Қазіргі таңда тұрғындар дәрілер мен медициналық құралдардың жеткіліксіз екендігін айтуда. Атап айтсақ, дене қызуын өлшейтін құрал, парацетамол, аспирин, цитрамон, антисептиктер қоры жеткіліксіз. Дәріханалардағы кезек сағаттап жылжиды. Дәрілер шынымен де жеткіліксіз бе? Әлде халықтікі жай ғана дүрлігу ме? Осы ақпаратты анықтап білу үшін дәріханаларға хабарласып, мәселенің анық-қанығын байқап көрдік.
Қазақстандық “Эйкос фарм” ЖШС жылына антигриппин, цитрамон, фурациллин секілді тұмауға қарсы дәрілердің 25 млн қаптамасын шығарады екен. Препараттарды дәріханаларға жеткізумен айналысатын “Абди Ибрахим Глобал Фарм” компаниясы жылына витаминдер мен антибиотиктердің 1,5 млрд данасын таратады. Мұндай көлемдегі дәрі Қазақстандық дәріханаларды толығымен қамтамасыз ете алады.
Дәрігерлер жеткіліксіз деп жүрген медициналық ерітінділерді өндірумен айналысатын “Birunifarm” («Бирунифарм») компаниясы жылына 300 мың ерітінді жиынтығын шығарады. Компания басшылығы мұндай көлем Алматы клиникаларын толығымен қамтамасыз етуге жеткілікті деп отыр. Себебі аталмыш өндіріс орны ерітінділерді шетелдерге экспорттаумен де айналысады. Гемодиализ әдісі қанды зиянды өнімдерден тазарту үшін қолданылады.
Бір рет қолданылатын киім-кешек шығарумен айналысатын “Мерусар и К” ЖШС жылына 543 840 киім, 8 млн. орам спирттік салфеткалар шығарады. Бұл компаниядағы өнімдердің бағасы төмендегідей: бетперделер - 85 тг, бахила - 12 тг, спирттік салфеткалар - 7-9 тг.
Ал организмдегі түрлі инфекцияларды, қанның құрамын анықтайтын тестілерден өту халықтың қалтасын көтермей жатқаны да аян. Осы орайда, біз зертханалық тестілеулер өткізумен айналысатын Алматы қаласындағы «Каз-диа-тест» ЖШС-мен хабарластық. Компания тұрғындарды арнайы жазбамен қабылдайтынын айтты. Тестілеу нәтижелері 1 тәуліктің ішінде дайын болады. Тестілеу құны 16 500 теңге. Өзіңізбен бірге жеке куәлігіңіз болса жеткілікті. 1998 жылы негізі қаланған өндіріс орны осыған дейін 4 миллион диагностикалық тестілеу өткізген.
Қандай дәрілер қолжетімді?
Қазіргі таңда ацикловир дәрілік затының вирусқа қарсы ұқсас түрлері – инговерин, тамифлю, кагоцел жеткілікті көлемде. Инговерин дәрісінің 68 480 қорабы сертификаттан өтіп жатыр және ол осы айда (шілде) сатылымға түспек.
Қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
Қазақстан Республикасы көтерме саудамен айналысатын фармацевтикалық компаниялармен келіссөздер жүргізуде. Атап айтқанда, дене қызуын өлшейтін құрал секілді басқа да медициналық бұйымдардың қоры әлі де толықтырылатын болады. Өндірілетін өнімдерге дайындаушы елдерде үлкен сұраныс болғандықтан (Ресей, Қытай Халық Республикасы) және басқа да елдерге шығарылатындықтан, қажетті мөлшерде жеткізу қиындық туғызуда.
Фармацевт мамандардың айтуынша, даурығып, дүрбелеңге бой алдырған адамдар әр нәрсенің байыбына бармай вирусқа қарсы дәрілерді шамадан тыс алып жатыр. Жеткіліксіз деп отырған препараттардың жаңа вирустарға қатысты ешбір тиімділігі дәлелденбеген.
Сондықтан оны алдын алу үшін дәрі ішу ұсынылмайды. Себебі олар адам ағзасына кері әсерін тигізуі мүмкін. Ал аурудың белгілері пайда болған кезде өзін-өзі емдеудің қажеті жоқ. Бірден дәрігердің көмегіне жүгінген жөн.
Қазіргі кезде дәріханалардың алдында сағаттап кезек күтіп тұрудың қажеті жоқ. "In Drug" мобильді қосымшасын жүктеп, қай дәріханада, қандай дәрі-дәрмектің және аптекалық препараттардың бар екенін оңай білуге болады.
Аяулым ӘБІЛДА,
"Адырна" ұлттық порталы