Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Зеренді ауданы тұрғындарымен кездесті

1960
Adyrna.kz Telegram

Ақмола облысы Зеренді ауданында «Sarap» эксперттік клубының аймақтық «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты отырысы өтті.

2 сәуір күні Ақмола облысы Зеренді ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған «Sarap» эксперттік клубының отырысы өтті.

Аймақтағы іс-шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Қадыров Данияр Рамазанұлы, «Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті» КеАҚ Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі Проректоры Байтоқ Ғалым Симбекұлы, «Қазақстандық қоғамдық даму институтының» КеАҚ Басқарма Төрағасы Майгельдинов Қазбек Өмірзақұлы, жергілікті белсенділер мен аудан тұрғындары қатысты.

«Sarap» эксперттік клубының отырысын Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Қадыров Данияр Рамазанұлы ашты. Ол ел дамуының өзекті мәселелерін шешуге белсенді азаматтарды тарту мақсатында мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, оның барлық кезеңдерінде мемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісіне ҮЕҰ-ды тарту тетіктері жетілдірілетінін атап өтті.

«Әрбір шешім жан-жақты сарапталады. Сондай-ақ, Парламент қабырғасында азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа сапалық қағидаттарын қалыптастыратын қоғамдық бақылау туралы заң жобасы да талқылануда. Ұлттық Құрылтайдың құрылуы ашық қоғамды қалыптастырудағы және «естуші мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудағы маңызды қадам болып табылады. Оны құруға республиканың түкпір-түкпірінен және әртүрлі облыстардағы азаматтық қоғам өкілдерінің барынша тартылады», – деп түйіндеді сөзін вице-министр.

Өз кезегінде Қазақстандық қоғамдық даму институтының Басқарма Төрағасы Майгельдинов Қазбек Өмірзақұлы Президент Жолдауының негізгі аспектілерін атап өтіп, жаңа саяси реформалар саяси трансформацияның логикалық жалғасы болғанын атап өтті:

«Жолдау аясында басты қойылған талап – саяси реформа. Бұл жолдаудың жергілікті халыққа, белсенді азаматтарға, үкіметтік емес ұйымдарға, жалпыға тигізетін пайдасы неде? Бұдан шығатын нәтиже қандай деген сұрақтар туындайтыны заңды. Сайлау жүйесін өзгерту және саяси партияларға байланысты біршама бастамалар басталды. Соның бірі бұған дейін облыс әкімі, облыс әкімінің орынбасары партия филиалдарының басшысы бола алса, енді заңды түрде жоғары лауазым иелері партия филиалының басшысы бола алмайды. Облыс әкімі мен орынбасары енді мәслихатпен тепе-тең жұмыс істейтін болады. Екінші жағынан жаңа саяси партиялардың пайда болуына алғышарттар жасайды».

Жаңа Жолдауда қозғалған өзекті мәселелер бойынша «Ш. Уалиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті» КеАҚ Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі Проректоры Байтоқ Ғалым Симбекұлы:

«Қазақстанның шығысындағы өңірге ұлы Абайдың есімі беріліп, Жетісудың әсем атауы Оңтүстіктегі жаңа өңірдің атауында көрініс тапты. Ал, ақындар жырлаған Ұлытау өңірі облысқа айналды.... Ал Қызылжар ше?

Қызылжар қайда?

1925 жылы Петропавлдағы орыс большевиктері бұл қаланың атын Қызылжар деп өзгерткенін білесіз бе? Императорлық, ал қазір Путиндік Ресей үшін орыс ұлылығының тірек символикасын жоғалту олардың мүдделеріне сай емес екенін түсінемін. Сондықтан орыстың басқыншылық саясатына қарсылық белгісі болған аты аңызға айналған Кенесары ханның басын қазақтарға бергісі келмейді. Ал Солтүстік Қазақстанның облыс орталығы – Қызылжарға бұрынғы атауының қайта оралуы Ұлы орыс империализмі үшін орасан зор идеологиялық, геосаяси, ең бастысы символдық жоғалту. Жарайды, Кремль осылай ойлайды, бірақ біз қазақтар тарихымызды қайтарғымыз келеді...», – деп пікірін білдірді.

Отырыс барысында Президент жолдауы біздің қоғамның ең өзекті және шұғыл мәселелерін шешуге бағытталған экономикалық, әлеуметтік және саяси шаралар кешені екендігі айтылды.

Айта кетейік, 16 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына кезектен тыс жолдау жасады, ол саяси реформалар бағдарламасын және бірқатар әлеуметтік-экономикалық шараларды іске асыруға арналды.

«Біз жаңа Қазақстанда «Түрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт» қағидатын берік ұстануға тиіспіз.

Диалог пен мәміленің жоғары мәдениеті еліміздегі азаматтық ынтымақтастықты арттыратын басты фактордың біріне айналады», – деді Президент.

 «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ

Баспасөз қызметі

Пікірлер