“Ұмытылып бара жатқан ұлттық ыдыстар”. Салтанат Өмірәлі қазақи бұйымдарды қалай жаңғыртып келеді?

5364
Adyrna.kz Telegram

"Ата-бабамыз ертеде қандай ыдыстарды қолданды?" деген сұрақтың жауабын Салтанат Өмірәлінің ұлттық бұйымдарды топтастырған сауда орнынан табарсыз. Жеті жыл бұрын құрылған "Ел-Мұра" серіктестігі қазақтың ұлттық бұйымдарын ел ішінде ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де танытып келеді.

Ертеде қазіргідей ыдыстар болмады. Зер салған жан болса, “қазақтар бұрын қандай ыдыс-аяқтарды қолданды?” деген сұрақ төңірегінде ойланған болар. Жауап белгілі: қазақ халқы ыдыстарының көбін теріден, ағаштан, саздан жасаған. Жасағанда да ерекше шеберлікпен небір ғажап туындыларды дүниеге алып келген. Соның бірі – мына келі-келсап. Бұл құралдың 200 жылдық тарихы бар. Бір ауылға ертеде бір келі-келсап жеткілікті болған. Оны барлығы бірінен-бірі алып пайдаланған. Мына келі-келсапта да кезінде талай үйдің бидай, тарысы түйілген. Бұл – берекелі бұйым.

Ал мынау – қымызды пісуге арналған саба. Назарларыңыздағы нұсқасы сиыр терісінен жасалған. Сабаны әртүрлі теріден жасай береді. Бастысы, мәнерлеу техникасын дұрыстап орындау керек. Егер пісу техникасы жетпесе, жыртылып, ыдырауы әбден мүмкін. Тері илеудің түрлі әдісі бар. Соның бірі ашыған айранмен жүзеге асады.

Теріден жасалған саба

Теріден жасалған саба © Дарын Шөкенов

Ашығын айтсам, кезінде қазақ өзінің бұйымдарын бағаламады. Астаулардың далада жатқан кездерін де көзімізбен көрдік. Ал қазір, тарих беті тұмшалана бастағанда, өзінің төл бұйымдарын қадірлей бастады. Ағаш астаулардың қазіргі бағасы қанша? Көлемі кіші әрі сапасы да төмен астаулар шамамен 20 мың теңгеге бағаланады. Соның өзіне сұраныс көп. Бұл – бір жағынан, қуантарлық жағдай. Себебі қазір әр қазақ өз дастарханында ұлттық ыдысының тұрғанын қалайды.

Ағаштан жасалған кеселер

Ағаштан жасалған кеселер © Дарын Шөкенов

“Қазақтар ертеде суды қайда құйды? Немен тасыды?” дейтін болсаңыз, ағаштан жасалған мына шелекке назар аударыңыз. Бұл бұйымды ағаштың түбірінен жасайды. Ағаш шелекті жасаудың басты қиындығы лайықты түбір табу болған. Бұдан бөлек, қазақтар теріден жасалған шелектерді де қолданған.

Ағаштан жасалған шелек

Ағаштан жасалған шелек © Дарын Шөкенов

Ағашты бұйым жасауға кескеннен кейін, соған лайық деңгейде тұтас қолдану абзал. Бел ортадан кесіп, қалғанын ысырап қылу – асылық. Шелекті ағаш түбірінен жасаса, қалған бөлігін өзге де бұйымдарға жарату қажет. Мысалы, мына қобызды ағаштың тамырынан жасаттық. Бізге қажет ағаштарды Шығыс Қазақстаннан, Көкшетау өңірінен, кейде Ресейден де алдыртамыз.

Тамырдан жасалған қобыз

Тамырдан жасалған қобыз © Дарын Шөкенов

Өткен жылы 500 асықтан жасалған “киіз үй” сатылды. 500 асық дегенде, көз алдыңызға 250 қойды елестетіңіз (күледі). Бұндай үлкен бұйымдардың көбін мұражайлар, қандай да бір мекемелер алады. Ал тұрмыстық үйде сәндік үшін мынадай қобыздарды, өзге де бұйымдарды жасаймыз. Суреттегі қобызды жасау үшін 85 асық қолданылды.

Асықтан жасалған қобыз

Асықтан жасалған қобыз © Дарын Шөкенов

Қазақ – шебер халық. Оның қиял-еркі мен жасампаздығына таңданбасқа болмайды. Әр бұйымының өзіндік мәні мен мағынасы бар. Кейбіреулер үшін сену қиын болар, бірақ өнімдерімізге шетелдіктерден сұраныс көп түседі. Бірі байқап, бірі елемей жүрген де шығар, бірақ Қазақстанға саяхатшылар аз келмейді. Олар тек қазақи заттарға қызығады. Бұл – біз үшін, қазақ үшін зор қуаныш.

Салтанат Өмірәлі, "Ел-Мұра" серіктестігінің басшысы

Салтанат Өмірәлі, “Ел-Мұра” серіктестігінің басшысы © Дарын Шөкенов

Атамекенге 2008 жылы келдім. Сол кездің өзінде мұндай заттар нарықта болатын. Алайда олар қарапайым халық үшін қолжетімсіз бағада сатылды. Қытай Халық Республикасында мұғалім болып қызмет еткенмін. Бала кезімнен сурет өнеріне қызықтым. Елге келгеннен кейін, осы істі қолға алуды жөн деп санадым.

Халық арасынан шеберлерді іздедім. Әлі де “мына жерде осындай шебер бар екен” десе, үйіне дейін іздеп барамын. Әуелде тек тойбастар жасайтын едік, қазір бағытымызды тарихи, төл бұйымдарымызға аудардық.

Қазір командамда шеберлерді қоспағанда 30 адам бар. Олар әртүрлі қызмет атқарады. Уақыт өткен сайын еңбекақыға бөлінетін қаржылық қуатымызды да арттырып келеміз. Алғашында қиындықтар аз болмады. Бір істің басында болу – оңай шаруа емес. Бірақ мақсатым баю емес, халыққа жұмыс тауып беру болды. Алла осы ниетіме қарасқан болар, ісіміз оңға басты. Қазір Алматыда “Ел-Мұра” серіктестігінің негізгі сауда орындарында бірнеше нүктесі бар. Әлі де кеңейеміз деген сенімдемін.

Салтанат Өмірәлі, "Ел-Мұра" серіктестігінің басшысы

Салтанат Өмірәлі, “Ел-Мұра” серіктестігінің басшысы © Дарын Шөкенов

Бір рет Германияда, төрт рет Араб Әмірліктерінде өткен көрмелерге қатыстық. Жеті жыл бойы осы кәсіппен айналысып келеміз. Басымыздан небір қызық та, қиындық та өтті. Бірақ қиындықтың барлығы ұмытылып отырады екен. Өзіме “тек алға!” деп жігер беремін. Әр таңымды жоспарсыз атырмаймын. Еңбегіміздің жемісін осының себебінен көріп отырған болармыз деп айтуыма да болады (жымияды). Бастысы, кәсібімізді сүйеміз. Себебі қазақи заттар – қазақты жер бетіндегі өзге халықтардан айшықтайтын дүниелер.

“Бақыт жаралған емес, жарататын нәрсе” деген екен ойшылдар. Біз осыған сенеміз. Қазақ халқының, келер ұрпақтың бақыты үшін еңбек етуге тырысамыз.


Ақжарқын ҚЫДЫРХАНОВА,

baribar.kz

Пікірлер