Қазақты арабтандыруға құлшынатындар пейішке жетектеп апармайды

2861
Adyrna.kz Telegram

“Қай ұлттың болсын ана тiлi, ата дәстүрi, салт-санасы – сол халықтың өзiндiк қадiр-қасиетiн, жан дүниесiн, тұрмыс-тiршiлiгiн көрсететiн төл белгiлерi. Олар – бүкiл бiр халықтың өмiр жолында ғасырлар бойы мысқалдап жинаған рухани қазынасы, ұрпақтан-ұрпаққа қалдырған ардақ-мұрасы. Онсыз қара шаңырағы бар iргелi ел болып, бүтiн ұлт болып қалу мүмкiн емес. Ана тiлi, ата дәстүр өзiнен-өзi жалғаспайды немесе бiреу сырттан келiп сен үшiн көсегеңдi көгертiп сақтап та бермейдi. Халықтың өз бет-бейнесiнен айы­рылуы не сақтап қалуы – әрбiр ұрпақ өкiлiнiң өзiнен кейiнгi iзбасарларына бабалар аманатын қай сапада жеткiзуiне байланысты”.

Бауыржан Момышұлы,

1973 жыл. Қарашаның 19 жұлдызы, дүйсенбi.

Қазақ халқының қаһарман ұлы, алты алаштың ардақтысы ұлт тағдыры жайлы осылай тол­ғанып, кейiнгiлерге өсиет қал­дыр­ған екен. Әрбiр саналы адамды бей-жай қалдырмайтын, ережедей анық осы бiр ата сөздерiн оқыған сайын терең ойға қаламын. Ұлттың келешегi өсер ұрпақтың қолында десек, сол жастар өз халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрi, таным-нанымдарынан не бiледi? Қайдан, кiм өнеге көрсетiп үйретедi? Жетпiс жыл бойы құдайсыз қоғамда өмiр сүрiп, коммунистiк партияның дайын идеологиясымен тәрбиеленген аға буын ұлттық құндылықтардан ерiктi-ерiксiз түрде адасыңқырап қалғанын ескерсек, бүгiнгi ата-әжелердiң бәрi бабалар аманатын ұрпағына жеткiзе алды ма? Қаласақ та, қаламасақ та үйiрiп әкетiп бара жатқан жаһандануға жұтылып кетпей, ұлттық бейне­мiздi қалай сақтап қаламыз? “Ықтырмаң болмаса, желге өкпелеме” дегендей, қалқан болар қандай шара бар? Менiңше, бү­гiнгi қазақ қоғамын осындай сауалдар толғандыруы керек едi.

Ата-бабаларымыз армандаған, армандап қана қоймай, найзаның ұшымен, қылыштың жүзi­мен қорғаған дербестiкке қол жетiп, төбемiз көкке жетердей қуандық. Сол бiр көңiлiмiз ле­пiрген кезде қонақжай әдетiмiз­бен шекараны шалқайтып, құшағымызды айқара ашып жiбердiк. Батыс пен Шығыстың көзқұртына айналарымызды аңғармай қалдық. Оларға қазақтың қазақ болып қалуы керек емес, кө­кейлерiн тескен бiздiң ұшан-теңiз байлығымыз болатын. Ен дәулеттiң иiсiн айшылық жерден сезетiн жырындылардың тұмсығын сұға сорып, асығы алшысынан түскендер қаншама?! Асты-үстi кенге толы бай елден, қолыңды қақпайтын меймандос елден айырылып қалмауы үшiн олар қандай да бiр амал-айладан тайсалмады. Қазақстанға алдымен қашанда тез қимылдайтын әрi пайданың құлағы көрiн­генде анасының үстiнен аттап өтетiн Батыс лек-легiмен ағылды. Өзiмен бiрге бiзде жоқ технологияларды әкелдi. Бұрын қолы жеткен алып, қолы жетпеген “дефицит” деп аузының суы құритын заттарға қарық қылды. Сонымен бiрге атыс-шабыс пен қатыгездiкке, тексiздiк пен арсыздыққа толы кинолар, естi адамды есеңгiрететiн ию-қию, у-шу музыка, есiрткiнiң, қарудың түр-түрi қоса кiрдi.

“Көрмегенге көсеу таң” дегендей, талғамай, талдамай, әсiресе жастар соның бәрiн қабылдап, бойларына сiңiрiп үлгердi. Солардың жейтiнiн жеп, киетiнiн киiп, шегетiнiн шегiп, iстеген әрекеттерiн ойсыз қайталады. Оның бәрiн мәдениет, жетiстiк санады. Қысқа уақыттың iшiнде мiнез-құлқы, сана-сезiмi, түр-тұрпаты өзгердi. Бұларға шетел асып оқитындарды қосыңыз. Олар бiлiм алып қана қоймайды, мiндеттi түрде өзге елдiң өмiр салтын да, көзқарасын да қабылдады.

Жетпiс жыл бойы дiннен кенжелеп қалған халық үшiн егемен­дiктiң жылы лебiмен бiрге келген дiндiк ақпараттар ағымы шақшадай басымызды шарадай еттi. Бiз бұрын адамдардың дiндiк сенiмiн тұншықтырған қоғамда өмiр сүрсек те, қазақ халқы ешқашан құдайсыз болған емес. “Құдайсыз қурай сынбайды” дегендi көңiлiне ұстаған ел едi. Бiрақ фанатик болмаған. Өкiнiшке қарай, араб елдерiнде дiн оқуын оқыған қазақ жастары мүлде өзгерiп келдi. Келдi де, ислам секiлдi таза, мейiрiмдi, бейбiт дiндi насихаттаудың орнына исламмен бетiн жылтыратып, қазақты арабтандыруға құлшынды. Мұсылман болу үшiн араб болудың, олардың салт-дәстүр әдеттерiн ұстанудың мүлде қажетi жоқ екенiн дiндiк сауаты жоқ адамдар алғашында түсiнбедi. Түсiнбедi де, неше түрлi секталардың қақпанына түсiп, ата-бабаның ғасырлар бойы қалыптастырған құндылықтарына қарсы шыға бастады. Қазақтың желiсi үзiлмей келе жат­қан салты неге исламға жазылуы керек едi деу ойларына кiрiп те шықпады.

Әрбiр адам ұлтымен бiрге туы­лады, мысалы, қазақ қазақ болып, орыс орыс болып, қытай қытай болып деген секiлдi... Ұлтыңмен бiрге туылған екенсiң, сол ұлттың тiлi, дәстүр-салты, тарихы, әдебиетi, мәдениетi, елi-жерi саған да тиесiлi. Ал дiн одан кейiн келедi. Дiн – адамның сенiмi, Жаратушыны iздеуi, оны тануы, iшкi ниет тазалығы, рухани пәк сезiм иiрiмдерi. Дүние­жүзiндегi алуан түрлi ұлт өкiлдерi ислам дiнiн қабылдаған, бiрақ өмiр сүру, қалыптасу жолындағы тек өзiне тән әдет-ғұрып, салт-санасын ұстанады. Сонда орамалға тұмшаланғандар мен қауғадай сақал қойғандар “таза” мұсылман екен де, қалғанымыз кәпiр болғанымыз ба? Кәпiр деген кiм өзi? Ол – құдайға сенбей­тiн, обалды түсiнбейтiн, сауапты жасай алмайтын, парызды өте­мейтiн, күнәнi мойындамайтын, тiршiлiгiне шүкiршiлiк етпейтiн адам. Бұлар ұлтқа қарамайды.

Себепсiз құбылыс, себепсiз салдар болмайды. Тәуелсiз­дiктiң алғашқы кезiнде ұлттық идеология жасалмады, ұлттық үлгi-өнегенiң бағыт-бағдары елеусiз қалды. Құзырлы орындар саясат пен идеологияны шатастырған секiлдi. Егер сол уақытта ұлттық рухани құндылықтарды кейiн ысырып тастамағанда жас­тарымызды Батыс келiп жалаңаштап, Шығыс келiп тұмшалап, әртүрлi секталардың күл-қо­қысымен санасын ластамас едi.

Қазiр қоғамда дау-дамай туғызып жүрген бiр нәрсе – хид­жаб­қа байланысты. Ол – арабтардың ислам дiнiнен бұрын да киген киiмi. Мұны тiкелей мұсылмандықпен байланыстырудың жөнi жоқ. Жерiнiң ыстықтығынан әрi үнемi соғатын құм-боранынан сақтану үшiн көшпендi арабтардың еркегi де, әйелi де көзiнен басқа жерлерiн жабық ұстауға мәжбүр болған. Келе-келе ұлт­тық киiмге айналып кеткен. Көп нәрсенiң байыбына терең үңiл­мейтiн, көргенiн көрген күйi қабылдаған қыздарымыздың белгiлi бiр бөлiгi, атап айтқанда, салафит ағымындағылар хиджабты мұсылмандық белгiдей, соның шартындай көредi. Ал хиджаб қазақ халқында ешқашан болмаған, атын да естi­меген.

Қазақ халқының өзiне тән ерекшелiктерiнiң бiрi – қыздарының бетiн жаппай, өрлiкке, намысқойлыққа, әдептiлiкке өнерлi де өрелi болуға баулығандығында. Жаугершiлiк кезде қазақ қыздары әкелерiмен, ағаларымен бiрге сауыт-дулыға киiп, жауға шапқан, елiн-жерiн қорғауға үлес қосқан. Арғы көне дәуiрдегi, түпкi тегiмiздегi Тұмар қыз-Томирис, Зарина сынды ел басқар­ған әрi батыр болған қыздар бар. Одан берi де Гауһар батыр атан­ған Қабанбайдай жаужүрек батырдың жары, Кенесары ханның қарындасы Бопай секiлдi батыр қыздар елiнiң тәуелсiздiгi үшiн айқасқан. Қазақ қыздарының атымен аталатын Қызай, Мұрын, Сыбан секiлдi ру басқарғандар, топты жарып, ер-азаматтармен айтысқа түскен жезтаңдай Ұлбала, Сара секiлдi ақындар, Дина, Ақжелең, Қоңырша сияқты дәулескер күйшiлер, күнi кешегi “Шығыстың қос жұлдызы” Әлия мен Мәншүк – ел атағын шығар­ған ерен тұлғалар. Мен бұл жерде тiзiм ұзаққа кетпес үшiн бiрдi-екiсiн ғана мысал ретiнде келтiрiп отырмын. Әйтпесе, арғы-бергi тарихымызда аты әйгiлi аяулы қыздарымыз, құдайға шүкiр, жеткiлiктi. Егер қазақ қыздарын төмен ұстап, бет-аузын бүркеп бейшара еткен болса, бұлар қайдан шығар едi?!

Қазақ қыздары бұрын тұрмыс құрғанға дейiн орамал салмаған. “Басына орамал түстi” деген “ақ некелi әйел болды” деген ұғымды бiлдiрген. Күйеуге шықпай тұ­рып орамал салу Кеңес өкiме­тiнiң келуiмен, комсомолмен бiрге келген. Қазақ қыздары оған дейiн кәмшат бөрiк, үкiлi тақия, моншақты сораба, шашақты қасаба, жырға секiлдi керемет сәндi баскиiмдердi киген. “Қыздың көркi – шаш” деп шаш күтiмiне ерекше мән берген­дiктен “шашын он күн тарап, бес күн өрген” деп әнге қосып әсiре­леген. “Қолаң шаш”, “сүмбiл шаш”, “қара шаш”, “алтын шаш” деген қазақ қыздарының шаш бiтiмiне орай берiлген әдемi теңеулер де бар. Ендi осындай шашқа тағатын шолпы, шашбау, шаштеңге сияқты әшекей бұйым­дарды қосыңыз.

Бiлектей арқасында өрген бұрым,

Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын.

Кәмшат бөрiк, ақ тамақ, қара қасты,

Сұлу қыздың көрiп пе ең мұндай түрiн? –

деп Абай атамыз жырлаған екен. Ал Абай ата: “Алланың өзi де рас, сөзi де рас”, – деген адам ғой.

Қазақ арулары тұрмысқа шыққан соң бiр жыл желек орамал салған. Содан кейiн кимешек киген. Қазақ әйелдерiнiң не маңдай шашы, не самай шашы көрiнбеген. Олар әрi жабық, әрi өрнектi, моншақты, зерлi, өте көркем баскиiм киген. Олай болса, “нағыз мұсылмандық” деп қара хиджаб киiп жүргендердiң киiмдерiнен қазақтың кимешегi әлдеқайда сұлу көрiнбей ме?! Қазақ әйелi қара орамалды бас иесi – күйеуiнен айырылып, же­сiр қалғанда салады. Оны “қаралы әйел” дейдi. Жыл толып, күйе­уiнiң асы берiлген соң ғана қаралығы түсiрiледi. Жайшылықта ешқашан қара орамал салмайды, ол ырымға жаман, басына қай­­ғылы күн шақыру белгiсi болып табылады.

... Әрбiр сектаның, әрбiр ағым­ның өз жақтаушылары, со­йыл соғарлары бар. Оларға итақай итаршы болып қазақ иiсiн жойғысы кеп жүрген ұябұзарлар – өзге емес, өзiмiздiң қазақтар. Дiни сауаттылығы таяз, бiрақ құдайға сенетiн адамдарды: “Нағыз исламды үйретемiз, сен­дердi таза мұсылман қауым жасаймыз, тек бiздi тыңдаңдар”, –деп пейiшке тура жетектеп апаратындай, әр нәрсеге елп ете қалатын аңқау, иi жұмсақ қазақтарды өз ырықтарында ұс­тағысы келедi. Ұстап та отыр. “Түйенiң өзi – түйе, құмалағы түйе емес” дегендей, исламның өзi – ислам, ал оны қалқан етiп халықтың мыңдаған жылдағы жалғасын тауып келе жатқан ұлттық ерекшелiк­терiн жоққа шығарғысы келiп, қазақты арабтандыруға құлшынып жүргендердiң iс-әрекеттерi дiн емес. Бұл – қазақтың тұтастығына, ұлттығына қар­сы жасалып жатқан қаскөйлiк. Қазақты “таза мұсылман” жасағысы келiп, жөндi-жөнсiз арабтың салт-дәстүр, әдеттерiн тықпалайтындар бiр сәт ойланып көрдi ме екен?! Исламның жiлiгiн шағып, майын iшкен араб әлемi бiр дiннiң, бiр тектiң халықтары бола тұра неге өзара қырқысып, қанға бөгiп бүлiнiп жатыр? Лаңкестiк әрекеттер, жарылыстар, бейкүнә адамдардың жазықсыз қырылуы, қирату, өртеу деген секiлдi шектен шыққан қатыгездiктердi дiн атымен солар жасап жатқан жоқ па?! Қазақтың дәстүрiн “исламда жоқ” деп ақылгөйситiндер кiсi өлтiрiп, қиратып, өртеп жатқандарды қандай исламға, қандай шариғатқа жатқызады екен? “Билiк айту үшiн бiлiп айт” дейдi екен халқымыз.

Түйiн: Қазiргi жастар бiлiмдi, ойлары еркiн, ғаламтордың құлағында ойнайды, бiрнеше тiлдi бiледi, әлемдiк ақпарат легiнiң ортасында сүңгiп жүредi. Әйтсе де, мұның бәрi ұлттың рухани байлығына, ұлт құндылықтарының кәусарына қандыра алмайды. Сондықтан балабақшадан бастап халық педагогикасынан арнайы сабақтар өтiп, ұлттық мазмұнда тәрбие берiлуi өте қажет. Құдайға шүкiр, ғасырлар қойнауынан сақталып, халықпен бiрге жасап келе жатқан ұлттық рухани қазына, мұраларымыз ұшан-теңiз. Қазақ елiнiң ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан салауатты үлгi-өнегесi шариғатқа қарсы келмейдi, қайта өзара тығыз байланысып, өрнектей өрiлiп жатады. Олай болса, ислам дiнi мен қазақтың ұлттық құндылықтарын қарсы қоюға әрекет жасап жүргендер – нағыз қаскөй арандатушылар. Сондықтан бұрынғы жақсы мен бүгiнгi жаңаны ұштастыра отырып, ұл-қыздарымызға ұлттық сана-сезiм, ұлттық намыс, ұлттық қадiр-қасиеттi қалыптастыру нағыз иманды азаматты тәрбиелеу болады.


Зейнеп Ахметова,

Бауыржан Момышұлының келiнi

"Жас Алаш" газеті

Пікірлер