Биыл елімізде баспана бағасымен қатар, оны жалдау ақысы да күрт шарықтап кетті. Соңғы бір ай ішінде студенттер жаппай ағылатын Алматыда жалға берілетін пәтер құны 2-3 есеге дейін өскен. Жастар мен олардың ата-аналары мұндай соманы қалталары көтермейтінін жеткізіп, өз наразылықтарын әлеуметтік желілер арқылы білдіріп жатыр.
4-курс студенті Қырмызы Скендированың айтуынша, баға мен сапа бір-біріне пропорционал емес.
«Жалдамалы пәтер бағасы екі есе қымбаттады. Бұрын 80,90 мың теңгеге пәтер табу қиын емес-ті. Қазір құрығанда баға 150 мыңнан басталып, 200,300 мыңға дейін кете береді. 20-30 мың шәкіртақыға қарайтын студенттер үшін бұл ауыр.
Пәтер иелері өзге бизнес өкілдері сияқты салық төлемейтіні белгілі, алайда неге сонша баға шарықтап жатқаны түсініксіз екен. Баға мен сапа бір-біріне пропорционал емес. Көп пәтер иелері онымен қоса, студент десе, ат тонын ала қашады. Оқу жылы басталғалы жатыр, ал студенттер оқу жайын емес, баспанасыз қаламын ба деп уайымдауда»,— дейді ару.
Бұл пікірді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенті Елиза Нұрахыман да қолдады.
«Жалдамалы пәтер бағасы үй жағдайымен мүлдем сәйкес келмейді. Оның орналасуы, ауданы деген критерийлерге бағасы сай болса ғой, шіркін! Қазір көбі жердің бір жеріндегі үйлеріне әкесінің құнын сұрайды. Бостандық, Медеу және Алмалы аудандарындағы бағаларды айтпай-ақ қояйын. Шыны керек, елдегі пандемия ешкімге оңай тиіп жатқан жоқ. Арман қуып, үлкен қалаға енді келген жастарға тіпті қиын. Халықта ауызбіршілік пен мейірімділік болуы керек сияқты. Бір-бірімізді қолдаудың орнына ашындырып жатырмыз»,– деп өз ойын білдірді ол.
Ал үй иелері бағаның қымбаттауы сұраныстың көптігінен екенін алға тартуда.
«Пандемия біз үшін ауыр соққы болды. Өткен жылы табыссыз қалып, ипотекамызды төлей алмадық. Биыл студенттер дәстүрлі оқуға көшіп, пәтерге деген сұраныс артып отыр. Сәйкесінше, баға да жоғары. Қазір барлығы қымбаттап кетті ғой. Сол себепті таңғалудың аса қажеті жоқ. Студенттерге пәтер берілгеннен соң оның жағдайы нашарлайды. Артынша жөндеу жұмыстарын жасау керек. Бізді де түсініңіздер»,— деді Самат Хайроллаұлы.
Қазіргі таңда студенттердің бұл жағдайға көндігіп, бірігіп пәтер жалдаудан басқа амалы жоқ. Шарықтаған баға алдағы бір-екі айда түсе қоймайтыны анық.
Айта кетейік, жалдамалы пәтер ең қымбат қалалар тізімінде Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтау шаһарлары көш бастап тұр.
«Адырна» ұлттық порталы