Есіктен табылған ескі ыдыс...

4144
Adyrna.kz Telegram

АЛҒЫСТЫ ҚАЗАН БА, ҚАРҒЫСТЫ ҚАЗАН БА?

 
 Мың жылдығын атап өткелі отыр­ған Алматы төңірегі сыры ашылмаған тарихи-археологиялық тылсымға толы. Мегаполис аума­ғында ресми тіркеуге алынған 17 археологиялық кешен бар. Оның жартысына жуығы әлі күнге «жабу­лы қазан…» күйінде жатыр.

Дегенмен тарихтың өз есебі  өзінде. Мың жылдық мереке қар­саңында Алматы төңірегі біртіндеп ежелгі құндылықтарын таным ай­дынына шығара бастағанға ұқсай­ды…

Көшпелі қазақтың басты тілек­терінің бірі – «қазан аузы жоғары» дегенге саяды. Демек, ас құятын ыдыс ежелден қасиетті саналған. Жалғыз көшпелі өркениетте емес, әлбетте. Ыдыстың культі христиан әлемінде де бар. Мәселен, Ғайса пайғамбардың ағашқа керілер алдында он үш сахабасымен бірге шарап ішкен ыдысы – «Қасиетті Грааль» Батыс дүние­танымындағы ең қасиетті жәдігер­лердің бірі болып есептеледі.

Таяуда Есіктегі «Алтын адам» жерленген обалардың бірінен сақ тілінде жазуы бар ыдыс табылды. Бір қарағанда, жәй ыдыс көрінгенімен, археологтар мен ғалымдар оған ерекше көңіл бөліп отыр. Онда ескі қарғыс жазылған деген болжам бар. Болжамдардың біріне сенсек, оны оқыған адам от-судың бәрін табын­дыра алатын көрінеді. Әзірге бұл жазбаны ашып оқи алған ешкім жоқ.

«Жалпы, сол дұрыс та» дейді эзотериктер. Себебі, көне қарғысты дұғалардың кереметін нақты ғылым да жоққа шығармайды. Оның мы­салдары да баршылық. Мәселен, пирамидалар қазылғаннан кейін ізінше таным айдынына «перғауындар қарғысы» деген ұғым шықты. Мысыр пирамидаларын қазып, перғауын­дардың бақилық ұйқысын бұзған­дардың оңғаны жоқ. Ең соңында жалғыз тірі қалған экспедиция бас­шысы лорд Картердің жаны шығар шақта «Мен Тут патшаны көріп тұрмын!..» деп шыңғырғанын жалпақ жаһан біледі. Бірақ, одан сабақ алған ешкім жоқ.

Алайда, Аллаға шүкір, екі мың жылдан соң ұрпақтарының ортасына қайта оралған алтын сауытты батыр баба бізге өкпелі емес сияқты. Дегенмен, Есік обаларынан табылған қарғысты дұға жазылған-мыс деп жүрген археологиялық жәдігердің жәйі басқашалау тәрізді…

СЫНА ЖАЗУДЫҢ СЫРЫ ЕНДІ АШЫЛА МА?

Жәдігердің тағы да бір айрықша маңызы – оны оқи алсақ, Есік өңірін мекендеген ежелгі көшпелілердің қандай тілде, түркі тілінде немесе үндіарий тілінде сөйлегенін анықтауға болады. Оны айтпағанда, ежелгі Қазақстан тұрғындарының этникалық антропологиясы да әлі күнге дейін анықталған жоқ. Шыңғысханның, Темірланның антропологиялық тегі туралы да дау көп. Жәдігердің осы маңызды мәселені шешуге септігі тиюі де мүмкін.

Иран тілін зерттеуші В.Абаев деген ғалым скиф тілінің 400 сөзден тұратын сөздігін жасағаны белгілі. Ғалымға сенер болсақ, ежелгі көш­пелілер қазіргі ағылшын тіліне жақын тілде сөйлескен көрінеді. Несі бар?! Англо-сакстардың өзі де арғы баба­ларының Еділ аңғарын мекендеген угро-фин этно-тобынан шыққанын жоққа шығармайды. Мәселен, скиф­тер ер адамды қазіргі ағылшын тіліне ұқсас атаумен атаған. Әрі ондай сөз­дер жетіп-артылады. Дейтұр­ғанмен, ежелгі сақтардың сөздік құрамында түркілік анықтамалар да жеткілікті көрінеді.

Бұдан қандай қорытынды шығару­ға болады? Біздің түсінікте: ежелгі тілдерді, әсіресе, тым ежелгі тілдерді нақтыланып, пастулатқа айналып кеткен қазіргі тілдердің этногенездік тобына жатқызу  қисынсыз. Себебі, адамзаттың о бастағы тегі де, тілі де ортақ болған. Тілдік ерекшеліктер уақыт пен тұрмыс әрекеті арқылы біртіндеп, уақыт өте қалыптасқан.

ЖӘДІГЕР ҚАЙ ТІЛДЕ СӨЙЛЕЙДІ?

Енді Есік обаларынан табылған сенсациялы ыдысқа келейік. Алдымен ол көшпелі сақтарда жазба болғанын көрсетеді. Қазір жәдігер Есік қала­сының мұражайында тұр. Әрі ма­мандар бұрынғы атеистік кеңес дәуіріндегідей емес, оның мистикалық сиқырға толы екенін де жасырған жоқ. Алдымен оның Заратуштра діні­не қатысы бар деген болжамдар ай­тылды. Өз заманында құдыретті дін болған бұл сенімнің Қазақстан айма­ғында пайда болғаны айдан-анық. Ол туралы жазба деректер де кездеседі. Заратуштраны Қазақстан мен Ресей­дің шекарасынан табылған атақты Арқайыммен және Сынташты қала­сымен де байланыстыратындар бар. Қалай десек те, Есіктен табылған жаңа сенсациялы жәдігер таным әлемін таңғалдырып отыр. Әрі сол арқылы бұған дейін сыры ашылды делініп жүрген кейбір байламдар төңірегіне күдік те ұялай бастады.

Енді бір болжамдарға көз салсақ, ыдыстағы жазудың түркілік тегіне көз жеткіземіз. Алдымен ондағы сына жазулар жалпақ жаһанға белгілі Орхон-Енесай жазбаларына өте ұқсас. Ал сөйткен түркінің сына жазуы әл­деқашан талданып, оқылып қойды. Егер Есіктен табылған жәдігер оқу мен интерпретацияның басқа да бір сырын ашып берсе, бұған дейін Орхон-Енисей жазбасын ашты деп жүрген Кляш­торный сияқты ғалымдардың тұжы­рымының не болары да белгісіз…

Бұл жердегі басты тетік ыдыста жа­зылған жазудың қай тілге жата­ты­нында болып тұр. Атақты Ар­қайымға байланысты түркі және славян ға­лымдары арасында біраз дау туып, оның артының мемлекетаралық дүр­дараздыққа айналғанын да біле­міз. Алдымен даудың шекара дели­ми­тациясы кезінде Астана мен Мәскеу арасында туындауы заңды еді… Себебі, ондай өркениеттердің қазіргі ізбасары болу түркілерге де, славян­дарға да аз сый, аз мәртебе емес.

Есік обаларынан табылған жаңа жәдігерге келсек, тарихи деректер өз заманында бұл өңірде әртүрлі тілде сөйлеген төрт түрлі этностардың бол­ғанын дәлелдеп те қойды. Олардың арасында сақтармен қоса гундар да бар. Ал гундардың ұрпағының қазақ­тардың құрамына енгені – дау тудыр­мас ақиқат. Қазіргі ғылыми таным майданында Есіктен табылған жаңа жәдігердегі жазудың қай тілге жата­тыны туралы сан алуан пікірлер та­ласы өрбігелі тұр. Ақыры не боларын уақыт көрсетпек. Мұны бір деп қойыңыз.

Бізде таным айдынына шығаруды өзіміз міндет санайтын тағы да бір тосын пікір бар. Енді соған келейік. Оның түйіні «Қорған ба?» әлде «Оба ма?» дегенге саяды. Сонымен…

«ҚОРҒАН БА?», ӘЛДЕ «ОБА МА?»

Соңғы жылдары жалпы ежелгі сақтардың ғасырлар қатпарынан бізге жеткен ғажайып та тылсымды сыр бүккен жәдігерлері жариялылыққа ие болғалы «Сақ қорғандары» түрінде айтылып келеді. Бәрі де әлем линг­вистері айта-айта шаршаған, нәтиже шықпаған «үстем тілдердің басқаларға тигізер императивті ықпалының» әсері.

Қазір біз де сондай жағдайдамыз. Қазақстанның бір облысында қазақ­тар шелекті «бедіре» дейді. Осы сөзді кірмесөз деп көрші. Оған ешкім сен­бейді. Себебі орыстың «ведросы» тілдік лексиконға әлдеқашан еніп, кірігіп кеткен. Ондай «шата» сөздер Қазақ­станның басқа өңірлерінде де көп. Тіпті, тұтас фразеологиялар да кездеседі.

Енді «қорған», «оба» анықтама­ларының этимологиясына келейік. Орыстар қолдан үйілген төбені, яғни обаны «курган» дейді. Мәселен, Еділ жағасында «Мамаев курган» деген атақты тарихи аймақ бар. Осы «Мамаев» кім? «Курган» не? «Курган» (қорған) сөзі ұғынықты болды, деп ойлаймыз. Енді «Мамаевқа» келейік. «Мамаевтың»  артында кәдімгі «өлдің Мамай қор болдың» деген қазақы мәтел қалдырған қолбасшы Мамай батыр тұр. Алайда, «үстем тілдің» әсерімен әуелі оның айтылуы, сосын оның ұғымы, мазмұны өзгерді. Қазақы ұғымға кірігіп кеткен қолтума сөздер де, қазіргі табан ізі сар даладан асфальтқа қарай ауғандар ұмыта бастаған байырғы асыл сөздер проб­лемасы да осы жерден туындайды.

Сонымен, «Қорған ба?», «Оба ма?» деген негізгі сауалға қайта оралайық. Асықты түзде емес, «асфальт үстінде ойнап» ержеткендер «курганды» қорған, бекініс, порфос деп қабыл­дайды. Қазақ тілінде «оба» деген сөздің барын әсте білмейді. Біздің «оба ма?» деген сауалымызды Американың қазіргі президенті Барак Обама деп ұғуы да кәдік…

Міне, «ауылдан асфальтты ау­маққа қоныс аударған» қазіргі қазақы урбанистиканың түсінік-ұғымы, қабылдауы осындай.

ТҮЙІН

Сонымен, бұған дейін таным айдынына сенсациялы «Алтын адамды» берген Есік обаларының әлемдік археологияны бері тастағанда медевистиканы, әрі тереңдесек – тұтас ежелгі тарихты тағы да бір ойға батырған жәйі бар. Жәдігердегі тылсымды жазуды оқу арқылы көне түркі, үндіарий немесе еуропалық тілдердің бірінің мәртебесі асқақтап, енді біреуінің қолда бар, бұған дейін этно-мақтанышқа айналған рухани құндылығынан айрылып қалуы әбден ықтимал. Арқайым, одан да арғы 53 ғасырлық тарихы бар ежелгі Ботай қонысы төңірегіндегі «Олар кім?  Еуропалықтар ма, азиялықтар ма?» деген бітіспес даудың басылмай тұрған шағында сыр бүккен Есік обалары тағы да бір сенсацияның шетін шығарып отыр. Рас, бір қарағанда жәдігер-қазан – қазақ жерінің, қазақтың рухани қазынасы. Алайда, адамзаттың ықылым заманнан бергі «ұлы қоныс аударуының» гипотеза есебінде алға тартылатыны даусыз. Ендігі жеңіс қай этносқа тиесілі? Түркілерге ме, басқаларға ма? Оның жауабын таяудағы болашақ көрсетпек. Ал әзірге біздің қолда «Қазан аузы  жоғары» деген дәмелі үміт қана бар…


Өмірзақ МҰҚАЙ, "Алматы ақшамы".

 
 

 

Пікірлер