Кімді кім алдап отыр?

2792
Adyrna.kz Telegram

Асқар Мамин қазақстандықтардың 99 пайызы интернетпен қамтылғанын айтыпты. Тоқсан тоғыз пайыз интернет тұрмақ, әлі қаншама ұялы байланыссыз отырған ауылдар бар. Орал қаласынан 130, аудан орталығынан 10 шақырым жердегі біздің ауылға ұялы байланыс әлі келмеді.

Бұл мәселені менің үздіксіз көтеріп келе жатқаныма 7 жылдай болды. Басында халық саны 1000-ға жетуі керек деді. Біздің ауылда тұрғыны 600-дің шамасында ғана. Жақын арада мыңға бармайтыны анық. Бұған жеткенше, 20 жыл өркенитеттен мақұрым қалып отырамыз ба? Мен аудан әкімінің есептік жиынында солай дейтінмін.

"Әләулайым бітсе, халаулайым бар". Алдар Көсе сияқты әкімдер де соңғы бір-екі жылда басқаша айтатын болды. Ендігі жерде бір ғана байланыс операторының мұнарасын орнату тиімсіз екен. Сондықтан да "Актив", "Теле-2", "Билайн" - үшеуін бір қондырғымен бірден қоймақ.

Интернеті жақсы болса, бізге соның біреуі де жарар еді дейтінбіз. Сөйтіп жүргенде "Егемен Қазақстаннан" тұрғындары 250-ге жететін ауылдардың 2020 жылдың соңына дейін жаппай ұялы байланыспен қамтылатынын оқыдық. Міне, межеленген мерзімнен асып барамыз. Біздің ауданымыздың Талдыбұлақ, Тасқұдық деген ауылдарында "Активтің" мұнарасы орнатылыпты. Бірақ байланыс болғанмен, интернет ұстамайтын көрінеді. "Мен не деймін, домбырам не дейді?". Асқар Мамин 99 пайыз дегенмен, нақты жағдай басқаша дейді.

2013 жылы қабылданған "Ақпаратты Қазақстан" бағдарламасы бойынша былтырғы жылдың соңына дейін еліміздің кемі 75 пайызы сапалы интернетпен қамтылуы тиіс болатын. Қазір қалалық жерлердің өзінде интернет нашар жерлер бар. Сырым ауданның орталығына ұялы байланыс 2007 жылдың сәуір айында келіп еді. Он төрт жылдан бері он шақырым жердегі біздің ауылға сол әлі жетпеді. Қазақстанның қалай дамып келе жатқанын соның өзінен көруге болады ғой. Норвегия теңіздің астынан 501 километр жол салып, 827 миллиард доллар қор жинапты дегенді оқығанда, жылап жіберуге қалатынымыз сондықтан...

 

Серік ЗИЯТОВ, Батыс Қазақстан облысының тұрғыны.

Пікірлер