Қазақстанның қорғаныс қабілеті қандай?

2321
Adyrna.kz Telegram

Күні кеше ҚР Қорғаныс саласында елеулі өзгерістер орын алды. Мұрат Бектанов қызметінен босатылып, Руслан Жақсылықов министр болып жаңа лауазымды иеленді. Алайда оған дейін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында барлау қүрылымдары мен қарулы күштерді дайындау бойынша жаңа реформалар жасауды тапсырған еді. Әсіресе әскери қызметшілердің табысын арттыру, әскерді қару-жарақпен, техникамен, көлік авиациясымен жарақтандыру мәселесіне ерекше назар аударды. Себебі елде соқыр үрей тудырған қақтығыстан кейін қалай да ҚР-ның қорғаныс қабілетін нығайту керек екенін атап өтті.

Ел басына күн туса, қолына қару алып, майдан шебінің алдыңғы қатарында тұратын қазақтың қайсар әскері бар. Тіпті соңғы келеңсіз жағдайлар туындаған уақытта сол жауынгерлер басын тауға, тасқа да соғып, күні-түні ел тыныштығын күзетумен болды. Өкінішке орай, ажалдың құшағында кеткендер де жоқ емес. Ер есімі - ел есінде, дегенмен апталдай азаматтарды жер қойнына тапсырғанымыз өкінішті өртейді. Халық арасында "біз іштен шыққан шұбар жыландарға өзіміз төтеп бере алмаймыз, ендеше сырттан келген жаудан қалай қорғанбақпыз?" деген қауесеттер де тарап жүр. Мүмкін біз көп нәрседен хабарсыз шығармыз. Сонымен Қазақстанның Қарулы күштері туралы сіз бен біз не білеміз?

Қарулы Күштердің қатарына бір емес бірнеше мекемелердің кіретіні белгілі. Бұл құрылым әскери басқару органдары, Қарулы күш түрлері, арнайы дайындықтан өткен әскерлер, тыл және әскери оқу орындары, ғылыми мекемелерден тұрады. Алғашында осындай жүйе болғанымен, кейіннен үлкен өзгеріс енгізілді. Сөйтіп Қорғаныс министрлігіне Ішкі істер министрлігінің ішкі әскерлері, республикалық "Ұлан" , Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі, аумақтық және азаматтық қорғанысты басқаратын органдар да енгізілді. Аталған әскерилердің басты міндеті «Қазақстан Республикасының қорғанысы мен Қарулы Күштері туралы» ҚР Заңының 5-тарау 18-тармағында тайға таңба басқандай көрсетілген. Олар агрессия туындаған жағдайда тойтарыс беруге, ел егемендігін қорғауға, аумақтық тұтастықты сақтауға, тіпті әуе кеңестігін күзетуге және ҚР бекіткен халықаралық шарттардағы міндеттерді орындауға тиісті. Бұл соғыс қаупі туындаған жағдайда жедел жүзеге асатын әрекеттер. Бірақ бұл Қарулы Күштер елде хаос орнаған жағдайда ғана өз қызметін атқарады дегенді білдірмейді. Бейбіт кезеңдегі басты функциясы жауынгерлік даярлықты қамтамасыз ету, мемлекеттік шекараны күзету, маңызы бар әскери нысандарды бақылауда ұстау, кез келген қиын жағдайда батыл іс-қимыл жасау, өзге де түрлі операцияларға қатысу сияқты факторларды қамтиды.

Қазақстан Тәуелсіздік алып, түрлі дағдарыстардан демігіп шыққанымен, бір кезеңдері геосаяси жағдайымызда үлкен қиындықтар болды. Мәселен, шекараға таяу маңдағы қақтығыстар, экстремистік топ өкілдерінің шабуылы. Осындай проблемалардан айналып өту мақсатында 2007 жылы 27 наурызда ҚР Президентінің жарлығымен жаңа Әскери Доктрина бекітілген еді. Әсіресе, қарулы жанжалдардың алдын алу және оны болдырмау, әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету, әскери күштерді дамыту, саяси, дипломатиялық, әлеуметтік, экономикалық, ақпараттық, құқықтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы қабылданған бұл ең дұрыс шешім болатын. 2003 жылдан бастап құрлық күштерінің өңірлік қолбасшылықтары құрылды. Қазақстанның түкпір-түкпірінде орналасқан әскери бөлімшелер, бригадалар бірнеше орталыққа біріктірілді. "Астана" өңірлік қолбасшылығы - ҚР Жоғарғы бас қолбасшысы Ставкасының резерві. Ол Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімшілік шекарасында орналасқан. Штабы Қарағандыда орын тепкен. "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы Шығыс Қазақстан мен Павлодар аймақтарының шекарасын қамтиды. Штабы Семейде. Батыс Қазақстан, Атырау (штаб орналасқан қала), Ақтөбе, Маңғыстау аймақтарының шекарасы "Батыс" өңірлік қолбасшылығына қарайды. Ал соңғы өңірлік қолбасшылық "Оңтүстік" деген атауға ие. Ол Қазақстанның киелі Түркістан, Жамбыл (штаб), Алматы, Қызылорда қалаларының шекарасында орналасқан. Олардың әрқайсысының құрамына белгіленген аумақтағы механикаландырылған, ракеталық, артиллериялық, инженерлік, танк бригадалары, жеке барлау полкілері, мотоатқыш батальондері кіреді.

Қазақ жауынгерлерін қару-жарақпен қамтамасыз ету 99 арнайы мамандандырылған компанияларды қамтитын 10 логистикалық база мен 9 барлау полисіне жүктелген. Сонымен қатар үкімет тарапынан жыл сайын үлкен көлемде қаржы бөлініп отырады. Мысалы, бір кезеңдері 3 млрд теңгеге Портативті спетрометлердің жиынтығы, КПО-1М үлгілеу жинақтағыштары, Биологиялық заттарды таба алатын жаңа заманауи құралдар сатып алынған. Сондықтан Қазақстанда қазіргі таңда сүйретілетін артилериядан бастап жылжымалы зеңбіректер, дүркін артиллерия, тактикалық зымыран кешендеріне дейін бар. Қазақстан қорғаныс әлеуеті жөнінен әлем бойынша 52-орынды иемденеді, ал тұрақты әскер саны бойынша 70-орынға жайғасқан. Жоғардағы әскери өнімдерден бөлек қорғаныс күштерін жоғарғы деңгейдегі техникамен толықтай жабдықтайтын негізгі үш алып кәсіпорын бар. Олар: Қазақстан Парамаунт Инжиниринг, Еурокоп Қаз. Инжиниринг, Гранит-Талес Электроникс. Бірі біздің әскерлерді Барыс, Номад, Арлан атауымен белгілі броньдық көліктермен, ал екіншісі ЕС-145 тікұшақтарымен, үшіншісі радиолокациялық техникамен қамтамасыз етеді.

1998 жылы 1 маусымда ҚР аумағында әуе қорғаныс күштері құрылды. Оның да белгіленген өзіндік мақсаттары мен жауапкершілігі бар. Олар еліміздің әуе шебі қорғанысын қамтамасыз етіп, әскери, мемлекеттік және әлеуметтік нысандарды әуе шабуылынан қорғап, ҚР Қарулы күштерінің өзге де құрылымдарына авиациялық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Дәл осындай өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқаратын әскери-теңіз күштері де Қазақстанда жұмыс істейді.

Қысқасы, еліміздегі қорғаныс саласының қанаты қатайып келеді.  Жауынгерлері батыл, қорғанысы мықты елді жау да, дау да ала алмайды. Алдағы уақытта әлі талай реформалардың жасалатынына және жүзеге асатынына кәміл сенеміз. Ұлтшыл емес ұлтжанды, қайсар, қайратты, ел тыныштығын күзетуге дайын жастарымыз аман болсын деп тілейік!

Айжан СЫЛАНОВА,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер