Құлжа мен көкжал (новелла)

2481
Adyrna.kz Telegram

Үлкен ағам – Қалихан Рахметоллаұлы Қайранның рухына арнадым.

                                      Автор

          Аттарын етекке тұсап тастаған екі жігіт екі иінінен дем алып, тік қия бетке зорға өрмелеп келеді. Мылтықтарын таяқ етіп таянса да, сусып жатқан қорымтас табандарына тиянақ таптырар емес. Сәл  жоғары көтерілген соң қорымтастан құтылғандай болып еді, көп ұзамай-ақ жақпар-жақпар жалама тастар жолығып, ол да адымдарын аштыра қоймады.

Қатты есеңгіреп, қара терге малынып келе жатқан екеуі бір-біріне қарап-қарап қойып, өрге қарай өршелене ұмтылса да, біраз тоқтап, тыныстап алғанды жөн көріп келе жатқандары беп-белгілі. Бірақ, бұл ұсынысты бұрын айтуға екеуі де намыстанады. Күздің қара суығынан қорынып, Әлихан тайжақысын, Қойлыбай шолақ қара тонын киіп шығып еді, ендігі жерде сол киімдері өздеріне сор болғандай, екі иіндерінен басып, ыстықтатып барады.

Бұлар өстіп ырсылдап-күрсілдеп қия беттің орта шеніне жеткенде, алда кетіп бара жатқан Қойлыбай төсек көлеміндей жап-жалпақ тақтатастың үстіне ытқып шықты.

– Әй, Әлихан! Мына тасты қарашы! Тура қолдан қиып жасағандай! – деді ол масатты дауыспен.

Айтса айтқандай, тік төртбұрышты жалпақ тастың беті теп-тегіс, қалыңдығы төрт елідей ғана.

– Біздей байқұстар аздап болса да дем алсын деп, жаратушы иеміз жасап қойған ғой, – деді Әлихан тақтатастың үстіне шалқасынан жата кетіп.

Қасына Қойлыбай да жантайды.

Ол екі қолын желкесіне қойып, қараша айының қарасұр аспанына кірпік қақпай тесірейе қарайды. Әлденені ойлап жатқан сияқты.

– Осы... «Киік матауы» қашан басталады? – деді бір кезде.

– Жаңа жылдан кейін. Қаңтардың он-онбестерінде. Үркер батқан соң. Сол кезден бастап киік пен арқар махаббат ойынын ойнайды. Құлжа біткен қан майданға түседі. «Үркер батқанда, таутеке тастан ұшады» деген сөз содан қалған.

– Осы... Ыбырай ақсақал былтыр айтыпты ғой: «Биыл үркер тасқа түсті. Қиыншылық болады» деп. Сол не сөз?

– Ол кісі біліп айтады. Соңғы жұлдызшының бірі ғой. Тәуелсіздік алғалы тәуір боламыз десек, жауыр болып барамыз. Көріп жүрсің,  – деді Әлихан терең күрсініп, – Тәуелсіз болғанымызға  бес жыл болды. Жұмыс жоқ. Күйіс жоқ. Бар малымызды бартерге салып бітірдік.

– Иә-ә, – деді Қойлыбай басын көтеріп отырып, – Сен дүрілдеп тұрған зоотехник едің, мен жазда жұмыс істеп, қыста демалатын агроном едім. Енді ешкімге де керегіміз жоқ. Ыбырай ақсақалдан сұрау керек еді – «Үркер жылда-жылда тасқа түсе бере ме?» деп.

– Үркердің суға да түсер кезі келер әлі! – деді Әлихан.

– Ол не сөз?

– Үркер суға түссе, ырыс қонады, бәрі дұрыс болады.

– Әумин! Айтқаның келсін! Қой, тұрайық. Біз мына құздың басына шыққанша, арқарларымыз өзенге қарай өтіп те кетер.

Екі жігіт тағы да тастан тасқа тырмысып, сирек-сирек қурай, бұтаның түбінен тырмыса ұстап, өрмелей жөнелді. Уақыт болса сиыр сәскеден ауып барады. Ауылдан таңертен ерте шығып еді, діттеген жерлеріне жеткендері –осы. Арқар, әдетте, жайылуға таң ата және ымырт үйіріле ғана шығады.

Әлиханның айтуынша, таңнан бері жайылған арқар мынау биік құздың астындағы жіңішке сүрлеумен Көктал өзеніне қарай түс болмай тұрып өтуге тиіс. Былтыр ғана екеуі Қазан айында осы араға келіп, олжалы болып қайтқан.

Иә, сол бір жолғы аңшылық саяттары, әсіресе, Қойлыбайдың есінен шықпайды. Өйткені... Өйткені, үйірін бастап бара жатқан құлжаны атып түсірді ғой! Өйтіп құлжа атқаны құрысын! Әлиханнан естімеген сөзі, естімеген боқтығы қалмады. «Қандай қазақ құлжаны атады?! Сені мұның киесі атады!» деді-ау, сонда!

Қойлыбай да қарсы тұрып: «Ендеше, сенің сыртқы есігіңнің маңдайшасында құлжаның мүйізі неге тұр?» деп еді, Әлихан: «Әй, милау, ол – қартайып өлген құлжаның мүйізі. Үйге барған соң көрсетейін, мүйізінде он үш сақинасы бар. Білесің бе, ол сақиналар он үш жаста екендігін айтып тұр. Арқар деген ұзаса он бес-ақ жыл жасайды. Ұғып ал, Құлжа мүйізі киелі болып саналады. Бабаларымыз, тіпті, терісін де төсеніш ретінде пайдаланбаған. Астына төсегендердің еркегі белсіз, әйелі бедеу болып қалады деп ойлаған. Міне, көрдің бе?!.» деп біраз жерге барып еді-ау, сонда.

Әлиханның өзі мүйізі тұп-тұқыл шібешегін атқан еді, соның өзін бұлар екі жақтап атқа салғанмен, құлжаны орнынан қозғау да мүмкін болмады. Ауылдан арнайы ат сайлаған жігіттерді әкеліп, үйіне зорға жеткізгенде, қызық үшін таразыға салып, өлшеп көріп еді, құлжаның салмағы бір центнер, тоқсан келі тартты.

Әй, сол күні бұл да ауыл жігіттерін қара қуырдаққа бір тойғызды-ау! Бірақ... не айтары бар, сол олжасы басына пәле болып жабысқандай еді! Сәл сәтсіздікке ұшырай қалса болды, көз алдына иір мүйіз қоныр құлжа елестейді де тұрады. Әйелі аздап сырқаттанып жатып қалғанда да, туған інісі төбелесіп, сотталып кете жаздағанда да, жиен қарындасы күйеуден қайтып келгенде де... әлгі құлжа ойына сап ете түседі. Мүйізінің өзін бір кісі зорға көтеретін үлкен бастың екі көзі аларып, түсіне де кірді-ау, бірде! Сонда қорққанын-ай! Шошып оянған.

Айтпақшы, сол құлжаның басын мынау Әлихан ауылға апартпай, әлгі бір көрнекті сандықтастың үстіне жайғастырып кетті ғой. Сол мүйізді бас қаңқиып әлі тұрған шығар. Кім білсін, әлдекім көре қалып, Әлихан сияқты есігінің маңдайшасына қағып қойды ма екен? Сол құлжаның басы қойылған тасты өзі де біледі ғой! Егер әлі тұрған болса, үйіне алып барып, бұл да маңдайшасына қағып қойса қайтеді?.. Бірақ... Мұның бұл ісі ел мен жұртқа тағы да аңыз боп кетуі мүмкін. Оның үстіне «Құлжа атқан Қойлыбай» деген жаман атағы содан бері артынан қалмай келе жатыр.

Бұлардың ауылында тағы бір Қойлыбай бар. Оны «Қара Қойлыбай» деп баяғыдан айтады. Ал, бұның басына байланған жаман атақ жоқ еді, құлжа атқаннан бері жабысты. Тіпті, жігіттер бірігіп арқар атуға шығып бара жатса, біріне-бірі: «Қойлыбайшылап құлжаны атып жүрмеңдер!» деп қатаң ескерту жасайды екен.

Әлихан да қызық, сол жолы арнайы аң атуға шығып бара жатқанда құлжаны атуға болмайтынын ескертпей ме?.. Қастығы бар ма?..

Кенеттен қатар өрмелеп келе жатқан Әлихан «Ой, әкең!» деп шоршып түсті.

  • Не? – деді Қойлыбай аңтарылып.

– Әне, жылан!.. – деді Әлихан алдыңғы жағын нұсқап. Қойлыбай анықтап қарап еді, қамшы өріміндей ғана жып-жылтыр қарашұбар жылан жақпар тастың қуысына қарай жанұшырып өңмендеп барады екен. Әлихан әлгі жыланды мылтықтың ұшымен ысырып, өзінің алдына қарай икемдеп алды да, мойын тұсынан аяғымен баса қойды. Содан соң жыланның арандай ашылған аузына мылтығының ұшын тығып жіберді.

– Енді жөніңе кет, сұлуым! – деді сонсоң көңілі жайланғандай болып. Жылан әлсіреп қалған екен, созаландай шұбалаңдап төмен қарай жылжып кетті.

– Мұның не? – деді Қойлыбай аң-таң болып, – Өзінің аузы кең екен.

– Мұны «мылтық аузын жалату» дейді. Біздің аңшы аталарымыз аңға шығарда, егер кезіге қалса, мылтығының аузын жыланға жалатып алады екен. Сонда мылтықтың аузы улы болып, атқан аңы жалп ете түсетін көрінеді. «Мылтық аузын қандау» деген де бар. Аңшылар атқан аңының қанына мылтығының аузын жалатады. Қанды ауыз болсын деп.

– Е – е, айта береді ғой. Қазір көрерміз, – деді Қойлыбай теріс айнала беріп.

Бұлар қожыр құздың басына шыққанда күздің күнгірттеу күні сәске түске таяңқырап қалған. Серек тастардың сазырайған беттерін жалап-жұқтап, тынбай соғып тұрған сумақай суық жел қурап қалған бұталардың әлсіз сабақтарын дір қаққызады. Терлеңкіреп жеткен екі аңшы, суық тиіп қалмасын деп, қалың шалмаларын майындарына екі қайтара орап, сырт киімдерінің жоғарғы түймесіне дейін салып, жағаларын көтеріп қойды. Малақайларының құлағын түсіріп, бауын байлады. Құз басында сирек өсетін қураған бұталар мен қурайларды сындырып-сындырып жинап алған соң, астыларынан сыз өтпейтіндей орын сайлаған болды. Екі қолдары тыным таппай іс тындырып жүрсе де, бүкіл назарлары құз іргесіндегі жіңішке сүрлеуде. Әзірше қылт еткен қара көрінбейді.

– Әлихан, – деді Қойлыбай қалыңдап салынған құрайдың үстіне шынтақтап жатып, – Осы... Осы сенің мергендігің табиғи талантың ба, әлде Жүсіп атаңның үйретуінен бе?

– Құдайға шүкір талант бар ғой, әрине. Бірақ, үйренбесең, машықтанбасаң, құр талантың боққа тұра ма?! Өзің білесің, менің Жүсіп атам нағыз мерген болды ғой. Қол мерген. Жарықтық, ат үстінде тұрып-ақ ұшқан құсты атып түсіруші еді. Ондай қол мергендер тым сирек жаратылады. Өзің білетін шығарсың, ол кісі менің әкемнің ағасы ғой. Бірақ, мен сол кісінің бауырында өстім де, туған баласындай болып кеттім.

Атам мені сегіз жасымнан мергендікке баулыды. Ол кезде мына сенікі сияқты малопулька қырық бес сомға сатылатын. Бірталай ақша. Бұл да кіші калибрлі винтовка ғой. Осының біреуін маған сатып әперді. Ал өзінің аңға шыққанда ұстайтыны, міне, мына винтовка. Бесатар. Дұрыстап көздесең, мың қадам жердегіні қалпақтай ұшырады. Мен осы винтовканы атамның көзіндей көріп ұстап келе жатырмын. Қайран, атам! – деді Әлихан тамағына өксік тығылғандай, дауысы бұзылып. Екі көзіне жас толып кетіпті.

Оның бетіндегі бұл құбылысты байқай қоймаған Қойлыбай есіне әлдене түскендей, оқыс сілкініп:

– Әлихан, осы сен винтовканың көп оғын қайдан аласың? – деп, бажырая қалып еді, Әлихан: – Семейдегі жер ауып келген Федор Михайлович деген орыстан, – деп жауап бере салды.

– Осы... Осы сен орыстармен де доссың. Әңгімені де қатырып айтасың, ей! Бала кездерің туралы айтшы! – деді Қойлыбай Әлиханға еміне қарап. – Алғаш рет арқарды қашан аттың?

– Он үш жасымда... Сексеннің шағалы деген жер бар. Осы ара сияқты қиын жер. Арқар мекендейді. Атам мені сонда алып барды. Оған дейін жайлауда суыр атып, бергі тауда кекілік, шіл, қоян атып жүретінмін. Сен білесің бе, білмейсің бе, біздің Тарбағатайдың ішкі жайлауында Керегетас деген жер бар. Қазақ ат қоюға шебер емес пе! Жайылған кереге сияқты тізілген жартастар. Алыстан көз тартады. Міне, осы жерде кішкентай көл бар. Соның аты жоқ қой деймін. Әлде, бар ма екен? Соны сұрамаппын ғой. Өзі жаздың басында қар суымен молаяды. Жаз ортасы ауа суы азайғанмен, құрғап қалмайды. Түбінде көзі бар. Осы көлді сарыалақаз мекендейді. Жартастардың қуысындағы саршұнақтың індеріне ұя салады. Мен сонда әдейі барып, сарыала қаздардың бірнешеуін атып алдым. Қуанышым қойныма сыймай әлгілерді үйге алып барсам, атам көрген жерде-ақ шоршып түсті. «Бұл құстарды атуға болмайды. Етін де ешкім жемейді. Енді атушы болма!» деп, әлгі олжамның бәрін айдалаға апартқызып тастады. Атамның ашуы басылғаннан кейін мұның мәнісін сұрап едім, сарыалақаз арам құс екен. Ұясын тек індерге ғана емес, ескі зираттардағы ойылып қалған көрлерге де салады екен. Өзінің тұмсығында тесік те болмайды екен. Бұл да арамдықтың нышаны көрінеді.

– Осы... Сонда құсты қонып отырғанда атасыңдар ма, әлде, ұшқанда ма?

– Ұшып көтерілгенде немесе ұшып келе жатқанда атамыз. Атам маған: «Қарсы ұшып келе жатса, кеудесіне жеткізбей көзде, көлденең ұшса, мойын түптен ат» деп үйрететін.

– Сен туралы айтатындар «Тарбағатайдың арқарын ғана емес, кекілігін де Әлихан қырып бітті» дейді ғой.

– Бұйырғанын аттық қой... Мен саған мынандай әңгіме айтып берейін. Он үш-он төрт жастағы кезім. Біз Қарғыба өзенінің бойындағы  Көкжол деген жерде тұрамыз. Ағам Бақашар – ферма меңгерушісі.

Ол кезде сені ешкім бала екен деп аямайды. Сабақ бітіп, каникулға шықтың болды, колхоздың жұмыскерісің. Таудың сай-саласынан, Қарғыба, Нарын өзендерінің жағасынан шөп шабамыз. Бір ат жегілген шөп тарағышты «ат тарақ» дейді. Шөп тасуға арналған қос өгіз жегілген арбаны «ырдуан» дейді. Мен шөп мәшинедемін. Оған да қос ат жегіледі.

Бір жерде тұрақтамаймыз, сығандар тобырындай көшеміз де жүреміз. Төсек-орын, ыдыс-аяғымыз арбада. Қыстаулар жақын болса, сонда барып қонамыз, алыс болса, далада түнейміз.

Біз үшін ең қиыны – шөп шабу да, шөп тарау да, шөмеле салу да емес, орақ қайрайтын шарықты айналдыру . Өте ауыр. Үш бала кезек-кезек айналдырамыз. Екі иықты талдырып жібереді. Зәрезап боламыз. Жұмыс уақыты қатаң тәртіппен жүреді. Таңертең алтыда жұмысқа шығамыз. Түскі үзіліс – он екіден үшке дейін. Үштен кешкі тоғызға дейін жұмыстамыз. Аспаз – мен. Оның өзіндік себептері де бар. Қазір айтамын. Түс болмай, сағат ондар шамасында мені жұмыстан босатып, қоя береді. Себебі – мен құс аулаймын. Өзің білесің, Тарбағатайда кекіліктен көп құс жоқ қой. Әр үйірінде қырық-елуден жүреді. Өте сезімтал құс. Тұрағымызға жеткенше соның он шақтысын атып аламын. Қыстауларда қи көп, өзен жағасында ағаш көп. Шелекке суды қайнатып жіберіп, құстарды соған бір-бір батырып алып, жүндерін жұлып-жұлып, тазалап аламын. Аршып, жуып, лезде былқытып пісіріп қоямын. Тек бұл ғана емес, егер өзен жағасында болсақ, балық та аулап жіберемін. (Мылтығым мен қармағым әрдайым – өзіммен бірге жүреді). Үлкен қара табамыз бар. Балық болғанда да жай балық емес, қазақтар май балық, орыстар форель, царская рыба деп атайтын атақты балық. Қуырып та, сорпа да жасап ішеміз. Байқаған боларсың, қорегіміз – ылғи «деликатес».

Міне, біз осылай ала жаздай жұмыс істейтінбіз. Жетпісінші жылдардың ортасына дейін ауыл балаларының тірлігі осылай болды.

– Қазіргі балаларға осының бәрі ертегі сияқты көрінеді. Сол тәрбиенің еш зиянын көрген жоқпыз. Керісінше, шыңдалып, шынығып өстік! – деді Қойлыбай кеудесін кере күрсініп, – Мергендіктің рахатын бала кезіңнен көрген екенсің ғой...

Екі аңшы қайдағы-жайдағыны әңгіме етіп отырғанда, қарасұр бұлтты қалқалап алған жылусыз Күн батысқа қарай аунаңқырап та кетіпті. Жіңішке сүрлеу жым-жырт тыныштық құшағында шұбалаңдаған күйінде сұлқ жатыр.

– Мен бәрін енді түсіндім, – деді Әлихан тұр-тұңғиық, тап-таза қара көздеріне ой тұнып, – Арқарлар биыл төменге ерте түсіп кеткен екен. Бұл – қыс қатты болады деген сөз. Қарашы енді... былтырғыдай қазан айында-ақ келуіміз керек еді. Кеш қалыппыз. Амал не!..

Осы кезде жіңішке сүрлеудің жоғарғы жағынан әлденелер қараңдағандай болды. Екі аңшының төрт көзі оттай жанып, сүрлеу бойына қадала қалды. Жақындап қалғанда байқады – есейіп қалған үш бөлтірігін ерткен өлекшін мен арлан екен. Өлекшін – алдында, арлан – соңында.

Қойлыбай мылтығын кезеп, көздей бастап еді, Әлихан: – Әй, сен оқ шығарма. Мен арлан қасқырды атып түсірейін. Өлекшін кішкентайларын ертіп, жайына кете берсін, – деді.

– Неге? Неге? – деп Қойлыбай күйгелектеніп қалып еді, Әлихан оған: – Арланды атып түсірем де, қазақ жолымен саған байлаймын, – деді.

Қойлыбай мылтығын алдына көлденең салып, мең-зең боп отырып қалды.

Қасқырлар өз тұстарына жеткен кезде-ақ сайланып отырған Әлихан шүріппені басып қалып еді, арлан қасқыр аспанға қарғып барып, мойынын астына ала тоңқалаң асты. Тосын шыққан мылтық даусы бүкіл тауды жаңғырықтырып, біраз уақытқа дейін сол бір қаһарлы үнді жартас біткен қайталаумен болды. Бұл дауыстан шошып кеткен өлекшін мен бөлтіріктер құлақтарын тікірейтіп, жоғары қарап тұра қалды да, арлан қасқырдың құлағанын көріп, «аманымызда құтылайық» дегендей, ылдиға қарай құлдырай жөнелді.

Қойлыбай құз басында тұрса да тыным таппай, сұлап жатқан арланға емініп: – Әлеке, анау көкжал менікі ғой? – деп еді, Әлихан оған күле қарап: –Менің екі сөйлегенімді көріп пе едің? – деп қарсы сұрақ қойды.

– Әй, Әлеке, нағыз жігітсің ғой! – деп қарық болған Қойлыбай Әлиханның арқасынан қақты.

Орнына қайта жайғасқан Әлихан темекісін тұтатып алып, аузы-мұрнынан көк түтінді бұрқ-бұрқ еткізіп отырып:

– Мен бағана дұрыс айтыппын, – деді Қойлыбайдың жүзіне ойлана қарап, – Арқалардың төменге түсіп кеткені рас болды. Енді, міне, олардың соңынан қасекеңдер кетіп барады.

Қойлыбай бір тал шөпті тістелеп, қарсы беттегі құз жартастың етегіндегі дөңбектастарға қадала қарап сұлқ отыр. Әлиханның айтқан сөзін естімегендей немесе құлақ салмағандай. Бұл қылығына таңырқап қалған Әлихан: – Әй, сен керең боп қалдың ба? – деді шыдамай.

– Әлеке! – деді Қойлыбай Әлиханға ошарыла бұрылып, – Қазақта «сый қылсаң – сыпыра қыл» деген сөз бар ғой. Ана көкжалды Қойлыбай атып алды десең қайтеді. Қырттардың бәрі мені «Құлжа атқан Қойлыбай» деп жүр ғой, енді «Көкжал атқан Қойлыбай» десін. Керемет болар еді, а?! Қалжыңым емес! Шыным!

Әлиханның жүзінен кекесінге ұқсас күлкі жүгіріп өтті де, орнынан атып тұрып, төменде жатқан қасқырға қадала қарады.

– Өзі нағыз көкжал екен! – деп, басбармағын шошайтты, – Жатысын қарашы, жолбарыстай болып!

– Мұны мен аттым ғой! Солай ғой! – деді Қойлыбай.

– Иә, сен аттың. Сенің көкжалың. Бірақ осы олжаңды маған байлайтын жөнің бар.

– Өмірімде бір атқан қасқырымды бойлағаным қалай болар екен? Әлеке?! Сен сияқты елге белгілі, кәнігі аңшы да емеспін. Меселім майырылып, таланым қайырылып қалмас па екен? – деді Қойлыбай.

Жүзі қабаржып, аузы салпиып кетіпті.

– Өзің аяқ астынан шешен боп кеттің ғой. Көкжалыңды өзің ал. Сен аттың. Мен қалдым. Содан болар, ауырып та тұрған сияқтымын. Ауылға қайтпасам болмайды. Жүр, төмен түсейік, – деді Әлихан кейісті қабақпен. – Ана жатқан көкжалды өзің апар ауылға!

***

Аңшылар аттарына мінген соң, салқын қоштасып, екіге айырылды. Дегенмен, Қойлыбай сәл ұзаңқырап барып тоқтай қалды да:

– Әлеке! – деп айғай  салды, – Көкжалды мен атқанымды ұмытпа!

Әлихан оң қолын көтеріп, басын изеді де, ауылға қарай салып ұрып желе жөнелді.

Құз түбіндегі жіңішке сүрлеудің үстінде жатқан өлі қасқырға бару үшін сонау тұмсықты айналып өту керек екенін білетін Қойлыбай атын қамшылап, шоқырақ шабыспен келе жатыр. Малақайының  қос құлағы қара қарғаның қанатындай қалбаң-қалбаң етеді. Тұнжыр қаралау бетіне күреңіте бөртіп қан теуіпті. Дөңгелек көздері жылт-жылт етіп, алдыңғы жағына сұғына, еміне қарайды.  Ол таудың иір тұмсығын айналып барып көкжалдың жатқан жеріне жеткенде, астындағы атынан бетер өзі қатты алқынып қалған еді.

Тұмсығынан құйрығының ұшына дейін бір жарым құлаштай болатын алып көкжал алдыңғы аяқтарын бүккен күйінде ұзынынан сұлап жатыр екен. Қып-қызыл көзі шоқтай жайнап, тірі қасқырдай қарайды. Оқ оң жақ иығынан тиіпті. Жарадан аққан қан жоғарғы қолтығынан төмен сырғып, тап-тақыр сүрлеу үстімен еңіске қарай екі-үш қадамдай жерге жылғаланып аққан.

Қойлыбай мына жатқан өлі көкжалдан ат үстінде тұрып сескенетіндей. Ырсиған езуінен сойдақ-сойдақ болып көрініп жатқан азу тістері қандай қорқынышты! Желкесінен жауырынына дейінгі қаракөк қылдары әлі де дір-дір етіп қимылдайтындай. Желмен желбірегені ғой, сірә. Мынау астына мінген ақымақ торы аты көкжал қасқырдың қасында тұрғанын сезінбейді-ау! Селт етсеші! Жылқы деген сезімтал, сергек болмаушы ма еді?! Мынау тұр сүмірейіп!

Қойлыбай торы атты қамшымен бір салып жіберді де, қайтадан тізгінін тартып, құз жартастың қожыр тастарына назар салды. Дәл осы сәтте оның есіне Әлиханның тасқа қойып кеткен құлжаның басы түсе қалғаны!

Ол ерден сыпырылып түсіп, атын тұсай салды да, құлжа басы қойылған биік сандықтасқа қарай өрмелей жөнелді. Дәл тапты. Сандық тастың үстіндегі құлжа басы ақ сүйектеніп, сөңкеленіп қалған екен.

Мұрын тұсы сәңірейіп, екі көзінің аңғалағы үңірейіп тұр. Жақ сүйектеріне жағалай біткен қазқатар аппақ тістері ана жатқан көкжалдың тістеріндей қорқынышты емес, адам көзін қызықтыра, сүйсіндіре тартатын сияқты. Серкенің бас сүйегіне ұқсайтын мынау бас сүйекке анау алып мүйіз қалай біткен десеңші! Енді бұл мүйіз күні ертең-ақ Қойлыбайдың үйінің сыртқы есігінің маңдайшасында тұратын болады! Келген-кеткеннің бәрі қарасын бір, тамашалап!

Қойлыбай мүйізді басты зорға көтеріп төмен түспекші болып еді, шамасы жетпейді екен. Әуре болам деп жүріп, тастан өзі ұшып кетуі мүмкін. Сәл ойланып тұрды да, мүйізді басты төмен қарай аяғымен итеріп, домалатып түсірді. Оны көкжалдың басының қасына қойып, қос мықынын таянып, үзақ қызықтап тұрды.

«Қой, менің бұл тұрысым не?! Күн де еңкейіп кетті. Қимылдайын!» деп, торы атты көкжал мен құлжаның басы жатқан жерге жақындатты. «Қасқырды бөктергенде шошынып, үркіп жүре ме?» деп, атты мықтап тұсап, тізгінді ортасынан шорт түйіп, ердің қасына ілді де, тұқырта қаңтарып қойды.

Көкжал қасқырды көтеру де оңай емес екен, әупірімдеп жүріп ертоқымның артына салуға икемдей беріп еді... Кенеттен оң жақ санына бірдеңе сарт ете түсті. Жаны шығып кете жаздады. Бір-ақ сәтте дүниенің не боп кеткенін де сезбеген. Білетіні – құшағындағы қасқырмен бірге құлап түскені ғана.

Есін жинаса, көкжал қасқыр мұның қара санынан қапқан күйінде сұлқ жатыр. Бағанағы шоқтай жайнаған қызыл көздері жұмылған екен. «Өтірік өлген екен ғой» деп күбірледі Қойлыбай.

Қойлыбай қасқырдың азуын қара санынан айырмақ болып қанша жанталасса да, қарысып қалған жақ сүйекті ажырата алмады. Аққан қан қалың шалбардың сыртына шығып, күреңітіп кеткен.

Қаңтарулы жуас торысы оқыранғандай болды.

***

Шынымен суық тиіп қалған ба, әлде Қойлыбайдың қылығына қатты ренжігендіктен бе, өне бойы сал тартып, көңіл күйі мүлде төмендеп, үйіне зорға жетті. Кертайлақты жаппаның астына кіргізіп байлады да, оның мойнынан қағып, кекілінің астынан сипады. «Бір сағаттай суып тұр. Шыда. Содан соң жіберемін» деді аттың құлағына сыбырлап. Кертайлақ та түсінгендей болып, ауыздығын кеміріп, басын шұлғып-шұлғып қояды.

Үйге кірерде бас киімін шешіп, маңдайына алақанын төсеп еді, жанып тұр екен. «Осы мен шынымен-ақ ауырайын деп тұрмын-ау!» деп күбірледі өзіне-өзі.

Әлихан кіріп келгенде, бір қызы мен екі ұлы «о-о, папамыз келді!» десіп, әкелеріне қарай лап қайысқан. Үстел басында еттің қамырын жайып тұрған зайыбы Бұлбұл ғана оқтауын екі қолдап ұстап, қалт тұрып қалыпты. Ол күйеуінің пәс қабағынан олжасыз оралғанын бірден біліп қойғандай:

– Қанжығаң қандабаған-ау, мерген?! – деп, істеп жатқан жұмысын жалғастырып кетті.

– Қанданды... Жоқ, менікі емес, Қойлыбайдікі... Ол көкжал қасқыр атып алды, – деді Әлихан зорлана жымиып.

– Бәрекелді! Жақсы болған екен! – деді Бұлбұл.

– Арқар төменге түсіп кетіпті. Кешігіп қалыппыз, – деді сырт киімдерін шешініп тұрып, – Биікте отырғанымызда суық тиіп қалған сияқты, менің дәрімді әкелші.  Қара бұрыш қосып ішейін. Содан соң сорпаланам ғой.

Бұлбұл қос алақанын шапаттап жұққан ұнын қаққан болды да, тоңазытқышта тұрған арақты алып, үстел үстіне қойды.

Әлихан әдеттен тыс тез қимылдап, үлкен айғыр стақанға ақ арақты толтыра құйды да, оған қара бұрышты молынан салып, шәй қасықпен араластырып-араластырып, тікесінен тік тұрған күйі жұта салды.

– Ем болсын! – деді Бұлбұл.

Жасаған емі жанына жаққан Әлихан етті де жеп, сорпаны да ішіп, енді әбден суып болған Кертайлақты суғарып, босатып жіберейін  деп далаға шықса, Қойлыбайдың әйелі Ғалия осылай қарай ұшып келеді екен.

– Әй, Әлихан, Қойлыбай қайда? Өзің бағана келіпсің ғой. Ол әлі жоқ! – деді ол аман-сәлемсіз.

Әлихан:

– Мен ауырып ерте қайтып кеттім. Ал Қойлыбай қасқыр атып алған! Соны әкеле жатқан шығар. – деді қабағын тыржитып.

– Аңға бірге шығып, жанындағы жолдасын жалғыз тастап кеткен дегенді сенен көрдім! – деп Бұлбұл теріс айналды да, үйіне қарай жөнелді. Өзі бірдеңе-бірдеңе де долданып бара жатыр.

Әлихан «тфу» деп, жерге бір түкірді де, Кертайлақтың қасына барып, ертоқымын алды. Содан соң науаға насос құдықтан су ағызып, атын суғарды да, енді босатып жібермек боп тұрып, әлдене ойына түсе қалғандай тез тоқталып қалды.

Өзінің үйге оралғанына екі сағаттай уақыт болыпты. Қойлыбайдың  мұнша кешіккені несі? Әлде... бір бәлеге ұшырап қалды ма? Қасқыр атып ап, қуанышы қойнына сыймай тұрған кісі алды-артына қараушы ма еді?! Көкжал қасқырды бөктеріп, бағана жетер еді ғой.

«Қой, мынауым болмайды! Оны іздеуім керек. Келе жатса, қарсы ұшырарсармыз» деп тез шешім қабылдаған Әлихан кер атты қайтадан ерттеп қойды. Өзі үйге кіріп тез киінді де, «қазір келем» деп, асығыс-үсігіс шыға жөнелді.

Бұл кезде көз байланып, қараңғы түсуге айналған.

Тізгін тартпай тез жүріп, көкжал құлаған жерге жетсе, қаңтарулы торы ат тұр, серейіп-серейіп қасқыр мен Қойлыбай жатыр. Жүрегі кеудесіне сыймай атқақтап кеткен Әлиханның есі шығып кетті. Аттан қарғып түсіп, Кертайлақты қаңтара салды да, Қойлыбайға жетіп келіп, бетіне үңілді. Тонынан қымқыра ұстап, жұлқыңқырап көріп еді, байқұс жігіттің ыңырсыған дыбысы естілді. Тірі екен! Әлихан қасқырдың Қойлыбайды қапқан күйінде жатқанын көріп, оның қарысып қалған жағын ашамын деп көп әуреленді. Ақыры қалтасынан бәкісін алып, екі езуін бірдей тіліп тастағаннан кейін ғана, қасқырдың жағын зорға айырды. Мойнындағы ұзын шалмасымен Қойлыбайдың жаралы санын қатты тартып танып тастаған соң ғана, кеудесін керіп тұрып кең тыныстағандай болған. Қаны көп кетіп, әлсіреп қалған ірі жігітті атқа қалай көтеріп мінгізерін ойлап, көңіл күйі қайтадан төмендеп, абыржи бастап еді, сол кезде сұлқ жатқан жаралы: «Басымды көтерші! Атқа мінгізші» деп ыңырсығандай болды. Қуанып кеткен Әлихан екі қолтығынан тік көтергенде, Құдай дем бергендей, Қойлыбай сол аяғын жерге тіреп, тік тұра қалды. Оң жақ қолын иығыннан асыра салып оны торы атының қасына апарғанда, Қойлыбай аттың жалына жармаса кетіп: «Көтер! Мінем!» деді. Әлихан Қойлыбайдың сол жақ қара санынан құшақтап, бар күшімен демеп жіберіп еді, ауыр жараланып, қатты қансыраған жігіт қайрат көрсетіп, ер үстіне дік ете қалды.

– Жарайсың, Қойлеке! Нағыз жігітсің! Ер қазақсың! – деді дән риза болған Әлихан.

– Әлихан! – деді Қойлыбай әлсіз дауысын көтере түскісі келіп, – Ана қасқырды өзің ал. Енді оны көргім де келмейді!

Әлихан үн-түнсіз жүріп, жіңішке сүрлеу үстінде жатқан құлжаның мүйізді басын құз етегіндегі дөңбек тастардың арасына апарып қойды. Содан кейін көкжалды көтеріп алып, Кертайлаққа салайын деп еді, ол осқырынып, тіпті, қашып кетуге ыңғайланған соң, оны Қойлыбайдың артына бөктіріп берді.

Әлихан Қойлбайдың дым сезбес, момын торысын жетелеп ауылға беттегенде, жап-жақын жерден қасқыр ұлыды. Сірә, арланын жоқтап айналсоқтап жүрген өлекшін болса керек.

«Енді бөлтіріктеріңді өзің өсір, байқұс! Арланыңды атқан мен едім! Айыбымды кеше көр!» – деп күбірледі Әлихан.

Әбубәкір Қайран

 

 "Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер