Актер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс «Еуразия» бірінші арнасына берген сұхбатында өткен өміріндегі қателіктері мен өкініштері жайлы ашып айтты.
Бала күнінен әнге әуес, күйге құмар болып өскен актер, театр сахнасында 20 жыл үздіксіз шалдың рөлін сомдаған. Әскерге барып, Қиыр шығыстың «Үздік солдаты» атанған. Сахнадан қорқамын және оған ессіз ғашықпын деген актер алғашқы махаббатына неліктен қолы жетпей қалғанын айтты.
«Мектепте оқып жүрген жылдары «Ұлан» деген ансамбль болды. Сол топтың Гүлзира деген әнші қызына ғашық болдым. Оның құрбысы Банудан талай хаттар беріп жібергем, бірақ бәрі жауапсыз қалды. Өзім қасына барып сезімімді жеткізуге батылым бармады. Кейде жазған хаттарым жетпей қалып жатты. Әскерге кеткен кезде де хат жазуды тоқтатқан емеспін. Ол кезде мен ауылдан келген қара бала едім. Қаланың нәзік қызы мені менсінбеді. Әскерден келген кезде де алғашқы махаббатымды іздедім. Бірақ ол тұрмысқа шығып кеткен екен. Мен бұл хабарға сенбедім. Көзіммен көрмесем сенбеймін деп іздеп бардым. Гүлзираның тұрмыста екенін көзіммен көріп, көңіл суыттым»,-деді актер.
«Ол кезде маған келетін хаттар көп еді. Мен көбіне жауап жазбайтынмын. Өзі келіп, сезімін ашық білдіре алмады. Маған ешқашан ашық айтқан емес. Бір күні менің туған күніме гүл алып келген кезде ұялғанымнан тығылып қалдым. Әкеме мені үйде жоқ деп айтшы дегенім есімде...»,-деп актердың алғашқы махаббаты Гүзира Қасымжанова есіне алды.
5 жасында әкесінен айырылып, атасы мен ағасының тәрбиесімен өсіп, анасының қамқорлығында болған актердің ата-анасына деген сағынышы ешқашан басылмаған. Бұрынғы мен бүгінгі заманды салыстырып, екі кезеңдегі артықшылықтар мен кемшіліктерді былай деп баяндады...
«Ол кезде бізде барлығы да шынайы еді. Қазір ғой ол, ізгілікті жоғалтып, махаббатқа құлдықтың қамытын кигізіп қойдық. Ақшаның қолын сүйгізіп, ойсыз бен мұңсыздың алдында маңдайын жерге тигізіп, бардың қолжаулығы, жоқтың қобызды мұңы етіп қойдық. Махаббатты ұмытқан қоғам бақытсыз ұрпақ тәрбиелейді деген сөз бар ғой, мен сонымен толық келісемін. Сол себепті қазіргі жастар ойсыз үйленіп, мұңсыз ажырасады. Олардың балалары наркоман, немерелері нервный болады!»,-деп тәрбиеге тоқталса...
«Ал Совет кезеңін көрген адамдардың барлығы десем қателеспейтін шығармын, тіпті 90 пайызы ішімдікті айналып өте алмады. Бұл сол заманның кем тұсы. Оның ішінде мен де бармын. Жұмысқа аузымнан ішімдіктің иісі шығып барған кездер де болды. Құдайды Құбыладан емес ішімдік құмырасынан іздедік. Мойнымызға азаптың шынжырын таққалы, тағдырдың талай тауқыметін тартқалы, шайтанмен жын қаққалы, кәпірстан-зымыстан діннің жолын жапқалы не істемедік дейсіз, бәрін істедік. Бізге қарап бой түзеп келе жатқан ұрпаққа қателіктерімізді айтып, бізде болған өкініштерімізді жасамауларына жөн сілтеп отыру дұрыс деп ойлаймын»,- деді Бекжан Тұрыс.