"Елдің ақшасын жемедім, бар мақсатым - өзгенің табысын жымқырмай, қолдарына беру" - Ринат Зайытов

6028
Adyrna.kz Telegram

Белгілі айтыскер ақын, "Алатау" дәстүрлі өнер театрының директоры Ринат Зайытов "Aitys Masa" YouTube арнасына берген сұқбатында қоғам ішінде "Ринат Зайытовқа шындық айтқызбас үшін жылы жұмсақ орын беріп, оның аузын жапты, сатып алды" деген кең таралған пікірге қатысты өз ойын білдірді. Бұл туралы "Адырна" ұлттық порталы жазады. 

"Әркім өзінше таразыласын. Бірақ, менің қазіргі істеп жүрген жұмысым - ең бірінші соны анықтап алу керек. Ол бір жылы жұмсақ жер не болмаса ертеңгі бір қоғамға әсер ететін күші бар керемет жер емес. Ол өзімнің үйренген, бала кезден істеген жерім - театр. Ол жердің айлығы - 200 мың теңге, қолына 160 мың ба, 170 мың ба сондай теңге аласың. Бәлкім, ол жерден ақша ұрлауға болатын шығар. Мен оны білмеймін. Өйткені, мемлекеттік мекеменің бәрінен ақша ұрлай береді ғой адамдар қазір. Өтірік айтпаймын, оған әрекет жасап көрмеппін. Жасаймын деген ойымда да жоқ. Осыдан 2 күн бұрын бастығыммен, қала басшылығы бәрі ауысып жатқаннан кейін, барып айттым: "Мен кете берейінші жұмыстан. Келесі басшылықпен істесе аламын ба? Істесе алмаймын ба? - деп. Жоқ, әзірше жүре тұр деді". Ол жерге мен барып, мысалы "Мен үндемей қалам, маған жұмыс беріңдер" деген жоқпын, - дейді Ринат Зайытов.

Айтуынша, оған әкімшілік "қоғамға пайдаңды келтіргің келсе, мемлекетке пайдаңды келтіргің келсе, жұмыс істеп, бізге көмектес. Біз соның аясында өз жұмысымызды істей береміз. Өйткені, көптеген арандатушылар сенің сөзіңді пайдаланып кетеді" деп ұсыныс білдірген.

"Бірақ, ол жерде, басқа жерлерде де, айтыста да айтқанмын: "Министр қылып қойса да, мінезімді сатпаймын" деп. Ютубта неше түрлі жерде айтады ғой. Ринат Зайытов мынадай жерге бастық болыпты деп. Ана ғимараттың құлағалы тұрғанын неге ешкім айтпайды, ол құлағалы тұрған ғимарат негізі...  Күрделі жөндеуден өтпесе... Оны салған адам түрмеде отыр, салынғанына алты-ақ жыл болған. Бірақ, қалай болса солай салынған. Ішінде ұрланғанын айтпаған да. Күрделі жөндеуден өтпейтін болса, ол жерде жұмыс істеу енді бір жылдан кейін өте қауіпті бола бастайды. Осының барлығын ешкім айтпайды. Жылы, жұмсақ жер деп... Жоқ, менің барған мақсатым - ең болмаса, анау 200 адамға жақсылық жасай алатын қолымда билік болуы керек. Солардың айлықтарын орнымен уақытында алып беру, олардың мемлекеттен бөлінген премияларын жеп қоймай, қолдарына жеткізіп беру. Олардың театрдан, кинозалдан түсіп жатқан табыстарын жеп, анда-мында жымқырмай, солардың көздеріне көрсетіп, міне-міне мына ақша мында кетті, мынау былай кетті деп... Бізде сондай бір орта қалыптастырғым келді. Сосын басқаларға айтқым келді. Міне, былай істеуге болады екен деп..., - дейді Зайытов.

"Егер бүкіл гәп менің жұмысымда ғана болатын болса, айтып отырмын ғой. Мен алдынгүні де жазғам, қазір де кете бере аламын ол жерден. Мені ол жерде ұстап отқан ешнәрсе жоқ! Бірақ, біздің Қазақстанда өзі сол қамалмаған, өлмеген адамдар бәрі шетінен жексұрын. Оған үйреніп қалдық қазір...",- деп күйінді ақын...

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер