Өзге елдер секілді кеше Қазақстанда да жаңа оқу жылының алғашқы күні басталды. Жылдағы дәстүрге сай алғашқы қоңырау соғылмады, әрине. Десек те, соңғы айларда Білім және ғылым министрлігі мен интернетке жауапты министрлік тарапынан айтылған сөздерге имандай иланғанымыз рас. Мектептер қашықтан оқытуға дайын деген министрлер мен кешелі бері әлеуметтік желіде қаптаған ата-аналардың айғайы, наразылығының қайсысы шын, қайсысы өтірік?
Тамыздың 31-күні ғана жаңа оқу жылына дайынбыз деген министр Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ қол астындағылардың «орындалды» деп қағазға соққан мөріне сеніп қалды ма, әлде басқалай болды ма, белгісіз, еліміз жаңа оқыту жүйесіне дайын болмай шықты. Кеше алғашқы сабақ күні zoom платформасында білім алмаққа ұмтылған оқушы мен ұстаздың еңбегі зая кетті десе де болады. Өйткені жүктемені көтермеген интернет оқушы мен мұғалім арасындағы байланыстың берекесін қашырған. Бүгін де дәл сол жағдай қайталанды. Мысалы, математика пәні мұғалімі «мына жаққа кіріңдер» деп зумның паролін жіберсе, дәл осы минутта орыс тілі пәнінің мұғалімі «мына жаққа кіруді» тапсыруда. Өкінішке қарай, екі жаққа да кіру мүмкін емес. Бір ғана сабақты тарта алмай отырған интернетіңіз екі сабаққа қатар кірсе, мәңгіге өшері сөзсіз. Ал бір уақытта екі түрлі сабаққа оқушысын шақырған мұғалімдер бітпейтін қағазбастылықтан шаршаған ба, әлде министрлік тарапынан толассыз беріліп жатқан тапсырмалар шатыстырып жіберген бе, әйтеуір кешелі бері білім саласында сапырылыс жүріп жатыр.
Ал BilimLand платформасы кейбір ата-ананың жүйкесіне салмақ түсіргені сондай, «баламды жындыға айналдыратын болдыңдар» деп байбаламға басуда. Бұл қай жердің, кім деген ата-анасы екенін әзірге анықтап біле алмадық. Қажет деп тапса, құзырлы мекеме өкілдері анықтай жатар. Бұл жердегі ең маңызды мәселе білім ала алмаған балаға қатысты. «Артық қылам деп, тыртық қылу» осылай болса керек. Оқушыларды BilimLand жүйесінде сабақ оқыту қаншалықты мүмкін және қаншалықты тиімді? Басты сұрақ осы.
Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысына лайықталып жасалған платформаны қарапайым мектептерге тықпалау не үшін керек? Онсыз да интернеті ирелеңдеген Қазақстанда білім берудің қарапайым, қолжетімді платформасын жасауға не кедергі? Жаңа оқу жылына дайынбыз деген министрлік қай елде тұрып жатқаныдарын назарға алмағаны ма?
Жаңа оқу жылына арнайы бекітілген 990 теңгелік тариф те жұрттың қалтасын қағудан әріге аспағанына кешегі және бүгінгі күн көз жеткіздірді. Арнайы тариф емес, жылдамдығы тәуір деген WiFi-дің өзі кешелі бері «сандалып кеткендей» күй кешті. Сабақ оқу үшін BilimLand жүйесіне кіру үшін сағаттап отыруға тура келеді. Ал интернет сапасын жақсартамыз деп құрғақ уәде бергендер қазақстандық миллиондаған оқушының обалына қалғанын түсінер ме екен?
Тамыздың 21-і күні «Вице-министр Дарын Тұяқов күнбе-күн ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты жетекшілерімен, білім басқармаларының басшыларымен, облыс әкімі орынбасарларымен, аудан әкімдерімен және байланыс операторларымен бірге онлайн режимде әрбір өңір, аудан, ауыл, әсіресе шалғай ауылдардағы интернет мәселесін және оны шешу жолдарын жан-жақты талқылайды.
Аудан әкімдігі мен білім басқармаларының өкілдері өз өңірлеріндегі интернет, байланыс мәселелерін ортаға салып, байланыс операторларынан ақауларды жою немесе байланыс арналарының өткізу қабілетін күшейтудің нақты шешімдері мен өз сұрақтарына жауап алады.
Бүгінге барлық облыспен осындай онлайн кездесулер өткізіліп, оқушыларды қашықтан немесе дәстүрлі оқытуға дайындық деңгейі анықталды» деп ақпарат таратқан ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бүгінге дейін интернет проблемасын шешпегені қалай?
Меруерт ХУСАИНОВА, «Адырна» ұлттық порталы.
Фото ашық дереккөзден алынды.