Жол апаты жиіледі

1792
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысындағы тас жолдарда былтыр 824 көлік апаты орын алып, 264 адам көз жұмған. Тағы 1300-ге жуық жолаушы түрлі жарақат алды. Осы оқыс оқиғаларды саралаған мамандар жол апатына көбінесе 25-35 жас аралығындағы азаматтардың көп ұшырайтынын анықтапты.

Көлік апаты көп жағдайда жылдамдықты шамадан тыс асырып, ара қашықтық сақтамайтын жүргізушілердің кесірінен болады екен. Әсіресе қыс мезгілінде апаттар жиілейді. Сондықтан жолға жауапты мамандар ақ қар, көк мұзда жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамсыз ету үшін республикалық маңызы бар жолдарды күні-түні бақылауға алды. Яғни, «ҚазАвтоЖол» мекемесі жылытылатын жылжымалы үш вагон дайындады. Бұл қозғалмалы бекет ауа-райының қолайсыздығынан жолдар жабылған сәтте, жолаушыларды құтқаруға, жылытуға арналған. Сондай-ақ тайғақта себілетін 88 текше метр инертті материал және 86 тонна тұз-құм қоспасы дайындалған. Бұдан бөлек облыстағы ең қауіпті саналатын Кеген, Арқарлы, Алтын-Емел, Аласа асуларына мұзға қарсы қоспалар жеткізілді. Қыс мезігілінде жолдардың талапқа сай болуын «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» Алматы облыстық филиалы жіті бақылауына алған. Желтоқсан айынан бері жолға жауапты мамандар 20 мәрте тексеріс ұйымдастырып, мұзға қарсы қоспалардың сапасын зерттеді. Айта кетейік тек соңғы бір айдың өзінде республикалық маңызы бар жолдар ауа-райының қолайсыздығына байланысты 12 мәрте жабылды.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер