Медициналық сақтандыру – халықтың денсаулығын қорғау жүйесі. Елімізде медициналық сақтандырудың екі түрі бар:
- ерікті медициналық сақтандыру;
- міндетті медициналық сақтандыру.
Ерікті сақтандыру, атауы айтып тұрғандай, адамның қалауы бойынша ғана жүзеге асырылады. Ал, міндетті медициналық сақтандыру медициналық жәрдемнің сапасын бақылауға мүмкіндік береді. Оның мақсаты – міндетті медициналық сақтандырудың базалық бағдарламасымен және медициналық жәрдемнің қолданыстағы стандарттарымен кепілдендірілген көлем мен сапада медициналық жәрдеммен азаматтарды қамтамасыз ету.
Айта кететін болсақ, міндетті медициналық сақтандыру дамыған елдердің көпшілігінде бар және азаматтардың денсаулығын қорғауға арналған. Мәселен, АҚШ-та бір адамға жылына 14 мың доллар жұмсалады.
МӘМС пакеттері
- «Базалық пакет» - мемлекет тарапынан кепілдендірілген тегін медициналық көмек. Оның қаражаты республикалық бюджеттен қарастырылады және кез-келген азаматқа ұсынылады. Бұл пакетке жедел медициналық көмек, санитарлық авиация, әлеуметтік сипаттағы ауру түрлерін емдеу, шұғыл жағдайдағы медициналық көмек, профилактикалық екпелер кіреді.
- «Сақтандыру пакеті» медициналық сақтандыру қорынан қаржыландырылады.
Оған амбулаторлық-емханалық емдеу, стационарлық емдеу, стационарды алмастырушы көмек, қалпына келтіру емі, медициналық оңалту, паллиативті көмек, мейірбикелік күтім, жоғары технологиялық көмек түрлері кіреді.
МӘМС жүйесінің артықшылықтары қандай?
- Қызметтер пакетінің сомасы шектелмеген және төленген жарна мөлшеріне қарамайды;
- Сақтандыру пакеті шеңберінде жоғары технологиялы операциялар жасауға болады;
- Пакет аурудың алдын алуға бақытталған;
- МӘМС жүйесі еркін таңдау жасауға мүмкіндік береді.
Медициналық сақтандыру жүйесіне жұмыс берушілер аударатын төлемдердің көлемі қандай болуы тиіс?
2020 жылғы 1қаңтардан бастап – әр жұмыскердің табысының (еңбекке ақы төлеу қорының қаражатынан) 2%;
2022 жылғы 1 қаңтардан бастап – әр жұмыскердің табысының (еңбекке ақы төлеу қорының қаражатынан) 3%-ын төлейді.
Азаматтар жарналар мен төлемдер, көрсетілетін медициналық қызметтер жайлы ақпаратты Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан немесе www.egov.kz. сайтынан көре алады. Сондай-ақ, қордың бірыңғай байлыс орталығына 1406 нөмері арқылы хабарласуға болады.
«Адырна» ұлттық порталы