Белгілі қазақстандық кәсіпкер және саясаткер Болат Әбілов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына мәлімдеме жасады. Ол мемлекет басшысының 14 наурызда саяси реформалардың жаңа бағдарламасын қабылдайтынын айтып, жаңа реформадан халықтың үлкен үміт күтіп отырғанын айтты. Сонымен қатар ол тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты "Елбасы" туралы заңды түбегейлі жоюды сұрады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы stan.kz-ке сілтеме жасап.
"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, мен сізге біздің елдің президенті ретінде және 30 жылдай таныс болған адам ретінде қайырылып тұрмын", – деп бастады Әбілов өз мәлімдемесін.
Әбіловтің айтуынша, өтірік пен екіжүзділікке толы болған отыз жыл артта қалған. Ендігі уақытта Қазақстан халқы болашаққа тек жарқын үмітпен қарайды дейді ол.
"Отыз жыл бойы билік бір адамның қолына ғана шоғырланып келді. Сол себепті мұндай билікті бір күнде-ақ құлата салады. Бұдан шығатын қорытында да түсінікті. Мемлекеттің конституциясы ойына келгенін жасайтын бір адамның ғана пайдасы үшін қызмет қылмауы қажет. Қазақстан халқы саяси қудалаулар мен қара күштің көмегімен құрылған биліктен әбден шаршады. Нәтижесінде Назарбаевтың құрған билігі Қазақстанды экономикалық және саяси тығырыққа тіреп кетті", – деді Әбілов.
Қоғам қайраткері енді қантөгіске жол бермеудің қажет екенін айтады. Бұл ретте ол Жаңаөзен мен қаңтар оқиғаларын еске алу керек деп санайды.
"Елімізде болған мұндай қырғындарға енді жол беруге болмайды. Сол үшін тұңғыш президент туралы заңды алып тастау қажет. Мұнымен қоса Назарбаевты Елбасы мәртебесінен айыруды дұрыс деп санаймын", – деп қосты Әбілов.
Ол Тоқаевқа қарата сөйлеген сөзінде, 16 наурызда президенттің тек халықтың алдында ғана емес, Алашорданы құрған қазақ зиялыларының әруақтарының алдында сөйлейтінін еске салды.
"Қазақ зиялыларының үнемі шындық үшін күресіп келгені және сол жолда адалдықтан аттап кетпегені бізге әрқашан шабыт сыйлауы қажет. Біз ұлт ұстаздарының атын лайықты сақтап қалуымыз керек. Олар бізге "Оян, қазақ!" деп жырлаған. Қаңтар ұлттық трагедиясы біздің көзімізді ашты. Бізге қазір нақты саяси реформа қажет. "Бір адам және бір дауыс" және бұл – біздің болашаққа деген кілтіміз. Бұл сөзді Нобель сыйлығының иегері Нельсон Мандела айтқан. Және ол бұл сөзін жүзеге асыру үшін 30 жыл өмірін түрмеде өткізді. Біздің егемендігімізге де осынша жыл болды", – деді кәсіпкер.
Әбіловтің сөзінше, қазақстандықтар демократиялық жолмен құрылған мемлекетте өмір сүруге әбден құқылы. Енді халық тағы отыз жыл күткісі келмейді деген ол, өзгерісті бүгіннен бастауды ұсынды.
"Қасым-Жомарт Кемелұлы, мен сіздің тарихқа Назарбаевтың авторитарлы жүйесін құлатқан реформашы ретінде кіргеніңізді қалаймын. Қазір сіздің қабылдайтын әрбір шешіміңізден Қазақстанның болашағы анықталады. "Мен қазақпын! Мың өліп, мың тірілген" деген Жұбан Молдағалиевтің өлең шумақтары әрбіріміздің санамызда. Менің арманым – алдағы уақытта қатігез кезеңдер енді қайталанып келмесе екен деймін. Мен қазақтың алтын ғасыры қазір орнаса екен деп тілеймін. Сөзсіз бұрынғы Алаш орда азаматтарының да арманы осы болғаны анық. Мен қазақ ретінде осы ұлы арманның орындалуы үшін барымды құрбан етуге даярмын", – деп сөзін түйіндеді Болат Әбілов.