Жуырда Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекесін атап өтті. Құшақтары гүлге толып, марапатқа ие болған журналистер осы бір күнді жыл сайын асыға күтетіні рас. Себебі бір жылғы еңбегі осы күні сарапталып, бағаланады. «Төртінші билік өкілдері» саналатын журналистер қауымы бұл мерекені өз халдерінше атап өткенімен, олардың басындағы мәселелер бір марапатпен немесе сый-сияпатпен шешіліп кетпейді. Әсіресе, қазіргі таңда жас журналистерге жасалып жатқан жағдайды көріп, іштей «әттең» деп қалатынымыз рас.
Журналистер — үнемі ізденіс үстінде жүретін, дамылсыз, демалыссыз еңбек етіп, билік пен халық арасында көпір болып жүрген жандар. Олардың күннің аптап ыстығында да, қыстың қаһарлы аязында да елдегі мәселелерді билікке жеткізу үшін қолына диктофоны мен микрофонын ұстап, «жүгіріп» жүретінін ел жақсы біледі. Сырт қарағанда, журналистердің жағдайы керемет болып көрінуі мүмкін. Шындығында елімізде журналистерге, оның ішінде жас журналистерге ешқандай жағдай жасалып жатқан жоқ.
Осыдан бірер күн бұрын белгілі тележүргізуші, халықтың сүйікті журналистерінің бірі Зейін Әліпбек республикалық басылымдардың біріне берген сұхбатында Қазақстанда журналистиканы дамытуға қатысты жұмыстар әлі қолға алынбай келе жатқанын, БАҚ өкілдері құқықтық жағынан да, әлеуметтік жағынан да қорғалмаған бірден-бір мамандық екенін айтқан болатын. Ол өз сөзінде: «Қазір кім көрінгеннің әкіреңдеуі мен қоқан-лоқысына төзіп жүре беретін кім? Журналист. Сәл сын жазса, белгісіз себептермен жұмыстан шығып қалатын кім? Журналист. Өзге кәсіп иелеріне мемлекет тарапынан түрлі игіліктер жасалып, аспаннан шұға жауып жатса да, ұлтарақ тимейтін кім? Тағы да журналист. Жалақысыешқашанөспейтінкім – журналист. Бүгінгікүні журналист атаулының бар көріпотырғанжақсылығы – әкімдіктердің, министрліктердіңЖурналистеркүніжылынабірмәртеберетін грамоталары мен аздағанақшалай, заттайсыйлықтарығана», — деп өз пікірін айтқан болатын.
Шынында, қашан да журналистердің арқалағаны алтын болғанымен, жегені жантақ. Ресми басылымда немесе телеарнада жұмыс жасасаң, артық нәрсе жазуға немесе айтуға «рұқсат» жоқ. Ал тәуелсіз басылымда жұмыс жасасаң, жан-жақтан қысым көресің. Бұл — бір. Екіншіден, қазір жас журналистердің көп бөлігі баспанасыз жүр. Пәтер жалдап, көшіп-қонып жүрген маманның жайы белгілі ғой. «Ертең мына пәтерден шығарып жібермей ме?» деп қылпылдап жүреді.
Үшіншіден, қазіргі таңда жас журналистердің жалақысы өте аз. Кеше ғана оқу орнын бітіріп, қызметін бастаған маман бір айлыққа телміріп жүретіні рас. Ол қосымша қаржы табудың «жолын» білмейді. Бұл жерде тәжірибелі, азулы журналистердің жайы — бөлек әңгіме.
Төртіншіден, қазіргідей пандемия кезінде өзге жауапты мамандық иелері, атап айтсақ, дәрігерлер, құқық қорғау органдарыныңөкілдері қосымша ақы алып жатқанда, журналистердің бұл қамқорлықтан тыс қалуы.Мәселен, неге осындай қиын сәтте оларға медициналық көмекті тегін етпеске? Ел мен биліктің арасында шырылдап жүрген жандардың бүгінгідей пандемия кезінде ай, тоқсан сайын өз қаржысына ПТР тест тапсырып, алған жалақысын жеткізе алмай жүргені жасырын емес.
Бесіншіден, жастарға қатысты тағы бір мәселе — әріптес аға-апалар тарапынан қамқорлықтың жоқтығы. Олай дейтініміз, қазіргі тәжірибелі, өте білімді журналистер қарамағындағы немесе қасындағы жас мамандарға жол көрсетіп, білгенін үйретпейді. Олар жеке басын ғана ойлап, іргесін аулақ ұстауға тырысады. Жастарды ынталандырмайды, оларға стимул беру үшін ешқандай қолдау көрсетпейді. Бұл жерде тек материалдық көмек сөз болып отырған жоқ.
Иә, мемлекеттік қызметке, иә бюджеттік салаға жатпайтын журналистердің өсуге келгенде тосырқап қалатыны шындық. Тек бұл жерде өсуді бастық болумен шатастырмаған жөн.
Жыл сайын елімізде жас журналистердің үлесі артып келеді. Олардың саны артқан сайын мәселелер де көбейетіні рас. Атап айтсақ, баспананың болмауы, білімін жетілдіруге, ел-жер көріп, тәжірибе жинақтауға қаржының жоқтығы, жастардың өзара бас қосып, бір-бірін дамытуға ықпал етуі үшін тренингтердің, дәрістердің ұйымдастырылмауы, т.б.
Біз осы орайда бірқатар жас тілшілермен тілдескен едік. Өкінішке қарай, олар өз аты-жөнін жарияламауды ұсынды. Оған себеп жұмыс жасап жүрген мекемелеріндегі басшылықтың сынды дұрыс қабылдай алмауында деп түсіндірді жастар.
Е.С, жас тілші:
— Қазір қоғамда сын айтып, мәселе көтерсең басшылықтың ұнайпайтыны шындық. Сондықтан нәпақаңнан қағылмау үшін бас көтеріп, артық пікір айтқың келмейді. Отбасымызды асырауымыз керек. Шындықты айтып, шырылдағанмен, үйде бала-шағаң аш отырса жігіт деген атымызға тағы сын.
Жалпы біздің елімізде журналистер қауымы әлеуметтік жағынан еш қорғалмаған. Қазір қымбатшылық жан-жақтан қысқан кезеңде бір жалақыға күн көру қиын. Алайда мұны қолында билігі бар түсінбейді.
Біздің жағдайымызды түзеу үшін заңға өзгерістер енгізу керек деп ойлаймын. Заң жағынан қорғалмасақ, басқасы бос сөз.
Д.А, журналист:
— Жылына бір келетін мерекемізде жергілікті биліктің немесе мекеме басшысының бір реттік сыйақысын аламыз. Соған мәз боламыз. Еңбекақымыз жол шығыны мен тамағымыздан артылмайды. Қазір елімізде баспанасыз жүрген, бала-шағасын оқытуға қаржы таппай жүрген журналистер аз емес. Бәріміз сол несие алып, 10-20 жыл бойы қарызға батып жүруге мәжбүрміз. Ешқандай санатқа жатпайтын біздің құқығымызды қорғауға билік құлықсыз. Тым болмаса еңбекақымызды көтерсе, мұндай мәселелер болаған болар еді. Қысы-жазы тынбай, әлемде және елімізде болып жатқан жаңалықтар мен оқиғаларды халыққа жеткізетін журналистердің ұшан-теңіз еңбегінің ақысы жоғарыда отырған депутаттардың бір мейрамханаға барып, даяшыға қалдырып кететін «шай-пұлына» да жетпейтіні қынжылтады.
Р.S. Хакім Абайдың «Нәпақа табам деп, өмір сүруді ұмытып кетпе», — деген нақыл сөзі бар. Осы сөздің тереңіне үңіле отырып, шынында да біз осы нәпақа табамыз деп, өмір сүруді «ұмытып» бара жоқпыз ба деген ой келеді. Себебі қазір көзімізді тырнап ашқаннан ойлайтынымыз — жетпеген дүниені жеткізу, жыртығымызды жамау.Ал сіз не айтар едіңіз, жас журналист?
Данагүл БАЙМҰҚАШ,
«Адырна» ұлттық порталы.