Бес жұлдызды Rixos Aktau қонақүйі Қаракөл көліне лай су құйылып жатыр деген даулы видеодан кейін жоспардан тыс тексерілмек. Бұл туралы Маңғыстау облысының экология департаменті мәлімдеді, - деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Осыған дейін ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев қыста қызғылт қоқиқаздар ұшып келетін Қаракөл көліне лай су қалай құйылып жатқанын түсіріп алған. Ол жақын маңдағы демалыс орталықтары мен қонақүйлер, соның ішінде бес жұлдызды Rixosта пайдаланған суын көлге құйып жатқанын айтты.
"Rixos қонақүйін жоспардан тыс тексеру басталды. Біз судың барлық ингредиенттеріне, белгіленген норматив қалай сақталатынына талдау жасадық. Объективтілік үшін комиссияға қоғамдық ұйымдар мен үш уәкілетті органның мамандарын енгіздік: бұл балық инспекциясы, орман-аңшылық шаруашылығы және су инспекциясы", - деді Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Руслан Төкенов.