Көшпелілікке сипаттама. Орталық Азия елдері тарихында көшпелілік Еуропа зерттеушілерінің еңбегінде «номадизм» деген жалпылама сипаттамаларға ие болған. Шын мәнінде, тарихи зерттеулерге жасалған талдау көшпеліліктің әртүрлі түрде кездесетінін және оның эволюциялық сатылары бар екендігін көрсетіп отыр. Тарихи әдебиетте көшпелілікті табиғаттың маусымдық өзгерістеріне байланысты қалыптасқан, экстенсивті мал шаруашылығына негізделген тұрмыс-тіршілік түрі ретінде сипаттау орын алған. Көшпелілікті зерттеумен ұзақ жылдар бойы айналысқан еуроцентристік көзқарастағы кейбір зерттеушілер шаруашылықтың бұл түрін өркениеттен артта қалу, тіптен жабайылық пен тағылық көрінісі ретінде біржақты түсіндіріп келді.
Мұндай көзқарас бойынша, алдыңғы қатарлы өркениетті тек отырықшы халықтар ғана жасай алады. Көшпелілік орын алған Орталық Азия сияқты аймақтарда қоғамдық дамуда тоқырау және тежелу көрініс береді. Зерттеушілер ортасында ұзақ уақыт орын алған осындай субъективті ұстаным көшпеліліктің шығуын және дамуын, сондай-ақ, оның отырықшы-диханшылық аймақтармен етене байланыстарын жан-жақты және толық көрсетуге кедергі жасап келді.
Мұндай көзқарас көшпелі өмір сүру формасының өзіндік ерекшеліктерін ашып көрсете алмайды. Өйткені зерттеушілердің еңбектері көшпеліліктің де өзіндік ерекшеліктері бар әртүрлі түрлерін жеке-жеке сипаттап көрсетуде. Олар бойынша, біріншіден, далалық және жартылай шөл далалы аймақтардағы көшпелілердің өмір сүрулерінің өзіндік әдістері бар. Мысалы, сақтардың, сарматтардың, ғұндардың және т.б. шаруашылығы осындай кеңістіктегі өмір сүру формасына жатады. Екіншіден, биік таулы жазықтардағы көшпелі малшылар шаруашылықтары да ерекшеліктерімен назар аудартады. Үшіншіден, Сібірдегі, тайгадағы бұғы шаруашылығымен және аң аулаумен айналысатын көшпелілер тіршілігі тағы бар. Төртіншіден, тундра аймағындағы таза бұғы шаруашылығымен айналысушыларды да ескерген жөн. Бұларда табиғи-климаттық жағдайлардан туындаған өзгешеліктер материалдық және рухани тұрғыдан өзіндік өмір сүру ерекшеліктерін қалыптастырды.
Сонымен бірге көшпеліліктің өзі табиғи-климаттық жағдайға ғана емес, этно-географиялық ахуалдарға байланысты да ерекшеленіп, бөлінеді. Мысалы, кейбір зерттеушілер субтропикалық аймаққа жататын Алдыңғы Азия және Солтүстік Африка көшпелілерінің араб елдерінде тарағанын атап көрсетеді. Екіншіден, Еуразияның далалық аймағындағы құрғақшылық белең алған өлкелердегі түрік-моңғол халықтарының көшпелі шаруашылықтарының да өзіндік келбеті бар.
«Номадтар» және «Көшпелілер» атауларын дұрыс қолданып жүрміз бе? Жоғарыда айтылғандардан шығатын қорытынды: әр аймақтағы көшпелілік өзіндік ерекшеліктерге ие болғандықтан жоғарғы өркениетке қол жеткізген отырықшы елдердің зерттеушілері «номадизм» деген атауды көшпеліліктің қандай түріне қолдануға болатынын анықтап алулары керек. Біздің ойымызша, «номадтар» деп белгілі бір атамекені, географиялық аймағы жоқ және тұрақты көшу бағыттары да айқын емес қаңғыбас, баспанасыз көшпелілер тобыры аталуы керек. Ал «көшпелілік» атауы көшу аймақтары нақты белгіленген, белгілі бір табиғи климаттық және географиялық ортаға тәуелді, тұрақты және дәстүрлі мал шаруашылығын қалыптастырған, көшу кезеңдері тәртіптелген (қыстаулары, көктеулері, жайлаулары және күздеулері анық белгіленген), соған байланысты көшпелілікке бейімделген баспаналары (киізүй, қыстаулар және т.б.) бар, тұрмыс-салты тұрақтаған, дәстүрлі шаруашылық түрімен айналысатын адамдардың этно-әлеуметтік қауымдастығына қолданылуы тиіс. Өйткені зерттеулер көрсеткендей, көшпеліліктің шығуы табиғи-климаттық ортаға тікелей тәуелді.
Көшпелілік қашан және қалай пайда болды? Әдетте, тарихи зерттеулер көшпеліліктің (еуропалық зерттеулерде – номадизмнің) өзін мал бағушылардың өмір сүру көрінісі, түрі ретінде бағалай отырып, оның б.з.б. 2000 мыңжылдықтың соңында және 1000 жылдықтың басында Еуразияның таулы далалық аймақтарындағы тайпалардың отырықшы және жартылай отырықшы шаруашылық түрінен біртіндеп жылжымалы мал шаруашылығына көшу үдерістеріне жалғасқанын атап көрсетеді.
Кезінде профессор С.П. Швецов «қазақ надан, қараңғы болғандықтан көшпелі болған жоқ, оны табиғи орта көшпелі болуға мәжбүрледі» деген қағиданы ғылыми айналымға енгізген болатын. Осыған орай Л.Н. Гумилевтің көшпеліліктің шығуын төмендегіше түсіндіргені еске түседі: «б.з.д. 2 мыңжылдықта жергілікті далалық этностар әлі отырықшы өмір сүрді және олардың кейбірі егін шаруашылығын және отырықшы мал шаруашылығын кеңінен қолданды. Бірақ б.з.б.1 мыңжылдықтың орта шенінде орын алған құрғақшылық су көздерінің айналасын құрғатып, құмды бүркеп жатқан топырақ қабатын бүлдірді. Жел құмды суырып, даланың үстіне көтеріп, оның көптеген аймақтарын егін шаруашылығы үшін жарамсыз жағдайға келтірді. Амал жоқ, құрғақшылық заманында шөп азайып кеткендіктен мал шаруашылығына көшуге және малды жаңа аймаққа айдауға тура келді. Осылайша осы далаларда климаттық өзгерістердің ауысуынан және ежелгі диқандардың шаруашылықты жүргізуінен пайда болған жағдайға бейімделген шаруашылық жүйесі ретінде көшпелі мал шаруашылығы пайда болды». Бұл айтылғандардың қисыны бар.
Сонымен бірге көптеген зерттеушілер Еуразия аймағындағы көшпеліліктің шығу кезеңін б.з.д. 5-4 мыңжылдықтардан бастайды. Бірақ көшпелі тұрмыстың қалыптасуы жоғарыда Л.Н. Гумилев атап көрсеткендей б.з.д. 2-1 мыңжылдықтардың қиылысында аяқталды деген көзқарасты ұстанып келеді. Хазанов, Марков тәрізді зерттеушілердің ойынша, көшпелілік дүниежүзілік тарихтағы айқын тарихи құбылыс ретінде б.з.д.1 мыңжылдықтың орта шенінде көрініс берді. Мұның өзі б.з.д.1 мыңжылдықтың басында климаттық ахуалдың өзгеруіне байланысты, яғни, бұрынғы құрғақ ауа райының орнына субатлантикалық, яғни едәуір дымқыл және суықтау табиғат ахуалының қалыптасуынан туындады. Сонымен көшпеліліктің шығуына ең басты себеп табиғи-климаттық жағдайдың өзгеруі деп қарастыратын болсақ, адамның өмір сүру аймағында күн сәулесі қуатының артуы, жердің жоғарғы қабатының жаз айында қызуы, атмосфералық құрғақшылықтардың жиі-жиі қайталанып отыруы, континентальды климаттың орын алуы, су, жайқалып өсетін өсімдік және құнарлы топырақ қорларының жетіспеуі, жауын-шашынның белгілі бір аймақтық немесе маусымдық кезеңдерде орын алуы, осындай көптеген мәселелер көшпеліліктің әртүрлі формаларының қалыптасуына алып келді. Әрине, малға азық болатын жем-шөптің жетіспеуі, жердің беткі қабатындағы өсімдік түрлерінің шығымдылығының нашарлығы алғашқы адамдардың жаңа жайылымды алқаптарды іздестіруге және игеруге байланысты іс-әрекеттеріне жалғасты. Сонымен қатар жайылымды алқаптардың үздіксіз өзгеріп отыруына су қорларынының жеткіліксіздігі, су көздерінің аздығы, оған қосымша атмосфералық жауын-шашынның жетіспеуі көшпелілікті жазық далада және жоғары өрлейтін таулы, сондай-ақ тау етегіндегі аудандарда өркендетуге өзгерістер әкелді.
Сонымен бірге қысқы жағдайдағы жауған қардың қалыңдығы да бақташылар бағатын малдың түрлеріне өзгерістер енгізді. Мұндайда жылқы малы едәуір қалың қар қабатынан тұяғымен тарпып жем-шөп тауып ала алатын болса, ал ұсақ қой малына азғана қалың қар қабаты азық-түлік тауып алуға кедергі жасады. Сонымен бірге қардың қалыңдығы ғана емес, оның кейбір аймақтарда аз жаууы да көшу бағыттарын үздіксіз өзгертіп отырды. Табиғи климаттық жағдай көшпелілер айналысатын дәстүрлі мал шаруашылығының құрамындағы малдың түрлерін де осылайша өзгерістерге ұшыратты. Мұның өзі, әрине, көшпелілердің дәстүрлі тұрмыстық өміріне де көптеген өзгерістер алып келді.
Көшпеліліктің шығуына байланысты көзқарастар. Ұзақ уақыт бойы тарихнамада алғашқы адамдардың аңшылықпен үздіксіз айналысуы отырықшы-диқаншылық өмірдің пайда болуына алып келді деген көзқарас үстемдік алып келді (Широв, Марков, Зивер және т.б.). Алайда кейініректегі зерттеулерде көшпелілер тұрмысы, жабайы жануарларды қолға үйрету және мал шаруашылығының дамуы бәрінен бұрын егіншілік өндірісінің және отырықшы өмірдің негізінде пайда болды деген пікір дәлелді түрде айтылуда. Осы пікірді қолдаған Н.Масанов былай деп атап көрсеткен еді: «шындығында да қола дәуірін және әсіресе қола мәдениетінің аяқталу кезеңін зерттеулер көрсетіп отырғандай, мал шаруашылығының дамуы және көшпеліліктің қалыптасуы негізінен отырықшы өмір сүрудің және шаруашылықтың әмбебап-диқаншылық түрінің шеңберінде жүрді». Шындығында да қола дәуіріндегі андронов мәдениетін зерттеу және Орталық Азиядағы осы мәдениеттің үлгілерімен танысу осы айтылғандарды дәлелдей түседі. Қола дәуірінің өзінде-ақ Қазақстан аймағында және Орталық Азияда мал шаруашылығының айқын басымдықпен дами бастағаны және мұның отырықшы егіншілік өмірдің тыныс-тіршілігімен тығыз байланысты болғаны айқын байқалады.Бұл айтылғандар Киселевтің, Бернштамның, Марғұланның, Массонның, Акишевтің, Байпақовтың, Здановичтің және т.б. еңбектерінде дәлелденген болатын. Ә.Х.Марғұланның зерттеулері Орталық Қазақстандағы ашық далалық аймақтардағы ежелгі көшпелілер шаруашылығы отырықшы қорғандар орналасқан аймақта өркендегенін көрсетіп берді. Шындығында да, Андронов мәдениетінің Қазақстандағы қоныстары алғаш өзендер мен көлдердің жағалауларында пайда болып, біртіндеп далалық аймақтарға таралғанын байқатады. Бұдан шығатын қисынды қорытынды: кейінгі тарихта көшпелілер деп жүргендеріміз шын мәнінде бұрынғы отырықшылар. Табиғи орта диқанды аң аулаушы аңшыға және көшпеліге айналдырды. Олай болса, кейбір зерттеушілер құсап көшпелілікті отырықшылыққа қарсы қою тарихи шындықтың талаптарына жауап бере алмайды.
Дегенмен де, көшпелілердің шаруашылығының қалыптасу түрлерінің көп түрлі болғанын ұмытуға болмайды. Оның біреулер айтқандай алғаш отырықшы мекендерде пайда болған аңшылар шаруашылықтары негізінде шығуы да мүмкін, сонымен бірге, зерттеуші Л.Л. Викторова атап көрсеткендей, Орталық Азиядағы көшпелілік диқандардың климаттық өзгерістерге байланысты көшпелі тұрмысқа бейімделуінің нәтижесі болуы да, сондай-ақ жартылай отырықшы бақташы-аңшы-диқан шаруашылықтарының көшпелілікке ұласуы түрінде пайда болуы да әбден мүмкін. Сонымен бірге көшпеліліктің шығу генезисінде оның әртүрлі кезеңдері болғанын да зерттеушілер теріске шығармайды. Мысалы, С.И.Руденко, А.Н. Бернштам, Л.П. Потапов және т.б. оның мынандай қалыптасу кезеңдерін атап көрсетеді: үйдің айналасындағы малшылық; бір жайылымнан екінші жайылымға малды қуалап айдайтын бақташылық; бүкіл жаз маусымында далаға, тау бөктеріне малды еркін жаятын жайлаудағы малшылық. Әрине, мұндай малшылық түрлері бағылатын мал басы түрлерінің де өзгеріске ұшырауына алып келді. Мысалы, едәуір алысқа жайылатын малдың құрамында мүйізді ірі қара азайды, керісінше қой, ешкі және жылқы малдарының үлесі артты. Қазақстан аймағындағы көшпенді мал шаруашылығын басқа өңірлердегі, мысалы, Кавказдағы, Солтүстік Африкадағы көшпелілер өмірімен салыстыру көшпелі шаруашылықтың нақты тарихи және шаруашылықтық-мәдени және экологиялық жағдайларға байланысты өзгерістерге ұшырап, олардағы мал бағатын шаруашылықтың түрлерінің де әртүрлі болып келетінін аңғартады.
Сондықтан да, біздің ойымызша, мал бағатын шаруашылықты отырықшы малшы, аңшы-малшы, жартылай көшпелі, таза көшпелі деген тәрізді түрлерге бөлу керек. Әрине, мұндайда мал шаруашылығымен байланысы бар мұндай тұрмысты бір сөзбен жалпылама «номадизм» көрінісі ретінде бағалау көшпелі шаруашылықтың ішкі механизмін де, даму эволюциясын да толық зерттеуге мүмкіндік бере қоймайды. Әрине, көшпеліліктің генезисін зерттеуде белгілі бір шаруашылық салаларының пайда болуын да естен шығаруға болмайды. Мысалы, Н.Масанов айтқандай бұған б.з.д. 2 мыңжылдықтың ортасында пайда болған салт аттылар, дәл осы кезеңде өмірге келген далалық құдықтардың қазылуы, темір құралдарының пайда болуы, соның нәтижесінде ат-әбзелдерінің жасалуы және жетілдірілуі және малдың қатынас көлігі ретінде пайдаланылуы т.б. көшпеліліктің өркендей түсуіне, жаңа сатыларға аяқ басуына жағдайлар жасады.
Қазақстан жағдайындағы көшпенділіктің шығуына келер болсақ, С.Е.Толыбековтің концепциясы назар аудартады. Онда жайылымдық мал шаруашылығының үш сатысы тарихи-мәдени даму көрсеткіші ретінде қарастырылады. Оның айтуынша, Қазақстанда ХV-ХVІІІ ғғ. аралығында маусымдық жайылымы анықталмаған, жыл бойы көшіп жүру, яғни таза көшпенділік орын алған. Екіншіден, ХVІІІ ғасырдың соңында және ХХ ғасырдың басында бір орнында 6 ай бойы қоныстанған жартылай көшпелі мал шаруашылығының түрі өркендеді. Үшіншіден, таулы, орманды және далалық-орманды аудандарда тұрақты қыстауы бар, малға арналған қорасы бар және қыстау баспанасы бар, жыл сайын жазда малға арнап шөп шабатын және егін егіп, диқаншылықпен айналысатын біршама отырықшы, бірақ жайылымды экстенсивті мал шаруашылығы өрістеген.
Сонымен бірге қазақ көшпелілерінің көшу жүйесінде қыстау, көктеу, жайлау және күздеу тәрізді айналып көшу жүйесі қалыптасқаны да белгілі. Алайда қазақтардың көшу жүйесін моңғолдардың жыл бойы тоқтаусыз көшетін тұрмысымен салыстырған Певцов, Масанов және т.б. С.Е.Толыбековтың ұстанымын мақұлдамайды. Біздің ойымызша қазақтардың көшпелі тұрмысын моңғолдардың жыл бойы көшетін шаруашылық түрімен салыстыруға болмайды. Әрбір халықтың көшпелі шаруашылығының сипаты сол аймақтағы географиялық-климаттық жағдайға және сонымен қатар ғасырлар дамуында қалыптасқан этно-әлеуметтік көшпелілер қауымдастығына тікелей тәуелді екендігін естен шығаруға болмас. Тарихи тұрғыдан осылай орныққан көшпелілер тіршілігінің шаруашылықтық-мәдени түрлерінің көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы деп бөлінгеніне қарамастан олардың нақты өмірде ешқашан да таза түрде кездеспейтінін ескеруіміз керек. Мал шаруашылығының өркендеуі шаруашылықтың басқа түрлерін де жетілдіруге алып келді. Мысалы, ежелгі қаңлыларда және оғыздарда, байырғы үйсіндерде көшпелілікпен қатар отырықшылықтың кейбір белгілері де өркендеген. Мысалы, тарихи деректерде Сыр және Арал маңындағы ежелгі қаңлылар мемлекетіне 5 аймақтық қаланың бағынғандығы және мемлекеттің екі астанасының болғандығы атап көрсетіледі. Мал шаруашылығымен қатар көшпелілер металл қорыту өндірісін және әскери бұйымдарды жасауды кеңінен өркендетті. Өмір сұранысына сәйкес оларда теріні және металды өңдеу және т.б. қолөнер салаларын өркендету жолға қойылды. Сондықтан да көшпелілердің адамзат қоғамына берген материалдық, мәдени және рухани құндылықтары зерттеушілер тарапынан арнайы қарастыруды қажет етеді.
Осылай бола тұрса да, қазіргі еуроцентристік тарихта көшпелілер жалқау, қабілетсіз болғандықтан және өркениетке ұмтылмағандықтан артта қалды дейтіндер де бар. Тарихи деректер мұндай ұстанымдарды да теріске шығарады. Мысалы, қытайдың қысымына төтеп бере алмаған шығыс түркілерінің тайпа көсемдері кезінде бірнеше қағанға кеңесші болған Тоныкөк данаға жүгініп, көшпеліліктен бас тартып, «қытай құсап егін егіп, қамал тұрғызалық» деген ұсыныспен келген еді. Сонда Тоныкөк оларға саны әлдеқайда көп қытайлықтардың мұндай отырықшы мекендерді қоршап алып, халықты жойып жіберетінін, саны көп жауынан орман-тоғайға, тау-тасқа қашып тығылып, оңтайлы жерде қарсы соққы берген көшпелілердің әскери өнерінің түріктерді аман сақтап отырғанын ескерткен еді. Осылайша, әрқашан соғысқа шақырып тұратын саяси күрделі ахуалға байланысты түріктер отырықшылыққа көше алмады. Ал мұны надандық деп бағалау әділетсіздік емес пе?
Жалпы адамзат тарихында зерттеушілер көшпенділік барысында қалыптасқан байырғы сақтардың, сарматтардың және ғұндардың рулық-тайпалық бірлестігін ертеректегі көшпелілер деп сипаттайды, және олардың адамзаттың материалдық және рухани мәдениетіне қосқан үлесін мойындайды. Мысалы, киіз үйдің қалыптасуы және ат-әбзелдерінің, үзеңгінің пайда болуы, көлік ретінде ат арбалардың дамуы, көшпелілер пайдаланған соғыс өнерінің құрал-жабдықтарының жетілдірілуі және т.б. көшпелі қоғамның материалдық мәдениетіндегі жетістіктерді айқын көрсетеді. Ал енді ежелгі орта ғасырлардағы көшпелілердің кейінгі көшпелілерге жататындары белгілі. Көшпеліліктің осылай дамуы рухани өмірге де көптеген өзгерістер алып келді. Мұндайда айтарымыз, шаруашылықтың, жаңа тұрмыс-тіршіліктің түрлерінің өркендеуі, олардың әлеуметтік ұйымының қалыптасуы, неке және отбасылық мәселелердегі жетістіктері аса маңызды мәселелер болғандықтан бұлар бүгінгі этнография және әлеуметтану ғылымдарының басты нысандары ретінде арнайы зерттеуді қажет етеді.
Көшпелілер тарихындағы аса бай рухани қазына – ауызша тарих айту дәстүрінің құнды деректері. Біздің ойымызша, қазақ тәрізді бұрын көшпелілер қоғамынан өткен халықтың тарихын зерттегенде Орталық Азия көшпелілерінің тарих жадының олардың өмір сүруін қамтамасыз етудегі әлеуметтік-мәдени ген ретіндегі рөлін айқындайтын ауызша тарихтың материалдарын тарихи-деректік тұрғыдан талдауларға баса мән берілуі тиіс. Шынайы тарихты аңыздандырудан сақтанған кейбір зерттеушілердің әлі күнге дейін көшпелі қауымдастықта туған халқымыздың ауызша тарих айту дәстүрлеріне қатысты деректерді ғылыми айналымға қосуға немкетті қарап келгендері ешкімге құпия емес. Мұндайда еуроцентристік ықпалмен кеткен кейбір зерттеушілердің жазба деректерін өзіміздің халқымыздың төл туындысы болып табылатын ауызша тарих мәліметтерінен жоғары қоятындары ғана емес, халықтың жадына орынсыз күмән келтіретіндері де бізді ойландыруы керек. Кезінде Жібек жолымен жүріп өткен жатжұрттық елшілер мен саудагерлердің айтқандарын шынайы тарих ретінде қабылдардан бұрын дәстүрлі тарих деректерін мәдени артефактілермен, яғни халықтың қолмұраларымен, сондай-ақ ежелгі түркі және бұрынғы қытай жазба деректеріндегі көшпелілердің дәстүрлі қоғамына байланысты құнды фактілермен тарихи-салыстырмалы түрде қарастырудың берері мол. Мұндай зерттеу әдістері әрине, ауызша тарих деректерін жан-жақты зерттейтін пәнаралық байланыстарды басшылыққа алуды қажет етеді.«Көшпелілік өркениеті» дегеніміз не? Қазіргі ғылымда көшпелілердің адамзат қоғамына қосқан үлесі өзінің әділетті бағасын ала қойған жоқ. Бұл мәселе бірде «көшпелілер өркениеті» деп бағаланса, бірде «далалық өркениет» деп сипатталуда. Осындай шатасулар көшпеліліктің әлі де қандай өркениетке жататыны анықтала қоймағанын байқатады. Оның үстіне көшпелілер өркениет жасай алмайды деушілер де өз арамызда жүр ғой. Мұндайда амал жоқ «Өркениет дегеніміздің өзі не?» деген сауал туындайды.
«Өркениет» атауының өзіне байланысты халықаралық ауқымдағы және қазақстандық әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардағы зерттеушілердің әртүрлі ұстанымдары мен көзқарастарының орын алулары бұл мәселенің де әлі толық зерттеле қоймағанын байқата түседі. Сондықтан да бұл мәселе сан-саққа жүгіртілуде. Қазіргі ғылымға өркениеттің 11 түрі (типі) белгілі. Оларды атап жатқанды жөн көрмейміз. Алайда, өкінішке қарай, өркениет мәселелерін зерттеуде батыстық зерттеушілер У.Ростоудың, Д.Беллдің, Э.Тоффлердің еуроцентристік, яғни технократтық көзқарастарын жақтайтындар арамызда әлі бар. Олардың адамзат өркениетін үшке: аграрлық (индустриядан бұрынғы), өнеркәсіптік, яғни индустриялық, информациялық (индустриядан кейінгі) деп жіктегені белгілі.
Ал енді осындай өркениеттік даму сатыларын Қазақ тарихына қолдана аламыз ба? Әрине, жоқ. Бұдан гөрі бізге кезінде Рено Генон ұсынған өркениет сатылары әлдеқайда жақындау болып көрінеді. Ол бойынша өркениет сатылары басқаша, үшке: дәстүрлі, индустриялық, постиндустриялық немесе информациялық болып жіктелетін болса, біз, әрине, қазақтың көшпелілер өркениетін дәстүрлі өркениетке жатқызамыз. ХХ ғасырдың орта шенінен бастап осы Рене Генонның «Шығыс – артта қалудың және тұрақсыздықтың аймағы емес, керісінше рухани құндылықтардың бай қайнар-бұлағы» деген пікірі еуроцентристер мен формациялық ұстанымды жақтайтындарға қарсы қойыла бастады.Қалай десек те, бұл шынында да «Карл Маркстің қауға сақалын мүлде қырып тастайтын» өркениеттік ұстаным екені сөзсіз. Алайда, жоғарыда атап кеткеніміздей, маркстік формациялық принциптерді теріске шығаратын еуропалық ғалымдардың өркениеттік ұстанымдарының бәрі қазақ тарихына қолайлы дер болсақ, қатты шатасар едік. Алысқа бармай-ақ, өзімізге көрші Ресейдің ХVІІІ ғасырда өмір сүрген ойшылы С.Десницкийдің өркениеттік сатыларын қазақ халқының дамуына «өлшеп» көрелік. Ол адамзат өркениеті дамуын төрт сатымен белгілеуді ұсынды ғой. Атап айтар болсақ, олар: жабайылық, бақташылық, диқаншылық, сауда-саттық. Жалпылама тұрғыдан қарағанда мұндай ұстаным негізсіз емес. Алайда, қазақтың дәстүрлі өркениетінде бәріміз білетіндей, бақташылықтың да, диқаншылықтың да, сауда-саттықтың да әртүрлі элементтері мен белгілері аралас кездеседі. Бұл – біздегі дәстүрлі өркениеттің өзіндік ерекшеліктері.
Қазақ өркениетін зерттеудегі осындай қиыншылықтар қазақ зерттеушілерін де осы тұрғыда әртүрлі пікірлер айтуға итермеледі. Нақтырақ айтар болсақ, жоғарыда көрсеткеніміздей,олардың еңбектерінде дәстүрлі қазақ өркениеті бірде Далалық өркениет деп аталса, ал тағы бірде номадтық, яғни көшпелілер өркениеті деп жазылып жүр. Оны аттылы көшпелілер өркениеті, ислам өркениеті, еуроазиялық өркениет, ерте түркі өркениеті немесе жалпылама түрде қазақ өркениеті деп жазып жүргендер де бар. Бұл мәселенің басы әлі ашыла қоймағандықтан біз де, оны әзірше дәстүрлі қазақ түркілерінің өркениеті деген көпшілікке де, ғылымға да түсініктілеу терминмен алмастырып отырмыз. Әрине, мұның өзі ғылыми тұрғыдан зерттей түсуді қажетсінетін, нақты ізденістер мен толықтыру барысында айқындалатын маңызды мәселе.
Дегенмен де, көшпелілік өркениетін дәстүрлі өркениеттің құрамдас бөлігі ретінде мойындамау ғылымда өрескел қателіктерге ұрындыратынын ұмытпауымыз керек. Кезінде тарихшы Е. Бекмахановқа қарсы шыққан С.Толыбеков көшпелілердің «ешқашан да бір орталыққа бағынған мемлекет құра алмайтынын», яғни Кенесарының да мұндай мемлекет құра алмағанын алға тартқан еді. Оған қарсы дауласқан тарихшы А.Нүсіпбеков бұл пікірдің қисынсыздығын Шыңғысхан құрған империяны алға тарту арқылы жоққа шығарған болатын. Десек те, күні бүгінге дейін көшпелілер қоғамын сыңаржақ бағалайтын көзқарастарға тыйым болмай отырғаны өкінтеді, және туған халқы көшпелілер қоғамынан бүгінгі өркениетке келген елдер тарихшыларының осы бағытта тиянақты зерттеулер жүргізуін қажет етеді.
Сонымен айтылғандарды қорыта түсер болсақ, бүгінгі ғылымда Орталық Азия аймағындағы тарихи, рухани және мәдени құндылықтардың негіздерін қалаған көшпелілер қоғамы жасаған дәстүрлі өркениетін жан-жақты және нақты зерттемей бүгінгі қазақ және т.б. түркі халықтарының басқалармен этно-әлеуметтік ассимиляциясының себептері мен сипатын, әртүрлі мәдениеттер мен дәстүрлі дүниетанымдар синтезін, әрқашан тәуелсіздікке ұмтылған өркениеттік этно-саяси құрылымдардың, яғни мемлекеттілік тарихының эволюциялық ерекшеліктерін ғылыми негізде пайымдау мүмкін емес.
Талас Омарбеков,
тарих ғылымдарының
докторы,
Гүлнәр Хабижанова,
тарих ғылымдарының
докторы,
"Түркістан" газеті