске енді. Салмағы 12,5 келіні құрайтын және атыс жүйесін іске қосу үшін бар болғаны 2-3 секундты қажет ететін бұл қару заманауи ұрыста жеңіл, танкке қарсы таптырмайтын зымыран кешенінің бірі десек те болады. NLAW зымыранын 20 метрден бастап 800 метрдегі нысанаға дейін атқылай беруге болады. Тек қана танк емес, сонымен бірге әскери көлік, автобус, тіпті жақын қашықтықтағы тікұшақты да атуға ыңғайлы. Зымыранының қуаттылығы сонша, қалыңдығы 500 мм бронды тесіп өтеді. Бұл танктің аман қалуы екіталай деген сөз. Нарықтағы құны долларға шаққанда 25 мың жасыл ақшаны құрайды деген ақпарат бар. Ұлыбританияның Киевке осы уақытқа дейін нақты қанша NLAW жеткізгені белгісіз, алайда деректер 2000-нан астам дейді.
(Сурет fakty.com.ua сайтынан)
Javelin - танкке қарсы жеңіл зымыран кешені. Украина соғысы Javelinның даңқын асқақтатты. Деректер бойынша 100 зымыранның 89 нысанаға дәл тиген. Демек, тиімділік тура 89% деген сөз. Бұл жоғары көрсеткіш, себебі көптеген жүйелердің тиімділігі 40-60 пайыз арасында ауытқып тұрады. Ерекшелігі сонда, зымыраны төбеден түсіп, танктің ең осал тұсынан соққы жасайды. Сонымен бірге әскери бункерлерді де жоюға қабілетті. Зымыранды 2 шақырым жерден бағыттауға болатындықтан, аталмыш кешенді қолданушы сарбаз өзін қауіпсіздікте сезінеді десек те болады. Украинаға Javelin танкке қарсы кешенін жеткізуші АҚШ екенін айтуға тиіспіз. Бүгінде Киевке қанша Javelin бергені белгіміз, ол әскери құпия саналады.
(Сурет pravda.com.ua сайтынан)
Stinger. Бұл қару көпшілікке ежелден таныс. Кеңес-Ауған соғысын көрген әр азамат аталмыш қаруды жатқа біледі. Кеңестік тікұшақтарға тыныштық бермеген Stinger бүгінде Ресей тікұшақтарының қорқынышына айналды. АҚШтың тікелей рұқсаты бойынша Stingerді Киевке Литва, Латвия, Эстония жеткізуде. Вашингтон жариялаған соңғы қорғаныс пакеттеріне байланысты Stingerді енді тікелей АҚШ өзі тасымалдай бастады. Жеңіл, көтеруге ыңғайлы зениттік зымыран кешені ретінде Stingerді әлемде 30-дан астам ел сатып алған. Stinger 4 шақырым биіктікте 8 шақырымдағы нысанаға тиетін қабілетке ие.
(Сурет vpk.name сайтынан)
"Bayraktar" дроны көпшілікке Қарабақ соғысынан таныс. Басқыншы Армения әскеріне түркиялық соққы жасаушы дрондар қырғидай тиіп, тыныштық бермеді. Бүгінде Украина аспанын күзетіп тұрған бұл дүлей қаруды жеткізуші әрине Анкара. Ресей тіпті Киевке дрон сатқаны үшін Анкара бұртиып қалғаны бар. Дегенмен "бұл мемлекеттік емес, жеке өнеркәсіп кешенінің келісімі" деп Анкара ол сұрақты жылы жапты. Bayraktar соққы жасаушы дроны 24 сағат әуеде қалықтап, 150 шақырымға дейін ұша алады. Ал 5 шақырымдағы биіктіктен 8 шақырымдағы нысананы жоюға қабілетті. Үшінші буыны шыққан аталмыш дронның құны 70 млн доллар. Жеке сатылмайды және бір жүйеде 6 дрон мен оны басқару орталығы және зымырандары бірге жеткізіледі. Украинада соңғы дерек бойынша 24 екінші буында Bayraktar соққы жасаушы дрондары бар.
(Сурет gazeta.ru сайтынан)
"Starstreak" әуе қорғаныс жүйесі. Ұлыбританияның төл туындысы саналатын зениттік зымыран кешенін Лондон Киевке жақында берді. Борис Джонсонның Ұлыбританияға сапарынан кейін, тағы да қосымша Starstreak зениттік зымырандарын жеткізетіні белгілі болды. Starstreak зымыраны өте жылдам, кей ақпарат бойынша дыбыстан үш есе жылдамдыққа ие. 7 шақырымдағы нысанаға дәл тиетін бұл зениттік зымыран кешенінің зымыраны үш тісті найзаға ұқсас. Ұлыбритания Украинаға қаншы зениттік зымыран жеткізгенін ашық жарияламады.
(Сурет inosmi.ru сайтынан)
"Стугна" танкке қарсы зымыран кешені. Украинаның төл туындысы. 2011 жылдан бастап Украина қорғаныс министрлігі Стугна танкке қарсы зымыран кешенімен жаппай қарулана бастады. Сипаттамасына назар аударатын болсақ, 5 шақырымдағы нысанаға тура тиеді, алайда нысананы 6500 метр қашықтықтан анықтауға мүмкіндік береді. Демек, зымыран кешенін қолданушы сарбазға айтарлықтай қауіп төнбейді деген сөз. Осы уақытқа дейін Украина 300 дана Стугна шығарды деген де ақпараттар бар.
(Сурет ferra.ru сайтынан)
"Нептун" кемеге қарсы зымыранын Украина өзі жасап шыққан. Ресейлік "Мәскеу" крейсерін су астына жібергеннен кейін аталмыш зымыран "танымалдыққа" ие болды. 2014 жылы Украина әскери флотының жартысынан айырылғаннан кейін (Ресей тартып алды), кемеге қарсы зымырандарға көбірек көңіл бөлу стратегиясын қолға алды. Нептун зымыраны 2020 жылы қолданысқа берілді. 280 шақырым жердегі нысананы жоюға қабілетті бұл зымыран Ресейдің ең ірі крейсерінің бірі "Мәскеуді" су түбіне жіберді.
Украинаға өзге де қарулар толассыз жеткізілуде. Олар жайлы келесі шолуымызда оқи аласыздар.
Асхат ҚАСЕНҒАЛИ,
"Адырна" ұлттық порталы