Мьянмада тағы да жер сілкінісі болды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық агенттігіне (EMSC) сілтеме жасап.
Бұл жолы Мьянма аумағындағы жер сілкінісінің магнитудасы 5,5 болған.
Сейсмикалық белсенділік 13 сәуір күні Астана уақытымен 08:24-те тіркелген. Жер сілкінісінің эпицентрі Мандалай қаласынан оңтүстікке қарай шамамен 92 шақырым жерде орналасқан. Айта кетейік, Мандалай – Мьянмадағы халық саны 1,2 миллионға жуық екінші ірі қала.
Сондай-ақ жер сілкінісі халқы 177 мыңнан асатын Мейктила қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 34 шақырым жерде де байқалған. Жер сілкінісінің ошағы 8 шақырым тереңдікте болған.
Қазіргі таңда зардап шеккендер мен қирандылар туралы ақпарат жоқ.
Еске сала кетейік, 28 наурызда Мьянмада 7,7 магнитудалы қуатты жер сілкінісі тіркеліп, 29 наурызда қайтадан қайталанған болатын. Жер сілкінісі салдарынан 2 700-ден астам адам қаза тапты. Осыған байланысты 31 наурыз бен 6 сәуір аралығында Мьянмада ұлттық аза тұту күні жарияланған болатын.