Журналист атты мамандық иесін төртінші билік өкілі деп те атайтыны белгілі. Дегенмен маған бұл мамандықтың атағы емес, атқаратын қызметі ұнайды. Мен үшін журналист сөзі шындық жаршысы деген сөзбен пара-пар. "Журналист болар адамның сөз байлығының болуы аздық етеді, ондай адамда үлкен жүрек болуы керек!”, - деуші еді атам.
Балалық шақтан болашаққа аяқ басқан сәттен-ақ көптеген күрмеулі мәселелер кезінде шешім қабылдауға тура келді. Бала күнімде мен үшін ата-анам шешім қабылдаса, ендігі кезекте шешім қабылдау тізгіні өзіме тиді. Болашағымды қалыптастыратын кез таяды. Басқасы беймәлім, мен үшін мамандық таңдау қиынға соқпады. Олай дейтінім, менің табиғатым кішкене күнімнен жазуға, мектепшілік шараларды ұйымдастыруға жақын болды.
Өнер дейтін қасиетті сусынмен сусындап, қыр-сырына қанық болмасам да, сыры мен жырынан азда болса да хабардар едім. Жазған шығармаларыма ұстазым жоғары баға беріп, мадақтағанда, менің мақтан сүйгіш бала көңілім одан сайын мәз болып, қанатыма қанат бітіп ұша жаздайтынмын. Жоғарғы сыныптарда сайыстарға қатысып, бағымды сынап жүріп тәжірибе арттырдым. Үлкенді-кішілі додалардан төбе көрсетіп, бақ сынап талай ретте қанжығамды майладым.
Менің осындай қызығы мен шыжығы қатар жүретін, тағылымды да талабы жоғары мамандыққа таңдауымның түсуі қызығушылықтан ғана емес, қоғаммен байланыс жасау да себеп болды. Кейде айналаңда болған жағдайаттарды көзбен көріп, құлақпен есту аздық етеді. Мен сондай жайттарды хабарлап, халық пен шындық арасындағы аспалы көпір болғым келеді. Мысалы, қазір біздің қоғам пандемиямен арпалысып жатыр. Халықтың мұң-мұқтажы күннен күнге артып барады. Мыңдаған дәрігерлер жүз мыңдаған адамға көмектерін беруде. Бір жағында көптеген жаңа кәсіпорындар ашып, халықтың жұммыссыздың мәселесін шешуге атсалысып жатыр. Осындай қиын-қыстау сәтте небір пысықайлар бас пайдасын ойлап, мемлекет қазынасына қол сұғуда...
Абай Құнанбайұлының "пайда ойлама, ар ойла" сөзін басшылыққа алып, елге қызмет етіп, оның түйінді мәселелерін шешуге атсалысу – басты арманым.
Ақыл Ғалымзат