Пандемия кезінде елдің назары ерекше ауған үш министрлік болды. Бірі - білім, екіншісі-еңбек, үшіншісі, әрине-денсаулық министрілігі еді. Алдыңғы екеуін жұрт белгілі бір науқан кезінде «еске алса», соңғысын мүмкін болса, күн сайын назарда ұстағысы келді.
Індеттен қынадай қырылған халықтың Денсаулық сақтау министрлігін жіті бақылауына алуы заңды да. Өйткені халық саулығының кілті- дәрігерлерде. Өкінішке қарай, осы министрліктің әр басқан қадамына қараған жұртты «хайп» қуғандар деп сөгу үрдісі толастар емес.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат ҚОЖАХМЕТОВ те өз басшыларының сүрлеуіне түсіп, қазақ медицинасының қазіргі күйін сөз еткендерді «өздерін көрсеткісі келетіндер» деп әлеуметтік желіде жазба қалдырды. Төменде ресми өкілдің жазбасын өзгеріссіз және ешбір қатесін түзетусіз назарларыңызға ұсынып отырмыз.
"Атың шықпаса Минздравты өрте”
«Екі ай болды медицина саласына келгеніме. Дәрігерлермен бірге жүріп көргенін бірге көріп, соның нәтижесін көпшілікке жеткізіп, дегендей.
Қоғаммен көпір орнатып жүріп түсінгенім: өз-өзін қандай жолмен болсада көрсететін адамдар көбейіп кетіпті елімізде. Солардың кейбіреулері жақсы бір әдіс тапқан секілді.
Бордюрге, әкімге, қойнында жатқан әйеліне ренжіседе өшін ақ халатты абзал жандардан алады. Олар аса мейірімді жандар емес па, бәріне шыдайды. Медсестраны қазақ бекерден МЕЙІРбике демейді ғой. Күндіз әлеуметтік желіде оның “бетіне түкіріп, табан сүртіп”, кешке жан қиналып ауырғанда түк болмағандай ыңқылдап сол дәрігерге барып емделетіндер бар. АРАМызда. Менің әріптестерім жоқ емес олардың ішінде.
Жалпы біреуді жамандап атақ шығаратындар көбейіп кетті. Бүгінгі күннің әлеуметтік сәніне (модасына) айналғаны - дәрігерлерді, ауыруханаларды, Денминді “тепкілеу”, жамандау. Өзін өзі батыр көрсетіп, атын шығарғысы келетіндер, сол баяғы Минздравқа тиседі. Челлендж сияқты. Жұрттан қаламыз ба, деп.
Атам айтушы еді: - “білген боғын жесін”, деп. Бірақ ойымда жүргенін жеткізгім келді. Әрине, бір демде қоғам өзгеріп мәдениетіміз өрбіп кетпейді. Бірақ әр адам істегеніне, ойымен айтқан сөздеріне бір күні жаратушының алдында жауап береді. Оған күмәнім жоқ.
Сонымен қоса айтайын дегенім, емшілердің намысын қорғайтындар арамызда аз емес. Соныда біліп жүрейік, дегенім ғой», -деп жазады Бағдат Қожахметов.
Денсаулық министрлігі не бітірді?
Ресми өкілдің сын мен жамандауды арасын ажырата алмауы көптің ренішін тудырды. Осы жазбасының астында айтылған пікірдің басым бөлігінде Қожахметовтің айтқандарымен келіспейтінін білдіргендер аз емес.
«Дәл қазіргі шақта Денсаулық министрлігінің сынға ұшырап қана қоймай, сол сыннан нәтиже шығаратын кезі еді. Алайда ресми өкілінің пайымы мынадай болса, миинстрліктен, жалпы дәрігерлерден не қайыр күтуге болады? Денсаулық сақтау министрлігі алысқа ұзамай-ақ қояйық, осы пандемия кезінде ауыз толтырып айтарлықтай не бітірді?
Вирус жұқтырғандарды дұрыс емес протоколмен емдегенін ерлікке балай ма? Жоқ, әлде дәріні қоймадан шығармай, халықты парацетомол іздетіп, сандалтқанын жеңіс деп санай ма? Мүмкін, коронавируспен күреске деп бөлінген миллиардтардың талан-таражға түскенін жетістік дейтін шығар? Қай жақсы тұсын айтайық, соны түсіндірсе екен өкілдері», -дейді бізбен әңгімесінде зейнеткер Әуелхан ШОНЖАН.
«Дәл қазіргі біздің медицина мүшкіл жағдайға жетті. Бұл шынайы шындық. Өттері жарылып кетсе де, дәрігерлер осыны мойындауы керек. Ауыздарын арандай ашып, бюджеттен бетері бүлк етпей миллиардтап қаржы алады. Ал бітіріп жатқандары саусақпен санарлық қана. Мұны тек халық қана емес, депутаттар да ашық айтып жатыр. Егер бұл министрлікке қатысты сын дұрыс болмаса, ресми өкіл неге сол депутаттарға «хайп қумашы» деп айтпайды? Қит етсе, халықты кінәлап әбден үйренді биліктегілер. Өздерінен бір мін таппайды. Бұларға салсаң, пандемияға да, карантинде үйде отырғанына да, карантинде жұмыссыз қалғанына да, вирус жұқтырып ауырғанына да, ауырып жатқанда ИВЛ аппаратының болмағанына да, дәрі таппағанына да, тұншығып өліп, арам қатқанына да халық кінәлі», -деп күйінеді Сапар АЙТМЫРЗА.
Министрліктегі меңіреу тыныштық
«ДенсауМин мен халық арасына көпір салып жүрген Бағдат Қожахметовтың постынан кейін хайп ұстағым кеп кетті.
Екі ай бұрын, 17 шілдеде Денсау(?)Минге ресми сұраныс жолдадым, еговта. Елде қанша провизор орталығы, ковидтен емдеп жатқан қанша медмекеме бар, қайсы қайда орналасқан деген сауал ғана еді сондағысы. Ковидтің шынайы статистикасын, денсауминнің ковидпен күреске жұмсап жатқан ақшасын сұрағам жоқ. Бермейтінін біліп тұрып сұрап қайтесің.
Қазір сол сұраныстың кеткеніне екі айдан асты. Ал жауап әлі жоқ. Ақпаратқа қол жеткізу туралы заңға сәйкес, ол сұранысқа 15 күн ішінде жауап берілуі керек. Ал жауапты бірнеше мекеме дайындайтын болса - 30 күн ішінде. Отыз күннің екеуінен асты. Ал жауап беру мерзімін министрліктің өзі 30 шілде деп көрсеткен. Заң бұзылып жатыр, соған назар аударсаңыздар деп Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне сауал жолдайм деп жүріп оны да ұмытыппын. Прокуратура мен Агенттіктің пікірін білу керек болды енді, сұраныс жолдап. Вот и хайпанул. Қожахметов өзі кешірсін!», деп жазады Ғалымжан ОРАЗЫМБЕТ:
P.S Биылғы наурыздың 16-сы күні Алматы әуежайындағы жағдай мен 15 наурызда (яғни, бір күн алдын) ғана көзіміз көрген Түркиядағы жағдайды салыстырып, жаға ұстағанбыз. Біздің әуежайда бірнеше елден келген жүздеген жолаушыны екі адам ғана тіркеуден өткізіп отырды. Тіркеу кезегі жеткенше, жолаушылар тар бөлмеде бір бірімен сығылысып, қамырдай иленді. Мынадай көріністі көрсе, коронавирустың өзі қорқып қашардай жағдайда еді Қазақстан.
Вирустан сақтану шараларына Қытаймен іргелес отырған Қазақстан дайындықты «түс қайқанда» «наконец-то» бастағаны есте. Ал түрік ағайындар наурыздың бірінші аптасында-ақ жедел сақтық шараларын қолға алып, антисептик, бетперде мәселесін шешіп тастады.
Пандемия басталғалы Түрік Денсаулық сақтау министрі Фахретдин Қожа күніне бірнеше рет (!) әлеуметтік желілер мен телеэфирде індетке байланысты әрбір ақпаратпен бөлісіп отырады. Түрік медицинасын біздің медицинамен салыстыру артық болар. Әйтсе де, Қазақстанда тым құрығанда, Денсаулық министрлігі тарапынан осындай жылдам ақпарат тарату әрекеті болды ма? Әлде, бұл сөзіміз де, жоғарыда айтылған пікірлер де «хайп» болып кете ме?
Меруерт ХУСАИНОВА,
"Адырна" ұлттық порталы.
Фото ашық дереккөзден алынды.