Биыл 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске – 100 жыл. Қазақ даласындағы осынау ұлт-азаттық көтерілістің еліміздің ұлт боп ұйысып, мемлекет болып қалыптасудағы маңызы зор. Таяуда Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы мен «Адырна» ұлттық-этнографиялық» бірлестігі Түрксіб ауданы кітапханасында тарихшы Еркін Ермұқановпен кездесу өткізді.
– Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бұл көтерілістің сипатына қатысты әр түрлі пікір айтылып жүр. Ұлт-азаттық қозғалыс, соғыс, революция деген анықтама берілді. Бірақ біз академик М.Қозыбаевтың сипаттауымен көтеріліс деп атап кеттік. Бұл сөздің мағынасы өте ауыр. Көптеген зерттеушілер мұнымен келіспейді, революция деп қарастырады. Көтеріліс – бүлік, наразылық деген мағынаны білдіреді. Шын мәнінде ұлт-азаттық соғыс деп атаған дұрыс сияқты.
1916 жылғы көтерілісті басуға келген әскердің саны Қазақстанды бір ғасыр бұрын жаулап алған әскерден әлдеқайда көп еді. Қару-жарағы сақадай сай, винтовкадан бастап, пулемет, зеңбірекпен жарақталған әскер сау ете қалды. Осындай әскер барлық аймаққа жіберілді. Дала облыстарының бірі – Ақмоланы алсақ, 12 атты әскер эскадроны, 11 жаяу рота жіберілді. Осы екеуінің өзі бірталай адам. Торғай жағында 9 мыңнан астам әскер болды. М.Тынышпаевтың дерегі бойынша, Жетісу облысындағы көтеріліс кезінде 300 мыңдай адам бас сауғалап кетті. Қытайға бас сауғалаған 300 мың қазақтың қайтып келгені 83 мың. Бұл – үлкен трагедия. Кейбір деректерде Семей, Тарбағатай арқылы шекара асқан адамның саны 20 мыңдай деп жазылған, шын мәнінде одан да көп. Бүкіл Зайсан өтіп кетті. Ал қаза болғандардың санын анықтау қиын. Көтеріліс туралы деректер санқилы. Естеліктер де әр түрлі. Ақмола маңайындағы Қаражар деген жерде үлкен шайқас болды, патша деректерінде 22 қыркүйекте қазақтар жағынан 80 адам қаза тапты десе, жергілікті естеліктерде 10-15 адам оққа ұшты деп жазады. Екеуі екі түрлі.
Көтеріліс – бұл стихия. Мысалы, Верный жеке шайқасты, Жаркент жағында жеке шайқас жүрді. Барлық жерде стихиялы түрде көтерілді. Амангелді Иманов отрядына Атбасар, Сарысу жағынан сарбаздар барып қосылды. Көтеріліс бір орталықтан басқарылған жоқ. Әр аймақ өз қолбасшысын сайлады, өздері үдере көтерілді. Қазақстанның батысы мен шығысының арасы ұлан-ғайыр атырап, өзара байланыстың болмауы түсінікті де. Бір басшылық болмады, бірақ жеңілу себебі бұл емес.
Көтеріліс 100 жылдық мәні бар нәрсе. Бұдан біз ой түйіп, сабақ алуымыз керек. Ол үшін ауқымды шаралар жасалуы керек еді. Республика көлемінде аталып өткені ұрпаққа сабақ. Мысалы, 1926 жылы көтерілістің 10 жылдығы үкімет басшылығының қолдауымен республика көлемінде аталып өтті. Әр аймақта көтеріліс туралы салтанатты баяндама жасалды. Губерния орталықтарында жаппай естеліктер жинастырыла бастады. Әлі де көзі тірі адамдар бар. Айтылған тарих естеліктер негізінде жасалды. Биыл 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына орай бірен-саран шаралар ұйымдастырылды, одан басқа мемлекет көлемінде ештеңе істеліп жатқан жоқ, – деді Еркін Ермұқанов кездесу барысында.
Көтерілістің басты себептерінің бірі – әлеуметтік-экономикалық және саяси сипаттағы факторлар еді, отарлық езгінің бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде мейлінше күшеюі, жерді тартып алу, орыстандыру саясатының жүргізілуі. Патша шенеуніктері мен жергілікті әкімдерінің және байлардың озбырлығы күшейді. Қазақстаннан соғыс қажетіне жылқы, ауыл шаруашылық өнімдері жөнелтілді. Салық 3-4 есе көбейді, шаруалардың ірі қара малы мен мал азығын соғыс қажетіне алу күшейді. Бірақ бұл көтеріліс жеңіліс тапты.
Түрксіб аудандық кітапханасына жиналған оқушыларға тарихты таныту, ұлт-азаттық көтерілістің негізгі сипаты мен себеп-салдарын біліп, неліктен жеңіліс тапқанын түсіндіру мақсатында өткізіліген шарада дәстүрлі әнші Жоламан Құжиманов «Алаш ұраны» әнін, Азамат Шынаров «Он алтыншы жыл» күйін орындады.
Ақниет ОСПАНБАЙ,
"Түркістан"