(Белгілі басылымның алғашқы бас редакторы туралы не білеміз?)
Көрген, білген өкінді,
Мін тағар жан болмады.
Абай
Ғани – кедей, Ғани – бай...
Жиырма үшке де толып үлгермей өмірден өтті. Жасынның жарқ еткеніндей ғана ғұмыр. Туғанына жүз жылдан әлдеқашан асып кетсе де сол күлімсіреп тұрған бозбала қалпы. Жымия күлген күйі жиырма бірінші ғасырдың табалдырығынан аттады. Ғани-ғұмыр. Ғани-ғасыр...
Қазақта бұрын Ғани деген есім көп болмаған сияқты. Мұратбайдың тым болмаса екі мүшел жасқа да жетпей қыршынынан қиылған қайсар ұлының құрметіне талай оғланға азан шақырып ат қойдық. Ғанидың бұл есімді иелену тарихы да қызық. Қазалыда Ғанибай Құсайынов деген ұлты татар ауқатты кісі болыпты. Кейбір зерттеушілер оны жиырмасыншы ғасырдың басында Қазанда кітап шығарып тұрған баспагер Құсайыновтың ағайыны деп те айтады. Қазалыдағы бұрын ауыл шаруашылығы техникумы орналасқан ғимарат бір кезде Ғанибайдың меншігіндегі ауланың ішінде екен. Мұратбай болыс жиі араласып тұратын татар тамырының құрметіне баласының есімін Ғанибай деп атапты. Кейін жай ғана Ғани болып кеткен.
Кезінде жұртшылық жаппай оқыған Айтбай Хангелдиннің «Ғанидың жұлдызы» атты кітабында Ғанидың алғашқы аты Ғанибет еді деп көрсетіледі. Сол кездегі идеологияның бұлжымас талаптары сақталғандықтан кітаптағы Ғани бай мен Мұратбай біріне-бірі жауығады да жүреді. Дей тұрсақ та, өз дәуірінде тиісті бағасын алған Жүсіпбек Арыстанов пен Айтбай Хангелдиннің Ғани туралы көркем шығармаларын жоққа шығаруға болмас.
Ғанидың әкесінің сіңірі шыққан кедей болғаны жөніндегі «мифтің» қалай тарағаны белгілі. Кеңес өкіметінің талабы солай еді. «Жас Алаштың» өзі де 1935 жылы «Ғани жолдас – бұрынғы Қазалы уезіндегі малмен күнелткен бір шаруаның баласы» деп жазды. Ал Мұратбай – Қалыңбас болысын басқарған кісі. Оны бүкіл Қазалы жұрты жақсы біледі. Болыс баласын жасынан оқу-білімге бейімдеген. Ғани ержеткен соң әкесінің қағаздарын жазып-сызуға жәрдемдескен.
Ғанидың туғанына тоқсан жыл толғанда «Жас Алашта» қызмет істейтін едім. Мерейтой қарсаңында әйгілі жастар жетекшісінің зайыбы Бақытжан әжемен әлсін-әлсін әңгімелесіп тұрдық. Сол тұста басылым бетінде «республика жастар ұйымының мүшелері кеуделеріне Ғанидың бейнесі бар белгі тағып жүрсе» деген ұсыныс айтылған. Бақытжан апа соны естіп қатты қуанып еді. 84 жасқа келгеніне қарамастан тың болатын. Қазалыға, Ғанидың тоқсан жылдық тойына баруға дайындалды. Бірақ тағдыр оған жазбады. Бар-жоғы бір-екі ай айналдырған ауыр дерт ақыры алып тынды. Бақытжан әжені жер-бесікке бөлеген делегация түс қайта Қазалыға аттанды. 1992 жылғы 3 маусымда, Ғани тұп-тура тоқсан жасқа толған күні «Жас Алаш» оның зайыбының өмірден өткені туралы қазанама жариялады...
Бақытжан әжеміз Алматының «Самал-2» шағын ауданында тұрды. Ол үйінің іргесіндегі Оқушылар сарайының алдындағы Ғани ескерткішіне жиі баратын. «Құдай-ау, сол баяғы жиырма бесінші жылғыдай жап-жас. Тас тұғырдан қарғып түсіп, жайраңдап маған қарай ұмтылатын сияқты көрінеді», – дейтін.
Ғани мен Бақытжан Қазалы өңіріндегі «Құмшөл» деген жерде жастар басқосуында танысыпты. Ғанидың жанында сол жолы Бейімбет, Зақыш, Махамбетжан деген жолдастары болыпты. Сөзге шешен, ажар көркі тіл-ауызды байлайтын жас жігіт он алты жастағы ауыл бойжеткенін салғаннан ұнатып қалыпты.
– Мен елден ерекше көрікті де болғам жоқ, – дейді Бақытжан әжеміз, – Оның үстіне білім алып та жарытпаған кезім. Шамасы, жастар жиналған жерде өткір пікір айтып көзге түссем керек. Мәжілістен соң өзі келді. Әңгімеміз бірден жарасты. Ұзамай бірлесіп отау құрсақ деген ниетін аңғартты. Мен не дейін? Қазақтың ең сымбатты жігіті көңіл білдіріп тұрса... Күзде Қазалыда той жасадық. Бір-екі ай тұрған соң Мәскеуге кеттік. Ғаниды сол кезде-ақ ауру айналдырып жүр екен. Қазалыға келгенде жүдеулеу көрінген. Елде болған бірер айдың ішінде ет жеп, қымыз ішіп, едәуір тыңайып қалған. Мәскеуден шақырту жеткенде емдеуші дәрігері Обинарович: «Тым болмаса, бір жылға жуық осында болшы, науқасыңнан құлан-таза айықтырамын», – деп жата кеп жалынды. Обинарович қолы шипалы, білікті дәрігер болатын. Оның үстіне Қазалының қымызын бір жыл ішкен адамның кез-келген аурудың құрсауынан аман шығары анық еді. Бірақ оған Ғани көнді ме?
Бақытжанның бақыты
Ғани мен Бақытжан Мәскеуге келіп, комсомол қызметкерлеріне арналған үйдің аядай бір бөлмесіне қоныстанады. Ауыл қызына бәрі таңсық. Ғани қауырт жұмыстан қолы қалт еткенде көше аралатады. Бұл ел-жұрт тәңірдей табынған Ленин өмірден өткен жыл болатын. Мәскеу әлі де азалы. Ағаш ұсталары мен құрылысшылар Кремльдің алдында көсемнің кесенесінің қаңқасын қалап жатыр. Ғани Бақытжанға соны көрсетеді.
Кешке қуықтай бөлмеге Ғанидың жолдастарының бәрі жиналады. Шетінен жігерлі, шетінен екпінді. Сөз сөйлесе дес бермейді. Бірақ солардың ішінде Ғани ерекше. Бұл бір Бақытжанның бақыттан басы айналған күндер еді. Осы қуаныш ұзаққа созылмады ғой.
Бір күні Ғани жиналыста сөз сөйлеп тұрғанда қатты қысылып, қан тастайды. Соны көрген жолдастары оны дереу Сухумидегі сауықтыру орнына барып емделуге көндіреді. Ғани, әрине, айықпас дерттің қармағына түскенін жақсы білетін. Бірақ жазылып, қатарға қосылып кетем ғой деген үміті басым болатын. Ол сол үмітпен өмір сүрді. Сухумиге Бақытжан да еріп барғысы келеді. Ғани оның бірге жүргенін қаламайды. «Сен ауылға, Қазалыға қайт. Мен бірер айда барып қалармын. Қымыз дайындап қой», – деп, жымиып аттанып кетеді.
Бақытжан елге келіп, өздері шаңырақ көтерген жерге үй тігеді. Айналасына сексеуіл жинайды. Ғани әне-міне келіп қалады деп отырғанда суыт хабар жетеді.
– Сөйтсем, дәм-тұзы таусылатынын сезген Ғани мені ауылға алдап жіберген екен ғой. Аңырап Мәскеу қайдасың деп тартып отырдым. Жаныма Ғанидың ағайындарынан Ағыбай, Құрақмет деген кісілер ерді. Ол кезде қазіргідей үш-төрт сағаттың ішінде Мәскеуге табаныңды тигізетін ұшақ қайда? Отарбамен өліп-өшіп, табандатқан төрт тәулік жүріп жеткенімізде Мәскеу жұртшылығы Ғанидың денесін қара жердің қойнына тапсырғанына бір күн болған екен. Бізді вокзалда Ғанидың қызметтес жақын жолдастарының бірі Подвойский қарсы алды. Жол бойы жанары жасқа шыланып, «Өмірге ерте келіп, ерте кетті ғой», – деп ауыр күрсінумен болды. Ғанидың табаны тиген орындар көзге шалынған сайын көңілім босап, егіле беремін. Ауылға қайтқанша құр сүлдерім қалды.
Бақытжан Құрманбайқызы өмірден өткенше жиі жүздесіп тұрдық. 1990 жылы «Жас Алашта» ол кісімен көлемді сұхбат жарияладық. Марқұм әжеміз сонда көп жайға қанықтырып еді. Ғани мен Бақытжан 1924 жылғы 16 қазанда некелескен. Заңды неке №64 жазбамен Қазалы қаласында тіркелген. Неке куәлік 1957 жылы ескі жазбаның негізінде жаңартылып берілген.
Екеуінен ұрпақ болмады. Бақытжан кейін Ғани тәрбиелеп өсірген, туған інісіндей көрген Жұмағали Елеусізовке тұрмысқа шыққан. Бір немересінің атын Ғанидың атына жаздырған. Ғанидай болып өссе екен деп ырым қылады. Серік Ғаниұлы Мұратбаев ұзақ жылдар бойы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет істеді. Сексенінші жылдар баспасөзінде жиі көрінген орыс тілінде жазатын журналист Жанна Нұрланова да Бақытжан әжейдің ұрпақтарының бірі.
Жылаған жұрт, егілген ел
Енді Ғанидың қазасы жөніндегі деректерге жүгінейік. «Правда» газеті 1925 жылғы 17 сәуірдегі №88 (3019) санында мынадай қазанамалар жариялады:
«Коммунистік Жастар Интернационалы Атқару комитеті КИМ-нің барлық секцияларына сәуірдің 15-і күні кешкі сағат 5-тен 50 минут кеткенде Коммунистік Жастар Интернационалы Атқару комитетінің мүшесі Ғани Мұратбаев жолдастың ұзаққа созылған ауыр науқастан кейін қайтыс болғанын қатты қайғырып хабарлайды».
«Коммунистік Жастар Интернационалы Атқару комитеті, РЛКЖО Орталық Комитеті және Мәскеу қалалық комсомол комитеті РЛКЖО-ның барлық мүшелеріне КИМ Атқару комитетінің және РЛКЖО Орталық Комитетінің мүшесі Ғани Мұратбаев жолдастың үстіміздегі жылғы 18 сәуір, сенбі күні жерленетінін хабарлайды. Марқұмның денесі күндізгі сағат 1-де Страстная алаңы, №3 үй, КУТВ клубынан шығарылады. Мәйіт Ваганьков зиратына қойылады».
«Қырғыз студенттер комитеті қырғыз жастарына еңбекші қырғыз жастарының көсемі Мұратбаев жолдастың қайтыс болғанын қатты қайғырып хабарлайды. Жерлеу рәсімі 18 сәуірде, сенбі күні, күндізгі сағат 1-де басталады. Қырғыз жастары сол күні сағат 11-де Қырғыз өкілдігі үйі ғимаратының (Трубниковский тұйық көшесі, 10 үй) алдына жиналуы керек. Қырғыз студенттер комитеті».
«Правда» газетінің бұл санында комсомолдың орталық комитетінің Ғанидың қазасына байланысты барлық жастарға арналған үндеуі жарияланған. Сол кездің рухымен жазылған бұл құжаттан біз жастар жетекшісіне қатерлі аурудың 1924 жылдың күзінде жабысқаны жөнінде мәлімет аламыз. «Ғани Мұратбаев енді жоқ. Қырғыз жастары оның орнына жаңадан жанқиярлықпен еңбек ететін ондаған-жүздеген қызметкерлерді ұсынуға тиіс», – делінеді үндеуде. Сондай-ақ басылым бетінде қазақтың ардақты ұлдарының бірі Нәзір Төреқұловтың азасөзі де бар. «Біздің тынымсыз Ғани өлді дегенге сенбейсің, сенгің де келмейді. Бұл қаза оны білетіндердің жан-дүниесіне ең сенімді, ең жақын аға-ініні, жауынгерді жоғалту сезімін ұялатып отыр», – деп егіледі ол.
«Тым қысқа ғұмыр» («Такая короткая жизнь») деп аталатын деректі фильмді көргеніңіз бар ма? Бұл – бар ғұмырын Ғани өмірін зерттеуге арнаған танымал журналист, марқұм Сейілхан Асқаровтың сценарийі бойынша түсірілген туынды. Сонда бар-жоғы бір-екі секундта ғана көз алдыңнан өте шығатын ғажап көрініс бар. Коминтерннің Шығыс бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалған Ғани бір сәт күлімдеп тұрады. Мұны Мәскеу мұрағаттарынан Сейілхан Асқаров немесе сол фильмге атсалысқан Ғаділбек Шалахметов тапқан болуы мүмкін. Қалай болғанда да өте құнды дүние! Бірақ Ғанидың бұл қызметін атқаруға мүмкіндігі болмаған секілді. Оны «Правданың» тілімізге тиек болып отырған санында жарияланған Н.Фокиннің азасөзі дәлелдейді. «Коммунистік Жастар Интернационалының соңғы конгресі оны Атқару комитетінің құрамына сайлап, КИМ-нің Шығыс бөліміне жетекшілік етуді тапсырып еді, бірақ Ғаниға бұл жерде жұмыс істеудің сәті түскен жоқ. Ешқандай ем-дом да, Кавказ да, өмірге деген ыстық ықылас та көмектесе алмады». Н.Фокиннің сөзінде қазақ жастарының Ғаниды аман алып қалу үшін емдеу орнына қаражат жіберіп тұрғаны жөнінде айтылады.
Қадір мен құрмет
Сонымен, Ғани Мәскеуде жерленді. Отызыншы жылдардағы ойранда да, қырқыншы жылдардағы қырғында да ел Ғаниды жадынан шығарған жоқ. Әсіресе, өзі шаңырағын көтерген «Жас Алашы» оны ешқашан ұмытқан емес. Мәселен, «Лениншіл жас» 1935 жылғы 25 сәуірде «Ғани Мұратбайұлының қайтыс болғанына он жыл» деген тақырыппен материалдар топтамасын жариялады. Мақалалар мен деректер басылымның сол күнгі санының түгелге жуығын қамтыды. «Ғанидың өмір тарихын газетіміздің бір санында түгел беру, түгел айтып шығу өте қиын нәрсе... Ғани жолдас туралы басылып отырған материалдар негізінен 1925 жылы Мәскеуде басылып шыққан «Біздің Ғани» деген кітаптан алынды. Бұл материалдар Алматы қалалық комсомолдар ұйымының 15 жылдығымен қабат келгендіктен кешігіп басылып отыр» деген түсініктеме берілген редакциялық мақалада.
Бірақ Ғани қайтыс болғаннан кейін отыз-қырық жыл бедерінде оның Мәскеудегі қабіріне көп адам ат басын бұра бермеген сияқты. Тіпті оның Ваганьков зиратының қай тұсында жатқаны да ұмытыла бастағандай еді. Құдай сәтін салғанда, алпысыншы жылдарда қазақ мәдениетінің жанашыры Өзбекәлі Жәнібеков Қазақстан комсомолының басшылығына келді. Келе сала Ғанидың жарқын бейнесін жастардың санасына орнықтыру мәселесімен айналысты. Осының алдында Оңтүстік Қазақстан облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болған Өзағаңның бастамасымен Шымкентте Ғаниға ескерткішті қандай қиындықпен орнатқандарын Қалаубек аға Тұрсынқұлов талай жазды. Бірінші хатшы алаш ардақ тұтқан Өзағаң болса, облыстық комсомол комитетінің оқу орындары жөніндегі хатшысы қарымды қаламгер Қалаубек Тұрсынқұлов болса, Ғанидың маңдайына шаң тисін бе, облыс басшыларының қарсылығына қарамастан Мәскеуде жасалған ескерткіш Шымкенттің қақ ортасына табан тірейді. Жалпы, комсомолдың Орталық Комитетінде жазушылар Камал Смайылов, Қалаубек Тұрсынқұлов хатшы, Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұл бюро мүшесі болған жылдарда Ғанидың атын ардақтау мәселесіне ерекше мән берілген. Өзағаң бірінші хатшылыққа сайланысымен Сейілхан Асқаровқа Ғани қабірін іздеуді тапсырады. Екі ортаға талай ат сабылтқан Сейілхан Ғанидың Ваганьков зиратындағы 20-учаскеде жерленгенін анықтайды. Өзағаң дереу Мәскеудегі зауытқа зират басына қоятын ескерткіш жасатуға тапсырыс бергізеді. Өзі басқа жұмысқа ауысып бара жатқанда бұл істі аяқтауды қызметті қабылдап алған Закаш Камалиденовке аманаттаған.
1972 жылдың жазында Ғани қабірі басындағы ескерткіштің ашылу рәсіміне сол кездегі БЛКЖО Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Е.М.Тяжельников қатысып, сөз сөйлеген. Ғанидың зайыбы Бақытжан, бірқатар ардагерлер, Қазақстан жастарының жетекшілері арнайы барған. Жүрек толқытатын осы бір сәттің де кинохроникаға түсіріліп алынғаны қуантады.
Қазақстан комсомолының басшылығына әр жылдары келген жігіттер Ғанидың қабірін қараусыз қалдырған жоқ. Ара-тұра болса да Мәскеуге өкілдерін жіберіп тұрды. Съездерге, пленумдарға барғандар Ваганьков зиратына соқпай өтпейтін. Ғани қабіріне тағзым ету бір заманда мектепте үздік оқыған балалар саяхатының маршруттарына да енгізілді. Одақ тараған соң бұл дәстүр сап тыйылды. Комсомолдың шаңырағында шырақшы болып қалған Жастар одағы басымен қайғы болып кетті.
1988 жылғы қараша айында Мәскеуден хабар жетті. «Осылай да осылай, біреулер Ғанидың қабірін бүлдіріп кетті. Қаскүнемдер оның басындағы қымбат бағалы тасты олжалауды көздесе керек». Көп ұзамай комсомолдың даңқ мұражайының директоры Еркін Өтешов пен Қызылорда облыстық комсомол комитетінің нұсқаушысы Үрипа Кішкенбаева Мәскеуге аттанды. Хабар рас екен. Қоршаудың бір қапталын жұлып әкетіпті. Гранит тасты әрі қозғап, бері қозғап, өңгере алмапты. Еркін мен Үрипа Алматыдан ала шыққан апортты әркімге үлестіріп жүріп, сол жолы қоршауды жөндетіп, айналасын тазалап, әктеп, сырлап қайтады. Бұл демі бітіп бара жатқан комсомолдың Ғаниға жасаған соңғы құрметінің бірі деп ойлаймыз.
Тоқтай тұрыңыз, соңғысы емес екен... 1990 жылы сәуір айында БЛКЖО-ның ХХI съезі өтті. Бұл бір «комсомолдың саудасы бітті ме, жоқ па?» деген мәселе төңірегінде жағы талғанша сөйлейтін көкезулердің айтысы еді. Демократияның таққа, шешендердің атқа қонған кезі. Съезд сен тұр мен атайын делегаттарды төрт күн бойы сайратып алып, бесінші күні үзіліс жариялады. Бұл 15 сәуір болатын. Ғанидың алпыс бес жыл бұрын өмірден өткен күні. Қазақстан комсомолының жетекшісі Иманғали Тасмағамбетов қыздар мен жігіттерді Ғанидың қабіріне бастады. Гүл шоқтарын қойды. Жастар ескерткіш басында суретке түсті. Еркін мен Үрипаның жөндеген жақтауының басқа жақтаулардан бөлектеу екенін сонда көрдік. Қабір басында адамның ең соңғы рет көп жиналғаны осы шығар. Өйткені келер жылы комсомол асығыс-үсігіс тағы бір съезд өткізді де, ың-шыңсыз тарап кетті.
Қазір Ғани қабірінің қандай жағдайда екенін бір құдайдың өзі біледі. Ана жылдары Мәскеуде оқитын аспиранттар мен студенттер жиі соғып тұратын. Ваганьков зираты орналасқан Краснопресненск ауданының жастар ұйымы қамқорлық жасайтын. Ал қазір...
Рыстығұл қарттың әңгімесі
1992 жылы 27 маусым күні Жаңақазалы қыстағында жасы жүзге таяған Рыстығұл қартпен әңгімелестім. Ол кісі Ғанидың жақын ағайындарының бірі еді. Рыстығұл ата мен сөйлескен соң да бірер жыл өмір сүрді. Бертінде дүние салды. Диктофон таспасына сақталған сол әңгімені өзгеріссіз ұсынғанды жөн көріп отырмын.
– Жасында Қаниға (Ғани дегенді ақсақал осылай айтады, Б.О.) Әйтекенің тұқымынан қыз айттырған. Ол қыз ақылды әрі көрікті болатын. Айыбы – оқымаған. Қанидың онымен ісі болмады. Мұратбай өліп қалды. Жаңағы қызды бөтен біреуге беріп жіберуге әкесі Қанидан қаймықты. Төртқара Тәңірберген деген кісінің қыз еді. Бекжанның, Өтепбергеннің інісі ол. Әкесін айтам. Төртқаралар қарасақалдарға: «Мына жесірлерің бой жетті, жасауын тігіп отырмыз. Қашан аласыңдар?», – дейді. Содан ақсақалдар Қаниға: «Айттырған қалыңдығыңды ал!», – дейді. Ол оқымаған деп алмайды. Қыз енді керемет еді. Қани: «Менің оған зейілім де, наразылығым да жоқ», – деп рұқсатын береді. Ол қызды кейін біреуге берді ғой. Ақыры оқыған деп мына Құрманбайдың қызын алды. Шамалы ғана отасты. Одан кейін аурудың қармағына ілікті. Мәскеуден Бақытжанды елге бар деп қайтарады. Алғашында дәрігердің дәрісі жаққан көрінеді. Кейін нашарлай бастаған.
Мұратбайдың әкесінің аты – Қажет. Одан Жаманбай, Салықбай, Мұратбай, Боранқұл, Жақсыбай, Шәкенбай. Зылиха – Жақсыбайдың қызы. Ағыбай – Салықбайдың баласы. Сол Ағыбай қасына адам алып, Мәскеуге барып, Қаниды жерлеп келді. Қанидың бір жетім қалған баланы асырап алғаны бар. Жұмағали Елеусізов деген. Төртқараның Сексені. Сол ержетіп, Бақытжанды алды. Шынын айту керек, халық оны жақтыра қоймады. Ағыбай еді жақыны. Жол соныкі еді.
Қани адам біткеннің сұлуы еді. Түрі аққұба болатын. Әңгімелескенде бетіне қарай бергің келетін. Сүйек бітімі ірілеу болды. Жай сөйлейді. Бойы ұзын. Әкесі де ажарлы адам еді. Бұл одан да сұлу болды.
Мұратбайдың Орысбай дейтін ағасы болған. Мұратбай жиырма-отыз жыл болыс болды. Кейін болыстығын Орысбай алған. Орысбай – Ермектің, Мұратбай – Қажеттің баласы. Орысбайдың баласы Мереке осы Қазалыда тұрады.
Қанидың шешесінің аты – Батпа (Бәтима, Б.О.). Қани оқуда жүрген кезінде үш-төрт ай болысқа хатшы болды. Он сегіз ауылнайға бұйрық жазды. Жұмысын әділ істейтін. Мұратбай Жәнет деген қызды асырап алған. Оны бойжеткен соң Ерімбеттің (қазақтың әйгілі ақыны Қарасақал Ерімбет, Б.О.) үлкен баласы Махамбетке ұзатты. Жәнет сол жолы маған арнап тақия тікті. Бес күн той болды. Біздің шешеміз жеңгетайлыққа жүрді.
Мұратбай Қани онға келгенде қайтты дүниеден. Бір күні қалада өткен жиын-тойға бардық. Қани жасы кіші болса да бізді ертіп, жол бастап жүрді. Өзі ылғи әкімдермен отырды. Бір жұпыны киінген адам елеусіз қалып қойған екен. Соны шақырып алып, дастархан басына отырғызды...Сол жолы әке сөзін ел ағасы Ботабай Рыстығұлұлы жалғаған:– Қалыңбас деген біздің ел ол жылдарда Қармақшының тұсын мекендеген. Сол Қалыңбасқа болыстық тиіп, «Қарасақалдар, кімді сайлайсыңдар?», – дегенде жұрт Мұратбайды ұйғарған. Өйткені ол елге жағымды болған.
Сыртта оқып жүрген Ғани демалысқа ауылға келгенде небір дауларды шешуге араласқан. Руы қырғыз Тілеуімбет деген көзі өткір кісі Ғаниды көрейінші дейді екен. Оған жұрт Ғаниды көрсетпеген. Жалпы, біздің шал көп нәрсеге куә болған. Қазір жасы 99-ға келді. Бірақ өзі 97-демін дейді...
Мен сол жолы жүзге аяқ артқалы отырған Рыстығұл қарттың қайратына таң қалғанмын. Өте тың болатын. Әңгіме айтқанда бір деректен жаңылыспайды. Айтқанын жазып алғанымыз абырой болыпты.
Көршісі – Қожанов, корректоры – Қоңыратбаев
Ғаниға іні болған, кейін Бақытжанға үйленген Жұмағали Елеусізов туралы деректер Әуелбек Қоңыратбаевтың естеліктерінде кездеседі. Базар маңында панасыз жүрген кішкентай Жұмағалиды Ғани мен Әуелбек екеуі бірге жолықтырыпты. Оны балалар үйіне орналастыру оңайға соқпаған соң Ғани өз үйіне қалдырыпты. Әр сапарға аттанған сайын: «Әуелбек, мен жақын арада орала қоймаспын. Мен оралғанша сен Жұмағалидың қасында бол. Мына револьвердің оғы бар, тимеңдер. Дұрысы, мұны бір жерге жасырып қой. Жұмағалиға көрсетпе», – дейді екен. Сол Жұмағали бірде тығып қойған қаруды тауып алып, торғай атпақ болыпты...
Әуелбек Қоңыратбаев – Ғанимен бірге «Жас Алашты» шығарысқандардың бірі. Ғани оны корректор етіп тағайындаған. Сөйтіп, тоқсан жылдық тарихы бар газеттің дәстүрлі корректурасын әйгілі ғалым Әуелбектен бастауымызға толық негіз бар. Егер «Жас Алаш» пен «Жас қайраттың» алғашқы сандарынан «Ә.Қ.» деп қол қойған хабарлар мен мақалалар көрсеңіз, оның авторы «Жас Алаштың» алғашқы қызметкерлерінің бірі Әуелбек Қоңыратбаев деп біліңіз.
Ә.Қоңыратбаев өз естеліктерінде жас Мұхтар Әуезовті Ташкентте Ғанимен таныстырғанын, жастар жетекшісі сондағы Халық ағарту институтының клубында Мұхтар мен Мағжанның әдебиет туралы айтысын ұйымдастырғаны туралы айтады (Әукеңнің «Керуен»атты естеліктер кітабында Мағжанның есімі аталмай, тұспалдап қана көрсетілген, Б.О.). Әдебиетші-ғалым Ғанидың Сұлтанбек Қожановпен бір аулада тұрғанын баяндайды. Газеттің «Жас Алаш» аталуына әйгілі ұлт қайраткері Сұлтанбектің ықпалы болуы да мүмкін ғой...
Ғанидың қырғыз ұландарына да көмегі аз болмапты. Оның шарапатын көрген Ықыласов деген азамат кейін Қырғызстанның Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып қызмет істепті.Қазақ баспасөзінің тарихына терең бойлаған профессор Темірбек Қожакеев ұсынған мына бір дерек елең еткізбей қоймайды. «Қазақстан комсомолының 1921 жылы шілдеде өткізілген І съезіне Түркістаннан өкіл болып Ғ.Мұратбаев келген. Сонда Қазақ АССР-і жастарының баспасөзін шығару туралы сөз болғанда Ғани «Қазақ өлкесінде бөлек газет шығармайық, «Жас Алаш» Қазақ өлкесі мен Түркістан жастарының тілі болсын» деп ұсыныс жасаған. Қазақстан делегаттары Ғанидың ұсынысына қосылып, «Уақытша бірігейік, одан кейін жеке газет шығарамыз» дескен. Тек газеттің «Жас Алаш» атынан ұлтшылдық лебі еседі, оны өзгертейік» деп ұсыныс жасаушылар да табылған. Ғани оған көнбейді, сол атауды қалдыра беруді жақтайды. Бірсыпыра делегаттар «Жас Алаштың» мазмұны, бағыты таза емес деп тауып, оны өздерінің орталық органы деуге қарсы болады. («ЖА», 1991 жыл, 5 мамыр).
Ғанидың қаламы қарымды болғанына күмән жоқ. Миының қатпары қалың Маркстің «Капиталын» аударуға ұмтылыс танытуы, пролетариат көсемінің «Жастар одағының міндеттері» атты сөзін қазақшалауы осыны аңғартады. Мақалаларында жергілікті халықтың тілін баянды етуге мән берген. Мәселен, «Одақтың (Жастар одағының) іс-қағаздары төменгі ұйымдардан бастап ана тілінде жүргізілуі керек, комитеттің аппараттарын жергілікті тілдерге жетік кадрлардан құру керек» деп ой толғаған. Журналист Ә. Қосанов «Жас Алашта» жарияланған мақаласында Ғанидың ұлтжандылығын көрсететін ондаған дерек келтіреді («ЖА», 1992 жыл, 9 мамыр).
Ғ.Мұратбаевтың керемет әнші болғаны, әсіресе, «Қараторғай», «Сәулем-ай» әндерін шебер орындайтыны Сара Есованың естеліктерінде айтылады. Жастар жетекшісінің өлең жазғаны туралы да деректер бар.
РЛКЖО Орталық Комитетінің бас хатшысы Александр Мильчаков Ғани қайтыс болардан үш күн бұрын ауруханаға кіріп шығыпты. «Соншалық жігерлі көрінген. Бәріміздің жағдайымызды сұрады. Арамыздан тез кетіп қалады деп кім ойлаған... Теңізшінің формасы онсыз да ажарлы Ғаниды жайнатып жіберетін. Оның ішкі мәдениеті, зиялылығы өте жоғары болатын. Шынын айту керек, бұл дегенің бәріміздің бойымызда кездесе бермейтін қасиеттер еді», – деп еске алады «Тым қысқа ғұмыр» фильмінде.
Тұғыры биік тұлға
Ғанидың бар болғаны жиырма екі жасында жеткен лауазымының биіктігін былайша түсіндіруге болар еді. Жетпіс үш жыл үстемдік құрған комсомол ұйымы тарағанға дейін қазақ жігіттерінің ішінде Ғанидың деңгейіндегі қызметке көтерілгені жоқтың қасы. Әр жылдарда БЛКЖО Орталық Комитетінде Нұрлыбек Жаңабергенов, Исахан Әлімжанов, Мэльс Семғалиевтар нұсқаушы болып қызмет істеді. Ал қазақ жігіті Яхия Чудров кейін сипаты ептеп өзгерген комсомолдың Орталық Комитетінің Кеңес төрағасы деп аталатын, хатшының деңгейіндегі қызметке орналасты. Бірақ бұл комсомолдың берекеті кете бастаған кез болатын.
Айтпақшы, 1990 жылы Мәскеуде комсомолдың ХХІ съезінде БЛКЖО Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметіне сол тұстағы Қазақстан жастарының жетекшісі Иманғали Тасмағамбетовтың кандидатурасы ұсынылғанын көзіміз көрді. Бірақ қаршадайынан көрегендігімен көзге түскен Иманғали одақ комсомолына басшы болудан бас тартты. Сөйтіп, жетпіс жылда БЛКЖО-ның бас кеңсесінде саусақпен санарлық қазақ жастары ғана жұмыс істеді. Азия халықтарының өкілдері көп жолата қоймаған Мәскеудің билік биігінде Ғани қызметінің қаншалықты салмағы болғанын осының өзі ақ аңғартса керек.
Ерте ме, кеш пе, Ғанидың өмірден осылай жасындай ағып өтетіні анық еді.
Құрт ауруының тұзағына ілікпегенде бәрібір қазақ зиялыларының басына түскен шырғалаңға тап келер еді. Алдынан отыз жетінің қанды қақпаны күтіп тұрар еді. Азаттық аңсаған алаш ардақтыларының қатарына қосар едік. Одан аман кеткеннің өзінде жаһандық соғысқа атойлап кірер еді. Қалай болғанда да оттай жанған ғұмыр кешер еді. Басқаша болуы мүмкін емес.
Ғанидан ұрпақ қалмады деп өкінеміз. Сірә, сонымыз бекер-ау деймін. Он тоғыз жасында өмірге әкелген перзенті – «Жас Алашты» қайда қоямыз?!
Кейде Ғани құдіреттің аз ғана ғұмырда көп нәрсе тындыру дегеннің не екенін мынау жұмыр басты пенделерге дәлелдеп беру үшін жіберілген елшісі секілді көрінеді...
Бүгін Ғанидың өзі атын қойып, алғашқы нөмірін шығарған «Жас Алашы» 100-ге толды! Мын-сан журналисті тәрбиелеген байрақты басылымның мерейтойы құтты болсын!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ