Мұқағалиға соқтықпайық!

4908
Adyrna.kz Telegram

Мұқағалиды күстәналаған қазіргі сөзді ол кезде айтқан жоқсыз. Бүгін ғой өзгеріп басқаша сөйледіңіз...

Мұхтар Шахановтың мәлімдемесінен туған ой

Құрметті Мұха!

Әлеуметтік желіде Мұқағалиға кінә артқан өлең жарияланды. Өлеңнің авторы ақиық ақынды жағымсыз кейіпкерге айналдырған. Азан шақырып қойған есімін өзгертіп, «Жұқағали Бұқатаев» депті.

Қарадық та тіксіндік. Иесі кім десек, аяғы домаланып бос тұр. Алайда сарыны таныс. «Жұқағали» дегені әлденені еске түсіреді. Кенет шошып кеттім. «Қой, олай ойлама! Бұл мүмкін емес. Мұқағалидың «Ақынды ақын сүйемесе болмайды, Ақынды ақын күйелесе, ол – қайғы» немесе «Көзімізді ашып қарайық алғы таңдарға, Күндестік құрысын! Күндестік құрысын жалғанда!» деген тіркестерін ол кісі білмей ме?! Әрине, біледі. Ендеше, сабырға жүгінейік дедім іштей.

Ұзамай мәлімдеме жасадыңыз. Әлгі өлеңнің авторы сіз екенсіз. «Не біледі осы жұрт, не біледі?! Бабалардың баласы – қариялар, Сиреп бара жатқандай көрінеді» деп еді Мұқағали. Қайран ақын, адамдардың ұсақтай бастағанын сол кезде-ақ байқаған екен-ау! Қырық жастағы жігіт абыздарша уайым кешіпті.

Сіз мынаны айтыңызшы, қалың елді қаламгердің қандай ерекшелігі сүйіндіреді? Сүйіндіретін – оның жарқыраған жырлары. Ендеше, Мұқағалиға соқтығу не үшін керек? Егер әлдебір ағайынға өкпелесеңіз, оған Мұқағалидың қандай қатысы бар? Дүние текетіресіне бақилық болған ақынды араластыруға бола ма? Бәлкім, ең үлкен пенделік осы шығар.

Мұқағали 42 жыл бұрын дүниеден озды. Жаназасын шығарған имам көпшіліктен «Жақсы адам ба?» деп сұрады. Көпшілік «Жақсы адам» деп шу етті. Ол біліп істеген және білмей істеген кемшіліктерін өзімен бірге алып жер қойнына кетті.

Өлгеннен кейін Мұқағалидың ақындығы асқақтады. «Сәл ғана мызғып ап, қайтадан оянды». Қазір ХХІ ғасырмен бірге Алаштың азаттығына көмектесіп жүр. Қазақтың жігерін жанып, намысын қайрауда. Ұлттың ұстазына айналды. Мойындамасақ та, мойындасақ та ақиқаты осы. «Алайда өлтіре алмас өлеңді ешкім» дегені нағыз шындық екен.

Мұқағалиға соқтықпайық!   

70-жылдардағы компартияны жақсы білесіз. Оның үстемдігіне ешкім қарсы келе алмайтын. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының иегерлері тіптен үндемейтін. Бірақ «Айтарын айтып қалған абайламай, Дариға-ай, Махамбеттер, Абайлар-ай!» деген Мұқағали «тіл кеспектің жоқ екенін» өлеңдерімен дәлелдеді.

Бір ғана толғауына тоқталайық. «Ашынам арзан ағайға, Ашынам арзан жеңгейге. Адамдықтарын алтынмен, Өлшегендерге ашынам. Ашынам-дағы тасынам, Тасынам-дағы басылам. Сенесің бе, Отан, осыған?!» деп бодан Қазақстанның мойнынан құшақтап өксіді. Қазақстанның да көзінен жас шықты. 70-жылдары мұндай күйге ену екінің бірінің қолынан келмейтін.

«Ей, не сандалып тұрсың?! Отаның – біреу, ол – КСРО!» дейтін заманда Мұқағали Махаңдардың сарқытына тән мінез көрсетті. Бұл  ерлік емей немене?!

1974 жылы Мәскеудегі әдебиет курсында жазушы Жәлел Кеттебекке кездесіп, әңгіме айтқан. Ол әңгімеден көп нәрсені аңғаруға болады. «Мен кейде өз бойымнан бақсының жыны секілді дүлей күшті көрем. Бұл – қазақтың рух күші. Егер сендер мені қазаққа таныта алсаңдар, бас-аяғы он жылдың ішінде мен сендерге жаңа Кенесарыны шығарып беремін», – дейді Мұқағали. Сенімі алдамапты. Оның рухты өлеңдері қазақ жастарын сергітті. Он жылдан кейін, яғни 1986 жылы желтоқсанда жастардың бәрі Кенесарыға айналды.

«Ей, қазақтың баласы, есіңе ұста, Өлсем өлем, сірә, мен намысымнан!» деп қызыл билікке қарап тік сөйледі. Немесе «Мен Спартак бола алмадым, не шара, Сенің өзің Цезарь болып көрдің бе?!» деп сұрақты төтесінен қойды. Ақын мұндай бас кететін әрекеттерден қаймықпады. Өлеңдерін баспасөзге шығарды. Көпшіліктің алдында жалындап тұрып оқыды. 70-жыл – жариялылық, демократия және сөз бостандығы қылаң берген Горбачевтің дәуірі емес еді.

Осының бәрін таразылағанда, Мақатаев өмірінен үш кезеңді аңғардық. Біріншісі – өзі өмір сүрген қоғамнан тәлім алған жас таланттың өкіметке сенген кезі. Екіншісі – білім мен танымының арқасында биліктің қитұрқысын сезген кезі. Үшіншісі – ұлт болашағынан үміті үзіліп, кеңестік жүйеден безген кезі. Жаны күйзелген жалынды ақын ең соңында жалғыз қалды. Құсалыққа ұрынды. «Өмірде ақындардың бәрі жалғыз» дегені сондықтан. Көкірегін күйдірген өрттің дауасын таба алмай арпалысты. Оған отбасының да, Лашын жеңгеміздің де қатысы жоқ. Сенбесеңіз, өлеңін оқыңыздар.

Ақын Қадыр Мырза Әлі «Иірім» атты кітабында Мұқағали туралы ағынан жарылады. «Менің болжауымша, ол ауылда жүріп ішіп жарытпаған шығар. Оқумен, ізденумен, жазумен шұғылданып, енді астанасыз болмайды-ау деген кезде Алматыға оралды» немесе «…мен жоғарыда шолып өткен келеңсіз құбылыстар ақынды жегідей жеп қойды» деп жазады.

Енді ақын ағаның өз аузынан естіген бір әңгімеге тоқталайын

-Бір күні мені КГБ-ға шақырды. Қаракөлеңке бөлмеде қазақ майор отыр. Шынымды айтсам, өмірімде бірінші рет қорықтым.

-Иә, не қызмет істейсіз? – деді.

-Қызметім жоқ, боспын, – дедім.

-Дұрыс екен, – деп майор бетіме тесірейе қарады. Бұдан соң магнитофонның тетігін басты. «Алматы – сайтан қала, сайқал қала, Бар мұнда Балқаштан да, Байқалдан да» деп саңқылдап тұрмын.

-Қалай қарайсыз, мына өлең сіздікі ме?

-Иә, менікі.

-Сіздің бұл өлеңіңізді Түркияның радиосы берді. Оны қашан жаздырып жүрсіз?

-Білмеймін… – дедім.

Майор ендігі әңгімеден түк шықпайтынын сезді.

– Бара беріңіз. Бірақ абайлағаныңыз жөн, – деді. Осыны айтып болып Мұқағали аға үнсіз күрсінді.

Сол оқиғаны енді ой сүзгісінен қайтадан өткізсек, бір нәрсеге көзіміз анық жетеді. Мұқағали кеңестік қоғамның ақиқаттарын айту үшін «ноқтаға басы сыймаған адамның» рөлін ойнауға мәжбүр болды ма деп толғанасың. «Дін – ғылымның анасы» деген ақынның иманын осал деуге дәтіміз бармайды.

Ол әдеби мұраларын өте ұқыпты сақтаған. Ұқыптылық – жауапкершіліктің, тәртіптің белгісі. Өлеңдерін қалың дәптерлерге мөрдей етіп көшірген. Әр шығарманың соңына күнін, айын, жылын жазуды есінен шығармаған. Бір қызығы, осындай ұқыпты қаламгер партиялық жарнаны төлеуге келгенде «ұмытшақтыққа» ұрынған. Неге? Міне, басты гәп осы жерде. Жұмбақ түйінге тірелесіз. Бәлкім, партиядан құтылудың ең оңтайлы, саясатсыз жолы деп осы әдісті таңдады ма екен? Не десек те, мұның бәрі қисынды болжамдар.

Мұқағали – күрделі құбылыс. «Өзімен бірге кеткен нәзік жанын» ешкім өзіндей етіп айта алмайды. Бұл мәселеде пікір алуандығы көп. Ол заңды да. «Жазылар естеліктер мен туралы» дегені сондықтан.

Қазы – уақыт өз бағасын қойды. Жыл сайын 9 ақпанда «Мұқағали күндері» өтетіні осының дәлелі. Оны баспасөз, телеарна жарыса хабарлайды. Өздері де материал береді. Бұл – бүкілхалықтық ұйғарым. Оған биліктің ешқандай қатысы жоқ.

Мұқағали мұрасы 2000 жылы Мемлекеттік сыйлықты алды. Алайда «Лауреат Мақатаев» дегенді естімеппіз. Өйткені оның даңқы марапат пен сыйлықтан биіктеп кеткен. Қазір елімізде Мақатаев атындағы жеті мектеп бар. Бұл сан осымен шектелмейді. Ертеңгі ұрпақтың құрметі одан да зор болуға тиісті деп болжаймыз.

1981 жылы Нарынқол ауылында ақынның 50 жылдығы өтті. Жиналыста аузы дуалы сыншы Асқар Сүлейменов сөйледі. «Қымбатты нарынқолдықтар! Бақтарыңызға қарай, сіздер Мұқағалидан айырылып қалдыңыздар. Мен бұлай дегенде оның барары бар, қайтары жоқ мекенге кеткенін айтпаймын. Мұқағали енді қазақтыкі! Ол рулық, аймақтық өлшемге сыймайды. Ұлттық тұлға!» – деді. Ал ұлттық тұлғаны күстәналау көңілдерге сыйып тұрған жоқ.

«Біреуден мен де жаралдым, Біреуден сен де жаралдың» дегендей, Мұқағали – Нарынқолдың тумасы. Оны жерлестері мақтаныш етсе несі айып? Олар ақын даңқын жеке мүдделерге пайдаланған емес. Есесіне Мұқағалидың талантын танып Алматыға шақырған Әбділдә Тәжібаевқа, «Социалистік Қазақстан» газетіне қызметке кіруге көмектескен Жекен Жұмақановқа, ақын мәтіндеріне алғаш ән шығарған Нұрғиса Тілендиевке, ақын жырына әділет бағасын берген Әбіш Кекілбаевқа, Мұқағалимен мұңдасқан Фариза Оңғарсыноваға ілтипаттары ерекше.

Біз жоғарыда айтқан шымкенттік қаламгер, марқұм Жәлел Кеттебек Мұқағалидың байқалмай келген ғажайып сырларын ашты. Нөкістік ғалым Күрленбай Хамидоллаев алғашқы лекте мұқағалитануға арналған үлкен монографиясын жазды. Жазушы Марат Қабанбаев «Миына ұлттың коды жазылған» ақынға теңеді. Сыншы Амангелді Кеңшілікұлы ақын жырларынан бүгінгі заманға сай рух күшін көрді. Солай ет деп оларды ешкім итермелеген жоқ. Бәрі өздерінің жүрек қалауы бойынша атқарылған жұмыстар.

Есіңізде болар, 80-жылдың соңғы ширегінде сіз КСРО халық депутаттығына кандидат болып ұсынылдыңыз. Сізбен балама жарысқа түскен нарынқолдық механизатор Амангелді Ботанбеков еді. Соған қарамастан, Мұқағали елі сізді таңдады. Неге? Себебі күллі жұрт Мақатаев жырларын оқып ширығатын. Асылдан айырылғандай күйде еді. Олар сізді көргенде көздеріне Мұқағалиын елестетті. Тірі болса ақиық ақын туған жеріне жарқырап келер еді-ау деп армандады.

Сіз де халықтың сағынышын сәтті пайдаландыңыз. Мұқағалидың жақын інісі, арынды ақын Еркін Ібітановты қасыңызға ертіп ел араладыңыз. Қарасазға ат басын арнайы бұрып сәлем бердіңіз. Ақынның туысқандары сізді хан көтеріп құрметтеді. «Мұхтарға дауыс бермесек, Мұқағалидың аруағынан ұят» деді олар ерекше толқып.

Қариялардың үкімі алты қырдан асты. Соның бәрін мен өз көзіммен көрдім. Мұқағалиды күстәналаған қазіргі сөз ол кезде айтылған жоқ. Ойыңызға да келмеді. Бүгін өзгеріп басқаша сөйледіңіз. Сізге ақ батасын берген, ақ жол тілеген Мұқағалидың еліне енді не дейміз?! Сізді қайдам, Шахановты жер-көкке сыйғызбай мақтаған мен Нарынқолдың алдында өтірікші болып, қатты ұялып отырмын.

«Әйтеуір, кінә тауып бір жерімнен, Сынауға тіптен құмар кім көрінген» деп еді қайран ақын. Сөз жемейтін кім көрінгендерге дауа жоқ. Бірақ сіз кім көрінген емессіз ғой. «Мен Жұқағали десем, шындықты айттым» деп бой бермеуіңіз мүмкін. Ерік өзіңізде. Шындыққа теліп жүрген-тұрғанның бәрін талғамсыз жіпке тізе берсек не болғанымыз?! Оның халыққа пайдасы бар ма, әлде пайдасы жоқ па?! Осы туралы дұрыстап бір ойланайықшы.

Өткенді еске алған жақсы, оның өнегелі үлгілері өзімізде бар. Қазақ өлгенді жамандамайды. Өйткені қара жерге бөленген аруақ қауқарсыз. Олар ештеңе айта алмайды, ешкіммен сөз жарыстырмайды. Аруақтардың ғаріп халін пайдаланып, төбесіне шықсақ – ірілігіміз қайсы?! Дұрысы, Мұқағалиға соқтықпайық!


Батық Мәжитұлы,

«Мұқағали» журналының бас редакторы

Пікірлер