Соңғы аптада бүкіл әлем назары Ауғанстан билігін қолға алған тәліптерге ауды. 15 тамыз күні бірқатар елдерде тыйым салынған «Талибан» террорлық ұйымы Ауғанстан астанасы Кабулды соғыссыз басып алды. Тәліптер елдегі аудандардың басым бөлігін бақылауға алғанын ескертті. 1996-2001 жылдар аралығында «Талибан» ұйымы ауған елінде үстемдік еткен. Кейін 2001 жылы 11 қыркүйектегі террорлық шабуылынан соң, АҚШ Ауғанстанға басып кіріп, «Талибанды» биліктен кетірді. Енді АҚШ әскері осы жылдың мамыр айынан бастап, ауған жерінен шығарыла бастаған. Осы мүмкіндікті пайдаланған тәліптер ауған аудандары мен қалаларын бірінен кейін бірін басып алды. Қазір Ауғанстандағы жағдай тіпті күрделеніп барады.
Бүгінде АҚШ-қа қызмет еткен ауған әскерлері тәліптерден бас сауғалап, шекаралас Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан елдеріне қашып өтуде. Осы жағдайлардан кейін, Орталық Азия елдерінің ұйқысы қашып, көрші Қытай мен Ресей де бұл террорлық ұйымның әрекетінен қауіптене бастады. 31 тамызға дейін АҚШ әскері ауған жерінен толықтай шығып болатынын ел президенті Джо Байден мәлімдеді. Талибандықтардың саясаты мен әрекетінен қорыққан жергілікті халық Қытай, Ресей, Үндістан, Түркия секілді ірі елдерден көмек сұрағанымен, әлі бірде-бір ел ауған үкіметіне көмектесетінін ресми түрде айтпады. Бұл саяси жағдайдың Қазақстан еліне әсері қандай болмақ? Елі мен жерінен безген ауғандықтардың біздің елімізді паналауы мүмкін бе? Босқындарды қабылдау қаншалықты дұрыс? Бұл сұрақтардың жауабы мүлдем бұлыңғыр. Өйткені, әлемдегі қазіргі саяси жағдай өте құбылмалы.
Тәліптер билік басына шықты деген хабар тараған алғашқы кезде еліміздегі әлеуметтік желілерде Қазақстанда ауған босқындарына арнап лагерь салынатыны туралы қауесет тарады. Бірақ, ҚР СІМ-і дереу бұл ақпаратты жоққа шығарды. Бұл ақпараттың тарауына себеп болған телеграм желісіндегі «Чиновник» каналында «Қазақстан АҚШ үкіметіне жұмыс істеген ауғандарды уақытша қабылдау туралы келісімге келді» деген жаңалық түрткі болды. Сонымен қоса, «Босқындарға лагерь Қазақстанның оңтүстік бөлігінде болады. Алғашқы екі мың ауғанға бюджет те бөлінген. Кеше АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен ҚР-ның Сыртқы Істер Министрі Тілеуберді Мұхтармен осы мәселеге байланысты телефон арқылы сөйлесті» делінген канал жазбасында. Алайда, министр М.Тілеуберді АҚШ хатшысымен байланыс орнатқанымен, әңгіме Ауғанстан жайында болмағанын мәлімдеді. Келесі күні желілерде Шымкенттегі Ә.Қастеев атындағы колледждің жатақхана қызметкері ауған елінен келетін шамамен 300 босқынға орын дайындау туралы тапсырма келіп түскенін баяндады. Бірақ, бұл ақпаратқа СІМ-нің өкілі Айбек Смадияров елге босқын қабылдау жайлы мәселе әзірге белгісіз екенін айтып, бұл жағдайды не растамады, не жоққа да шығармады.
Саяси жағдайға байланысты ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы Қазақстан елшілігіне ұлты қазақ азаматтарға барынша көмек қолын созуды тапсырған еді. Осыған сәйкес, ресми мәліметтер бойынша ауған жерінде 15 қазақ отбасы не 200-ге тарта қазақ азаматы бар деп жарияланды. Өйткені, Ауғанстандағы елшілікке өзін қазақпын деп көмек сұрайтындар көбейген. Олардың кейбірі өзінің руын, ата-бабасын, қазақ тілін білсе, қалғандары бұл жайтқа келгенде таңдайлары тақылдамайды деп мәлімдейді СІМ. Алайда, ауған жеріндегі қазақтардың айтуынша, олардың жалпы саны бұдан да көп. Себебі, бір Құндыз ауданының өзінде 15 шақты қазақ отбасы бар болса, бұдан бөлек Бағлан, Шариф, Тахар мен ел астанасы Кабулда өмір сүріп жатқан қазақтардың саны басым екенін айтуда.
Қазақтар Ауғанстан жеріне негізінен 1930 жылдары большевиктердің қуғынынан көшіп барған. Тіпті, ол уақытқа дейін ауғанға асқан қазақтар да болған деседі. Дегенмен, ауған жеріне осы кезге дейін қанша қазақ көшіп барғаны нақты емес. Себебі, уақытында санақ жүргізілмеген. Тек Ауғанстандағы қазақтардың саны жөніндегі шетел еңбектерінде 1960-1970 жылдардың өзінде елде 20-24 мың қазақ қоныстанған деп беріледі. Қалай десек те, ауған жеріндегі қазақтардың саны 15 отбасы не 200 адаммен шектелмейді.
Қазақстан қазір босқындардан бұрын 18 тамыз күні Алматы әуежайына БҰҰ-ның Ауғанстандағы бір топ қызметкері мінген ұшақты қабылдады. Бұл топ алты ай бойы Ауғанстандағы саяси жағдай оңалғанша елімізде болады. Еске салсақ, БҰҰ-ы Орталық Азия елдеріне өз қызметкерлерін уақытша орналастыру бойынша өтініш жасаған. БҰҰ-ы Ауғанстандағы 300 халықаралық қызметкерінің үштен бір бөлігін Қазақстанға орналастыратынын мәлімдеді. Ресми дерек бойынша ұшақта 141 UNAMA қызметкері болған. Көп ұзамай осындай эвакуцияланған қызметкерлердің екінші ұшағы елімізге келіп үлгерді. СІМ БҰҰ-ы ауған елінен келген халықаралық қызметкерлердің елдегі өмір сүру шығынан толықтай өзі көтеретінін мәлімдеді. Сонымен қатар, Қазақстан 25 азаматымен қатар 17 шетелдікті Ауғанстаннан алып шыққан деген мәлімет бар. Ал, әлем мемлекеттері әсіресе, АҚШ пен одақтастары Ауғанстаннан көп адамды эвакуациялауға тырысуда. Қазір ең көп ауған босқындарын қабылдап жатқан елдер Катар, БАӘ, Ұлыбритания, Германия. АҚШ, Австрия, Канада, Франция. Әзірше, барлығы 75 мыңнан аса адам Кабул әуежайынан әкетіліп эвакуцияланған. Билікті басып алған «Талибан» эвакуция процесін 31 тамызға дейін бітіруді талап етуде.
Елімізде босқын қабылдау тәжірбиесі бұрыннан бар. БҰҰ-ның Орталық Азиядағы өкілдігінің мәліметінше, 2018-2019 жылдардың ішінде Қазақстанға 608 босқын баспана іздеп келген болса, олардың көпшілігі осы біз қазір қабылдауға қорқып отырған ауғандықтар. Ал, 2017 жылға дейін ел билігі мыңға тарта босқынға көмек көрсеткен. Елімізде қазір көбінесе Ауғанстан, Сирия, Өзбекстан, ҚХР және тағы басқа елдерден келген 600-ге тарта босқын өмір сүруде. Босқындардың бәрі жаман емес. Олардың ішінде жоғары білім алған маман иелері де кездеседі. Қазір елдегі босқындардың көпшілігі Қазақстанның оңтүстік бөлігінде көп қоныстанған. Тәліптерге қатысты босқындар мәселесі Кеңес уақыты кезінде де орын алды. Қазақстанға білім алуға келген ауғандық студенттер билікке тәліптер келгеннен кейін, елге қайтуға беттерінен басып осында қалған. Сонда ауған босқындарының алғашқы легі Қазақстанды паналап жүргеніне жиырма жылдың үстіне шыққан. Қазақстандағы соғыссыз тыныш заман босқындар үшін – үлкен бақыт. Ал, әлемде бейбітшілікті аңсайтын босқындардың саны өте көп.
Ауғанстандағы қазіргі саяси ахуалға байланысты әлеуметтік желілерде қазақстандықтардың босқындарды қабылдауға қарсы екенін білдіретіндер көбейген. Әсіресе, бұл көзқарастар ұлты қазақ ауған азаматтарына қатысты. Өйткені, Ауғанстан жерінде қалып, болашағына үреймен қараған қазақтардың сәлемдемесі көбейген. Олардың сөздерінше: «Аудандарды, көшелер мен әр үйдің ауласын тәліптер бақылап жүреді», «тәліптер өзге ұлт өкілдеріне де қысым жасайды», «ұрады, соғады». Алайда, мұншама қазақтарды эвакуациялап, елге жеткізу өте күрделі процесс. Халық неге тәліптерден қорқады? Олар шариғат заңын күшпен орнатып, адам құқығын шектейді. Дарға асу, өлім жазасына кесу олар үшін өте оңай. Ер адамдарды сақал өсіруге, әйелдерді пәренжі киюге мәжбүрлейді. Музыка тыңдау, теледидар көруге тыйым салынған. Әсіресе, әйел құқығына қатаң шектеу көп. Ең жаманы, қолдарынан қару түспейтін тәліптер адам құқығын өрескел бұзады деп жиі айыпталады. Үрей мен қорқынышта өмір сүру қиынға соққан ауғандықтарды елге қабылдасақ, бізге қауіп төнбей ме? Бұл сауал әсіресе, ауған жерімен шекаралас Орта Азия елдерінің бас қайғысы. Босқындар Орталық Азиядан өтіп Ресейге де ағылуы мүмкін. Дегенмен, өзбек бауырлар дайындықты бастап та кеткендей. Термез маңында босқындарды қабылдау үшін лагерь салып жатыр. Тәжік елі де бес мың босқынды қабылдауға дайын екендерін айтты. Осыған қатысты, 22 тамызда партия мүшелерімен кеңесте сөз сөйлеген Ресей президенті Владимир Путин Ауғанстаннан қашқан босқындарды АҚШ пен Еуропа визасын алғанша, Орталық Азия елдеріне уақытша орналастыру туралы Батыс ұсынысын сынаған еді. «Ауған босқындары деген кейіппен содырлар пайда болғанын, 1990 жылдар мен 2000 жылдардың бас кезіндегі жағдайлардың қайталанғанын қаламаймыз» -деді Ресей президенті. Көпшіліктің қаупі де осы болып отыр.
АҚШ, Еуропаның кей елдері және Ұлыбритания Ауғанстан босқындарын қабылдауға дайын екенін хабарлады. АҚШ осыған дейін Еуропаның бірқатар еліне ауған босқындарын уақытша орналастырып, кейін Америкаға алып кетуге уәде берген. Босқындарды кім алып кетсе де, тәліптер мен ауған арасындағы содырлардан қорыққан елдер әлі де құшағын кең аша алмай отыр. Бірақ, тамыздың ортасынан бастап, Ауғанстандағы мыңдаған адам тәліптерден қауіптеніп, елден шығып кетуге жанталасып жатыр. Алайда, билікті қолға алсақ, ешкімді қуғындамаймыз, адам құқығын шектемейміз деген талибандықтардың уәдесіне жергілікті халықтың сенуі екіталай болып отыр.
Сүйкім Аяпбергенқызы