«Өлінің тағдыры — тірілердің қолында»

825
Adyrna.kz Telegram

Бауыржан ата айтқан екен. “Қабірлердің де әртүрлі тағдыры болады екен”, - депті Зейнеп апам. Басында мән бермей бір-екі жылда әне-міне белгі қойылар деп сенген. Уақыт өте келе басына ешкімнің келмейтіні түсінікті болған. Өйткені алғаш жерлегенде уақытша қойылған қоршау шөгіп, аты-жөні жазылған темір қисайып, жазуы көмескілене бастаған. Қанша жылдан бері мүлде қараусыз қалған қабірдің қурайын орып, шөбін отап, құлап қалған темірін қайта бекітіп біршама ретке келтірген.

Содан бастап әкесі - Б.Момышұлының қабіріне барған сайын ғалымның ескерусіз бейітіне қараған, күтімге алған. 1985 жылдың ақпан айынан бері өмірден озғанына ЖЕТІ ЖЫЛ өтсе де, академик Әлкей Марғұланның басына белгі қойылмай ескерусіз қалғанын, өзінің дәрменсіз, тек әкесінің басына барғанда Әлекең атаға дұға оқығаннан басқа қолынан қайыр жоғын, Үкімет кірісіп қамқорлыққа алуы керек екені туралы өтініш айтқанын сол кездегі ҚР Премьер-министрінің орынбасары Мырзатай Жолдасбековтің қабылдауына арнайы жазылып айтқан - Бақытжан ағам МОМЫШҰЛЫ. Жолдасбековтің қабылдауында болып тұрып жеке басына ештеңе сұрамаған. Мырзатай ағаның көзі тірі ғой сұраңыздар. Бірер айдан соң-ақ ғалымның қабірі көрер көзге өзгерген. Қоршауы жөнделіп, ескерткіш қойылған. Бұл жайлы апам өзінің “Теңбіл тіршілігінде” жазды. Жұбайының аузына сөз салып, Мырзатай ағаның “күнде кеп жатқан жоқсың, өз басыңның қандай бұйымтайы бар, қысылмай айт” дегеніне малы түгел мырзадай марқайып шығып жүре бергеніне әйел ретінде күйіп-піскені де айтылған.

Қазақ ғылымына өлшеусіз үлес қосқан келесі ғалым, түріктанушы Едіге Дәріғұлұлы Тұрсынның қабірі СЕГІЗ ЖЫЛДАН БЕРІ қараусыз қурай басып жатқанын, уақытша қойылған белгідегі аты-жөні жазылған қаңылтыр темірдің болар-болмас бір шегеге ілініп тұрғанын, кеш те болса басы көтеріліп белгі қойылғанын Арманның парақшасынан оқығанда Әлкей атамыздың қараусыз қабірі  еске түскен…

Едіге ағамыздың қабірінің басындағы сол жалғыз белгі-жазу жел тербеп түсіп жоғалса не болар еді…  Ойлаудың өзі қорқынышты. Едіге  еңбектерімен жақсы таныс шетелден келген өзге ғалымдардың Дәріғұлұлының басына барып дұға бағыштамақ ниеті барын білген Армандар сонда барып бір кезде өздері жерлеуіне қатысып, кейіннен мүлде ат ізін салмаған  ғалым қабірін іздейді. Жотаны қиялай өрлеп тап-тар жердегі қурай басқан қабірді көргенде Арманның не сезінгенін қайдам, кеше арнайы белгітас орнатылып жақсылап қоршаған бейітті көргенде еңіреп жылағым келді. Қолынан келеді-ау деген қаржысы барлардың алдына барып мән-жайды түсіндірген қазақтың жай бір “өз алдына” жүрген баласының маңдайы тасқа тіреліп, мұрнының астынан қаншама есік тарс етіп жабылғанда, алла разы болғыр Rakhimgali KM-дың меселін қайтармағаны қандай жақсы болған деп бір көңілім босаса, суреттен жап-жазық көрінгенімен тіп-тік жотаны өрлей сонша қиындықпен салынған қабірді көріп іштей егілгенім-ай! Қарап отырсам ол ғалымның еңбектерімен таныс та емес екенмін. Атын шала-пұла естіппін. Ұят, әрине. Кез келген адамның басы кетіп қызығатын бір саласы, тақырыбы болады. Мен де - солай, өзім құмарта берілген нәрселер бар. Оның ең біріншісі - қазақ іздеу, өле-өлгенше адамгершілік сабағын оқу, адамдықтан аттамау. Арманды сонау Ақан, Біржандардың әнін насихаттап концерт өткізіп жүргенінен білем ғой, менің қолымнан келетіні адам санын біреуге көбейтіп концерттеріне бару ғана болды. Эстраданың ессіз есіріктері жайлап жатқанда Ақан, Біржанның әнін қайтсін жастар. Бірақ сол жылдарда Арман айналасына адам жинай алған еді. Енді, міне… Істеймін деген адам істейді! Ниет болсын! Өкініштісі,біздің байшыкештерде қаржы болса, ниет жоқ, қазақылықтан жұрдай! Ал Арман сияқтыларда пейіл түзу, мүмкіндік жоқ. Ортада “алтын көпір” болған Рахымғалидай азамат ағамды құдай берген екен! Рахаңның ұтқан тұсы - “кебінде қалта болмайтынын” терең түсінгендігінде және кітап дейтін көмбенің, яғни ата мұра қазынаның “қожайыны” бола алғанында. Кітапқа жақын адамның ой-түсінігі бөлек, рухани бай адамдар басқа бәрібір! Өтірік сайқалсып (шығыста солай сөйлейді) мақтаған ұнамайды маған. Керек десең шекісіп те қалғам онымен. Бірақ оның кісілігінің алдында басымды ием. Аруақ атқан қазақтың оңғанын көрмеппін, ал аруағы разы болған қазақты періштелердің өзі қорғайды. Ол - ақиқат! Ұлтына қызмет еткен адам ешқашан жоқтаушысыз қалмайды екен, ал қанша керемет болсаң да, қабіріңді шөп басып, қурай көміп, еш ескерусіз қала беруің бек мүмкін… Жалпы, кешегі ғалымға көрсетілген құрмет пен тағы да сол алла тілеуін бергір Рахымғали берген Ас адамды тірі күнде бағалау, еңбегін көзі тірісінде насихаттау керегін, тірінің қадірін тіріде білгеннің жөн екенін үйретті. Өзгеде шаруам жоқ, өзім осындай тағылым алып қайттым.

Бар болыңдар, қазақтар! Аман жүріңдерші!

Айгүл Болатхақызы,

Фейсбук парақшасынан

Пікірлер