Қазақстанда жыл оқиғасына айналған биылғы су тасқыны жаңа су мамандарына ділгірлікті көрсетті. Содан кейін ғана осы салаға назар аударылды. Бүгін су мамандығы бойынша білім беруде қандай өзгеріс бар, алдағы тасқындар мен су мәселесін шешуге қажетті мамандардың деңгейі қандай болуы мүмкін? Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілі жауап береді.
Елде су ресурстарын басқару, су қауіпсіздігі, гидротехникалық құрылыс және басқа да салаларда маман тапшылығы байқалады. Бұл жайында Су ресурстары және ирригация министрлігі Ғылым және инновация департаментінің басқарма басшысы Дидар Жәнібекұлы айтып, су мамандарын даярлау саласындағы ахуал туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, елімізде су ресурстары мен су шаруашылығы саласындағы мамандарға сұраныс жылдан жылға артуда.
ЖАҢА МИНИСТРЛІКТІҢ ЖАҢА ЖОЛ КАРТАСЫ
Қазіргі таңда Қазақстанның су шаруашылығы саласында шамамен 10 мыңнан астам адам жұмыс істейді, бұл көрсеткіш көбіне техникалық және басқарушылық деңгейдегі мамандармен толығуда. Ал совет одағы ыдырайтын қарсаңда Су министрі болған, кейіннен Су комитетін басқарған Нариман Қыпшақбаев сол кезде осы министрлікте бас-аяғы 200 мыңның үстінде адамның жұмыс істегенін айтқан еді. Бұл тұста қазіргі министрліктің тек 2023 жылы ғана құрылғанын да айта кеткен жөн.
Елдің су шаруашылығының негізгі құрылымдары мен су қауіпсіздігі бойынша мамандардың жетіспеушілігі саладағы тиімді жұмыс істеу үшін үлкен кедергі келтіруде. Осы себепті, 2024-2025 жылдарға арналған Жол картасы аясында су шаруашылығы саласын дамыту үшін бірнеше маңызды бастамалар қолға алынған.
Жол картасы 28 нақты шараны қамтиды, олардың ішінде:
Су шаруашылығы мамандарына сұранысты талдау;
Білім беру бағдарламаларын жаңарту;
Жоғары оқу орындары мен колледждердің материалдық базасын жақсарту сынды мәселелер бар.
АРНАЙЫ ОҚУ ОРЫНЫ АШЫЛДЫ. САЛАДАҒЫ САН АРТТЫ
Жаңалықтардың бірі – 2024 жылы Қазақ Ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің ашылуы. Бұл университеттің мақсаты – елдегі су мамандарын даярлау сапасын арттыру және жаңа стандарттар мен технологияларды енгізу болып табылады. Бұл оқу орны Қазақстанда су саласына қажетті кадрларды даярлау жүйесінің дамуына жаңа серпін бермек. Университетте алғашқы оқу жылында бакалавриатқа 129, магистратураға 1, докторантураға 13 студент қабылданған. Студенттер үшін теориялық білімді практикамен ұштастыру мәселесі де назардан тыс қалмаса керек. Осы мақсатта «Қазсушар» мекемесімен меморандумға қол қойылып, 80-нен астам студент өңірлік мекемелерде өндірістік тәжірибеден өткені айтылады.
Дидар Жәнібекұлының мәліметінше, бүгінгі таңда су саласына кадрлар 10 жоғары оқу орнында даярланады. 2024-2025 оқу жылы су мамандықтарына (сумен жабдықтау және су бұру, су ресурстары және су пайдалану, гидрология, гидрогеология, гидротехникалық құрылыс және су ресурстарын басқару) 523 студент бакалаврға қабылданды. 2023-2024 оқу жылы осы мамандықтарға 266 студент қабылданған болатын. Су шаруашылығына қажетті жұмысшы орта буын мамандарын даярлау еліміздің 6 өңірінде орналасқан 8 техникалық және кәсіптік білім беру колледждерінде жүргізіледі.
Сонымен қатар, Оқу-ағарту министрлігі мен облыс әкімдіктерінің ақпаратына сәйкес 2025-2026 оқу жылдарынан бастап Қарағанды, Ұлытау облыстарындағы колледждерінде «Гидротехникалық мелиорация» және «Гидротехникалық құрылыс» жаңа мамандықтар бойынша оқыту жоспарлануда.
«Орталық Азиядағы аймақтық экологиялық орталығының қолдауымен Шу-Талас, Арал-Сырдария бассейндік инспекциялардының 20 маманы трансшекаралық өзендер бассейндеріндегі су ресурстарын біріктірілген басқару бойынша оқу тренингтерінен өтті», - дейді Сумин Ғылым және инновация департаментінің басқарма басшысы Дидар Жәнібекұлы.
ЖАС МАМАНҒА ЖАСАЛҒАН ЖАҒДАЙ. СЕНУГЕ БОЛА МА?
Сумин Ғылым және инновация департаментінің басқарма басшысы Дидар Жәнібекұлы атап өткендей, қазіргі кезде су мамандарын даярлау сапасын арттыру үшін жаңа кәсіптік стандарттар енгізіліп, білім беру бағдарламалары қайта қаралуда. Бұл шаралар гидротехникалық құрылыс, су ресурстарын басқару, экология және гидрология сияқты салаларда жаңа білім беру бағдарламаларын енгізуге ықпал етеді. Осылайша, еліміздің су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында білім беру жүйесі үнемі жаңартылып отыруы мүмкін.
Су шаруашылығы саласына мамандар даярлаудың сапасын арттыруда гранттар жүйесі де маңызды. 2024-2025 оқу жылында 523 студент су ресурстары, гидрология, гидрогеология және су пайдалану мамандықтары бойынша гранттар негізінде оқуға қабылданған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай артып, су шаруашылығына қызығушылық танытқан жастардың санының өсіп отырғанын көрсетеді. Гранттардың көбеюі саланың маңыздылығын түсінген жастардың сапалы білім алуына мүмкіндік бермек. Мысалы, 2022 жылы Мақтаарал аграрлық колледжінде «Гидротехникалық құрылыс» мамандығы бойынша 44 студент оқыса, 2024 жылы олардың саны 94-ке жеткен.
Сумин Ғылым және инновация департаментінің басқарма басшысының пікірінше, су шаруашылығы мамандарын даярлау сапасын арттыру үшін қос дипломдық бағдарламалар да белсенді түрде дамып келеді. Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындары мен шетелдік университеттер арасында серіктестік орнатылып, студенттерге халықаралық деңгейдегі білім алуға мүмкіндік беріледі. Бұл бағдарлама арқылы студенттер өз білімін тек теориялық тұрғыдан емес, халықаралық тәжірибе мен практикалық дағдылармен толықтырады. Бұл шаралар су мамандарын даярлау жүйесін әлемдік деңгейге көтеруге көмектеседі.
Су ресурстарын тиімді басқару үшін Қазақстан 2027 жылға дейін 11 кәсіптік стандартты жаңартуды және 9 жаңа стандарт әзірлеуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, білім беру бағдарламаларына инновациялық әдістер енгізіліп, су шаруашылығы мамандықтары «Болашақ» бағдарламасына қосылған.
Су саласындағы мамандарды даярлау мен жұмысқа орналастыруда дуальді оқыту жүйесі де үлкен маңызға ие. Дуальді оқыту студенттерге теориялық білім мен өндірістік тәжірибені үйлестіруге мүмкіндік береді.
Бұл жайында Дидар Жәнібекұлы былай дейді:
«Колледжде дуальды оқыту жүйесі 2021-2022 оқу жылынан бастап енгізілді. Дуальді оқыту дегеніміз – бұл оқытудың теориялық бөлігі білім беру ұйымының базасында, ал практикалық бөлігі жұмыс орнында өтетін оқыту түрі. Дуальді білім беру жүйесі колледжде теориялық оқытудың – 40% және өндірісте кемінде – 60% қамтиды. Негізгі мақсаты – жұмысқа орналастыру. Колледждер дуальды оқыту жүйесі аясында білім алушыларды кәсіптік оқыту мен өндірістік оқыту практикасынан өткізу мақсатында жергілкті жерлерде, аудандарында орналасқан су шаруашылығындағы кәсіпорындарымен әлеуметтік серіктестік ретінде келісім-шартқа тұрған. Колледж түлектері жұмыспен қамту нарығында еркін бәсекелесе отырып, өңірдің кәсіпорындары мен ұйымдарында да сәтті жұмыс істейді», - дейді ол.
Елдегі су шаруашылығы саласындағы маман тапшылығын шешуге «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы да белсенді түрде ықпал етіп келеді. Бұл бағдарламаның аясында ауылдық аймақтарда жұмыс істейтін мамандарға әлеуметтік қолдау көрсетіліп, су ресурстарын басқаруға байланысты мамандықтарға сұраныс артқаны байқалған. Бұл шара ауылдық өңірлерде жоғары білікті мамандардың жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.
Делназ Менсейітова