"Кезекте тұрған адамдарға кезекпен жер беру, жер үлестіру жергілікті биліктің міндеті емес пе?"

3238
Adyrna.kz Telegram

"Адырна" порталының редакциясына Сарыағаш қаласының тұрғындарынан хат келіп түсті. Баспана, жер мәселесі бойынша кезектегілердің қарасы көп делінген хаттың негізгі бөлімінде. Мемлекет басшысына жолданған хатта былай делінген:

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!!!

Қазақстан Республикасы Әлемге әлеуметтік-экономикалық дамыған мемлекет ретінде танылуда. Мың жылға жуық Тарихы бар Еліміздің өркендеп өсуіне, келешегі мен болашағы кемел, рухани биік шыңдалуына, саяси-экономикалық-әлеуметтік дамуына өз тарапыңыздан зор үлес қосуыңызға тілектеспіз! Әділдіктің, адалдықтың, татулықтың жалауын желбіретіп жүргеніңізге алғысымды білдіремін.

Менің арыз беру себебім, Сарыағаш ауданының орталығы болатын Сарыағаш қаламызда пәтерге, жерге кезекте тұрған адамдар саны өте көп. Қазіргі заманда пәтерлерді жалдап тұру әлеуметтік тұрғыда өте қиын болып қалған. Адамдар жер алып, өз үйлерін соғып, ұрпақ тәрбиелесек дейді. «Өз үйім-өлең төсегім» деген бабалардан қалған сөз бар.

Сарыағаш қаласында тұрғын үй іргелік жер учаскесіне кезекте тұрған азаматтар 7000 адамды құрайды. Бұл кезектілік 2003 жылдан бастап 2022 жылдар аралығында кезекте тұрған азаматтар, алдағы уақытта кезек саны  7000 нан өспесе азаяр емес. Сарыағаш ауданы және Сарыағаш қаласына 2003 жылдан бері қанша әкімдер ауыссада халықтың қамын ойлау, олардың жағдайын жасау, оның ішінде жас отбасыларға арналған қоныс үйлерін салуға кезекпен жер беру ойларынада кіріп шықпайды.

Кезекте тұрған адамдарға кезекпен жер беру, жер үлестіру жергілікті биліктің функционалдық міндеті емес пе? Қаланың бас жоспарына сәйкес кезекпен берілетін жерлер арада жүрген делдалдар мен алаяқтар арқылы, қала берсе билік өкілдері арқылы заңсыз құжаттар рәсімделіп, сатылып, заңсыз үйлер салынып кеткен. Қазір қаланың бас жоспары жарамсыз жағдайда тұр. Кезекте тұрған азаматтарға кезекпен жер беру үшін ең алдымен инфрақұрылым жүйесін жүргізу, егжей-тегжей жоспарын әзірлеу қажет. Қазір 7000 адам жерге кезекте тұр. Осы уақытқа дейін Сарыағаш қаласы әкімі аппараты және тиісті билік өкілдері тарапынан инфрақұрылым жүйелерін тарту үшін жоспарда дайындамай, егжей-тегжей жоспарын да әзірлемей келген. Себебі, жерді кезекпен берсе шенеуніктердің жер сату бизнесі тоқтап қалады ғой.

Самал, Телемұнара, Көктөбе мөлтек аудандары аумағында заңсыз жерлер сатылып, тұрғын үйлер салынып жатқанда тиісті қызметкерлер мен басшылардың көзі қайда болған? Демек, жер мәселесі бойынша бірнеше заң бұзушылықтар мен сыбайластықтар бар. «Жер дауы, жесір дауы» ежелден келе жатқан кикілжің мәселелердің бірі. Жер саудасында бірнеше мекемелердегі опасыз қызметкерлердің қатысы бар. Жердің құжаттарын заңсыз рәсімдеу Сарыағаш ауданының әкімдігі, Сарыағаш қаласының әкімі аппараты, мемлекеттік және жеке Кадастрлар, ауданның жер бөлімі, ауданның сәулет және қала құрылысы бөлімі, мемлекеттік архивтер, натариустар, халыққа қызмет көрсету (ЦОН) орталығы және арада жүрген посредниктер арасында  жасалуда.

2009 жылы Сарыағаш қаласы аумағына Тегісшіл ауылдық округі аумағынан бірнеше гектар жер телімі берілген. Тегісшіл ауылдық округінен берілген жерлер қазір Сарыағаш қаласы Көктөбе және Телемұнара мөлтек аудандарына қарасты жерлер. 2009 жылдан бастап 2015-2017 жылдарға дейінгі аралықта бұл жерлер бос жатқан (ескі картадан көруге болады). Алайда, Тегісшіл ауылдық округі әкімшілігі тарапынан 2007 жылы Сарыағаш қаласына берілген жерлерге, яғни 65 азаматқа жерді пайдалануға шешім шығарып берген.

Сарыағаш ауданы әкіміне, Сарыағаш қаласы әкіміне жер дауы, жер мәселесі бойынша тұрғандар тарапынан беріліп жатқан арыз-шағымдар мен өтініштер саны күннен күнге асып келеді. Алайда, Әкім мырзалар тарапынан осы уақытқа дейін халыққа жерді кезекпен беру үшін ықпалдарының жоқ екендігін хабарлаймын. Себебі, қазіргі уақытқа дейін егжей-тегжей жоспарының, инфрақұрылым жүйелерін тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттарының жоқ екендігі дәлел бола алады. Егеменді елімізде азаматтарымыз не үшін осы уақытқа дейін жер ала алмай келуі керек? Не үшін өз үйлерін сала алмай жүруі керек?

2003 жылдан бері кезекте тұрған азаматтарымыз қазіргі уақытқа дейін жер ала алмай, үй сала алмай өмірден озып барады. Жерге кезекте тұрғандарды саралайтын болсақ, өмірден өткендер саны көп. Міне сонда биліктегі отырғандардың, арада жүрген алаяқтардың, делдалдардың арқасында кезекпен жер беру жылдан жылға қалып келе жатыр.

Ата-Бабамыздан мұра болып келе жатқан жерлерді сату – Отанды сатумен тең! Себебі, «Осы жер сеніңкі, бірінші үй салып ал, сосын құжаттарды дайындап беремін»-деп, арада жүрген алаяқтар қарапайым-қайуана халықты алдап, ақшасын сорып, әуре сарсаңға салуда. Ақша үшін жерін сатқан соң, күндердің күнінде Отанды сатпауға кім кепіл?

Алаяқтардың жерді сатуы, заңсыз құжаттарды рәсімдеуы төмендегі процессте жүреді:

  1. Қала аумағында бос жерлерді табу;
  2. Табылған бос жерлерді сатып алатын адам іздеу;
  3. Сатып алған соң, тез арада кішігірім болсада үй салдыру немесе ірге тас салдыру;
  4. Әкімшілікке барып өтініш тастау (жерді заңдастыру бойынша)
  5. Соттан меншік құқығын тану үшін жалған анықтамалармен ірге тастарды суретке түсіріп немесе басқа үйлерді осы үй деп суретке түсіріп, сотты алдайды (соты алдауыда күмән тудырады, себебі сот пен прокурор тарапынан жергілікті жерге барып тексеру жүргізбейді)
  6. Сот процессі кезінде аудандық аритектурадан қызыл сызыққа енген немесе енбегені және бас жоспарға сәйкестігі туралы жауап алады. Ауданның жер қатынастары бөлімі тарапынан аудан қорындағы және елді мекен аумағындағы мемлекеттік, жеке және заңды тұлғаларға рәсімделетін жер учаскелеріне сәйкестендіру құжаттарын рәсімдеу барысында жерге орналастыру жобасына сәйкестігі бойынша жауап алады.
  7. Соттан меншік құқығын танып болған соң, Әкімшіліктегі сыбайластары жалған шешім шығарып, жалған анықтамалар береді, бұл жерді сатудың бір тәсілі.
  8. Екінші тәсілі аудандық мұрағатқа әкім шешімін тіркеу журналына заңсыз қолдан тіркеп, (аудандық мұрағаттағы сыбайластары жоқ шешімдерді бар деп көшірме ретінде істеп растап береді, 2007-20017 жылдары аралығындағы әкім шешімдерінде алаяқтар жасаған заңсыз шешімдердің уақыты мен нөмірлері тіркелмеген, мысалы осы жылдардың 29,30,31 желтоқсандарымен бірнеше шешімдер мұрағаттан расталып шығарылған. Бірақ, 29,30,31 желтоқсанда әкім тарапынан шешімдер шықпаған. Бұдан бөлек жалған шешімдердегі жер бөлу комиссиясының қорытындыларын жалған шешім мазмұнында тіркеу күні нөмірін көрсетеді, ал шынайы сол қорытындылар мүлдем түбірі жоқ қорытындылар. Бір қызығы жер қатынастары бөлімі жерге орналастыру жобасын тіркеу кезінде сол қорытындылар бар жоқтығына неге мән бермей келген? Егер жалған қорытынды болса неге құқық қорғау органдарына хат жолданбаған. Бұл бойынша ақпараттар арнайы тексеру кезінде қосымша беріледі).
  9. Осы құжаттарды дайындап болған соң, мемлекеттік немесе жеке меншік жер кадастрларына жерге орналастыру үшін мемлекеттік акті рәсімдетеді.
  10. Бас жоспарға сәйкес, Самал мөлтек емханысының жанынан берілген ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті Сарыағаш аудандық медициналық әлеуметтік сараптама бөліміне әкімшілік ғимарат құрылысы үшін берілген жерді жер кодекстерін бұза отырып, пайда көру мақсатында жеке тұлғаға сатып жіберген. Оған дәлел Бас жоспардағы аталған мекеменің орнына кәсіпкерлік нысандар (көлік жуу орны) орналасып кеткен. Алайда қазіргі таңға дейін аталған мемлекеттік мекеменің әкімшілік ғимаратына арналған жер телімі жоқ.
  11. Сарыағаш аудандық орталық ауруханасы Сарыағаш қаласының ортасында орналасқан. Аурухананың ішкі және сыртқы жанама жерлері жеке тұлғаларға жеке меншікке сатылып кеткен. Негізінде ауруларды емдеу және демалыс орындарын ашу көзделген болатын және қорғау аймағында болатын. Алайда алаяқтық жолмен заңсыз құжаттар рәсімделіп жеке тұлғаларға сатылып кеткен.
  12. Сарыағаш қаласы аумағы бойынша негізгі көшелер; Әйтеке би, Дүйсебайұлы, Майлықожа, Исмайлов, Ысқақ Көшербай, Бәйтерек, Алып және Даулет базарларының айналасында, Самал м/а Торғай көшесі, Шымкент трассасы бойында, Самал-1, Самал-2, Самал-3, Телемұнара, Көктөбе мөлтек аудандары аумағында инфрақұрылым жүйелерінің, Кескен, Рамадан арналарының қорғау аймағында қызыл сызыққа еніп заңсыз салынған (атап айтқанда: табиғи газ құбыры, ауыз су құбыры, үлкен қысымды электр желілері, ҰҚК-нің кабелдері, мемлекет аралық Т-7 кабельі үстіне) кәсіпкерлік нысандар мен жеке тұрғын үйлер заңсыз құжаттар арқылы рәсімделген (аталған заңсыз нысандар бойынша толық мәліметтер арнайы тексеру комиссиясының іс-жүргізу кезінде қосымша беріледі).
  13. Сарыағаш қаласы Самал, Телемұнара, Көктабе м/а шаруа қожалық мақсатында 49 жылға берілген жерлерді халықты алдап заңсыз тұрғын үй салдырып, сол жерлерді алаяқтар сатып жалған құжаттар рәсімдеп беруде. Бұл бойынша билік өкілдері хабардар бола тұра заң аясында шара қолданбай келуде. Міне билік өкілдері мен арада жүрген алаяқтардын арасындағы сыбайластықтар осыған дәлел бола алады. Екі ортада қарапайым халық әуре сарсанға салынып, зардап шегуде. 49 жылға берілген шаруа қожалық жерлерге тұрғын үй салуға заң шенберінде тиім салынған. Аталған шаруа қожалық жер иелері заңсыз үйлер салынып жатқанын біле тұра ешбір шара қолданбаған. Себебі шарауа қожалық жер иелері билік өкілдерімен бірге келісіп, заңсыз оңай ақша табуды көздеген болар...

Міне заңсыз жерді рәсімдеп, халықты алдап, жер сатып, ақша табу жолы осы.

Сарыағаш қаласы әкімі аппартында жер беру бойынша әкім орынбасары бірнеше рет (шамамен 500 ден астам) әкімнің орнына өзі шешімдерге қол қойып, жалған өтініш жасап, оны тіркеп жұмыс жасаған. Себебі, сол кездегі әкімдердің қолы жалған шешімдердегі қолдарға сәйкес келмейді. Оған қоса, өтініш берген азаматтың жеке куәлігіндегі қолы өтініштегі қолға мүлдем сәйкес келмейді.

«2009 жылдан бастап осы жерде үйім бар деп айт» деп халықты алдайды. Мысалыға, 2011 жылдан 2021 жылға дейінгі аралықтағы Сарыағаш қаласының жерін гугл картасынан қараса ол жерлер бос болғанын көруге болады.

Әкімдердің алдына бірнеше мүгедек жандар, көп балалы отбасылар, жалғыз бастылар, қарт-қариялар келіп, жерді қашан бересіңдер? Қанша жыл болды күтіп жүргенімізге! Кезектің саны неге кемімейді? Осы уақытқа дейін Көктөбе, Телемұнара, Самал мөлтек аудандарынан мыңдаған үйлер салынып жатыр ғой, оларды кім берді деп жылап келеді. Бірақ Әкім мырзалардың жүректері тастан жасалған, жандары ашымайды, оларға ақша болса болды. Жерді кезекпен мұқтаж жандарға берейік деп бір жұмыс жасамаған ғой. Халықты ойлайтын биліктегі шенеуніктер адалдықтан, адамгершіліктен, имандықтан қалған. Қалталы азаматтарға қай уақыт болсада жүгіріп көмектеседі. Ал қара халыққа жауап беру былай тұрсын мән беріпте қарамайдыда.

Жер мәселесі бойынша, заңсыздықтар бойынша бірнеше рет аудандық Полиция бөліміне, аудандық Прокуратураға, аудандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл басқармасына тұрғындар тарапынан арыз-шағымдар түскен. Алайда, алаяқтар тұрғындардан алған ақшаларын қайтарып, келісімге келіп, арыздарды жауып келген. Сонда, қылмыстардың белгісі болсада келісіммен шешіліп келгені қалай? Бұл жерде құқық қорғау органдары жұмыстарын дұрыс істемеген деган ой күмәнсіз келеді. Ауданымыздағы Билік басында отырған шенеуніктер мен арада жүрген алаяқтар туысқандық, жора-жолдастық, сыныптастық, группаластық қатынастағы азаматтар. Бұны салыстырмалы тұрде қарасақ кездей-соқ (соппадение) емес шығар. Демек, бұл қылмысқа ұштасатын заңсыздықтар цепочка тәрізді жүргізіліп келуде екен.

Осындай былыққа батқан жер мәселесін аудан көлемінде барлық билік өкілдері біле тұра осы уақытқа дейін ешбір жұмыс жасамаған. Тексеру ашылса қалталарын толтыртып, тамақтарын тойдырып, киімдерін кидіріп шығарып салады.

Құрметті, аса қадірменді, мәртебелі Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіздің бастамағызбен «Жаңа қазақстанды» құру үшін, осындай қызметтеріне опасыз билік өкілдерін қызметтерінен босату, алаяқтарды құрықтап, жазаларын қатаң түрде беру қажет. Мемлекеттің бірден бір қазынасы ол – ХАЛЫҚ. Халықтың сүйікті ұлы, әділ Президент ретінде Сізден:

  1. Осы арызым үшін арнайы тексеру комиссиясын түзіп, Сарыағаш ауданына жіберуіңізді;
  2. Арнайы тексеру комиссиясы Менің қатысуыммен іс жүргізуін қамтамасыз етуіңізді;
  3. Арнайы түзілген комиссия мүшелері жұмыстарын ұқыпты және адал істеуін, қатаң тәртіпте жүргізуін қадағалауыңызды сұранамын;
  4. Сарыағаш қаласы әкімі аппаратына және Сарыағаш ауданы әкімдігіне жер мәселесі бойынша арнайы тексеру тағайындауын;
  5. Сарыағаш ауданының мұрағатына тез арада арнайы тексеру жүргізуін; (себебі мұрағаттын белгісіз себептермен өртенбеуіне кім кепіл? Сол үшін арнайы тексеру комиссиясы келген сәттен бастап мұрағаттағы құжаттарды өз қолдарына алу қажет)
  6. Сарыағаш ауданының жер қатынастары бөліміне арнайы тексеру тағайындауын;
  7. Сарыағаш ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміне тексеру тағайындауын;
  8. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ-ның Түркістан облысы Сарыағаш ауданы бойынша жер кадастры және жылжымайтын орталығы бөлімшесіне арнайы тексеру тағайындауын;
  9. Сарыағаш ауданының жеке және мемлекеттік кадастрларға арнайы тексеру тағайындалуын;
  10. Сарыағаш ауданының Полиция бөліміне арнайы тексеру тағайындалуын;
  11. Арнайы тексеру комиссиясы келген кезде қосымша берілетін мәліметтер құпия сақталуын;
  12. Қосымша берілетін мәліметтердегі азаматтарға тергеп-тексеру жұмыстарын қатаң жүргізуін;
  13. Егер тексеру кезінде заң бұзушылықтар анықталған жағдайда, заң талаптарына сәйкес жазаға тартылуын;
  14. Сарыағаш қаласының Бас жоспарын жаңалауына ықпал жасауын;
  15. Жерге кезекте тұрған азаматтарға тез арада кезекпен заң шеңберінде жер телімдерін беруін қадағалауын;
  16. Осы арызым арнайы тексеру комиссиясы келгенге дейін және іс жүргізу кезінде құпия сақталуын;
  17. Арнайы тексеру комиссиясының қорытындыларымен мені күнделікті хабардар етуін;
  18. Жоғарыда көрсетілген өтініш-талаптарымның орындалуын өз бақылауыңызға, қадағалауыңызға алуыңызды өтініп сұраймын.
  19. Осы арыздағы мәселелер бойынша арнайы комиссия тексеру жүргізу барысында менің қауіпсіздігімді контституциялық құқығымды қамтамасыз етуін сұранамын.

Бұл арызымда мәліметтерді толық жазбадым. Себебі, жазған арызымның көшірмелері қолдан қолға өтіп, ауданымызға арнайы тексеру келгенге дейін жетіп келмесі үшін. Егер, осы арызым құпия сақталмаса Арнайы тексеру келгенге дейін алаяқтар, шенеуніктер заңсыз құжаттарды заңдастыруға, қажетті құжаттарды жасыруға тырысатыны анық.

Жоғарыда көрсетілген заң бұзушылықтарды жасап жүрген шенеуніктердің республика, облыс көлемінде таныстары көп. Бұл бірлескен ұйымдасқан топтың іс-әрекеттері облыс көлемінде де бармақ басты көз қысты болып шешіліп кетуі әбден мүмкін.

Сол себепті, арнайы тексеру комиссиясын бір уақытта Сарыағаш ауданына келуін қамтамасыз етуіңізді сұранамын.

Құрметті Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы, жайдарлы жеріміз Сарыағашымызда болып жатқан опасыздықтарды жоюға, Халық пен Биліктің арасына сенімді оятуыңызға, халыққа құлақ асатын мемлекет болуына сенемін. Өтініш-Талабымды қарауға алып, Бақылауыңызда ұстауыңызды сұраймын. Халқымның қамын ойлау, жай-күйіне жан-ашарлық таныту менің және Сіздің бірінші борышымыз. Бұл Сарыағаш халқының Сізге деген аманаты...

              Арыз-шағым және өтініш жалпы 7 парақта жазылды.

 

Құметпен және өтінішпен,

Сарыағаш қаласы тұрғындары

атынан Аумақ биі Н.Бекмурзаев

 

 

 

 

Пікірлер