«Тулаған қаны бар, тұлпар да табылар…»

3124
Adyrna.kz Telegram

«Жігітке жетпіс өнер де аз». Кезінде «Көршінің қызымен» көңілімізді елең еткізіп, «Сыған серенадасы» секілді сырлы әндермен тыңдарманды  баурап алған, қазақ эстрадасында өзіндік жолмен із салып келе жатқан әнші Тоқтар Серіковтің көпшілікке беймәлім әдемі әдетімен (хоббиімен) бүгін  сіздерді таныстырмақпыз.

Жеті қазынаның біріне бағаланатын жүйрік аттың қазақ халқының өмірінде алатын орны ерекше.  «Жылқының сүті шекер, еті бал, иісі жұпар, терісі киім, мінсең тұлпар » деп Досбол би сипаттағанындай, тарихтың көне қатпарларынан бізге мәлім, арысы аңыз-дастандардағы Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбарынан бастап, кешегі сері Ақанның бір ғана Құлагері сол уақыттағы қазақтардың қаншалықты жылқымен жанының егіз, үндес болғанының айқындайтындай. Жоғарыдағы сөздерден соң, мен айтпай жатып, қандай әдетке Тоқтардың жаны жақын екенін де біліп үлгерген боларсыздар. Иә, Тоқтардың атқұмар қасиетін, құмарлығымен қатар қолда асыл тұқымды жылқылар баптайтынын естіп, мен де атымның басын Тоқтар Серіковтің сәйгүліктерің ұстайтын иподромына бұрдым. Әдеттегі сұхбат алудан осы жолғы сұхбаттың жөні де, орны да ерекше болды.

Бүгінгідей темір тұлпарсыз бір адым аяқ баспайтын, жасанды дүниеге бой алдырып, үйреніп кеткен көпшіліктен, әсіресе қала жамағатынан  қазақы иісті сирек сезіне аласыз. Әрине, көпке топырақ шашуға болмас. Сол  сирек статистиканың деңгейін бір адым болсын жоғарылатуға бүгінгі тақырыбымыздың бас кейіпкері Тоқтардың нағыз қазақы әдеті септігін тигізер деген ойдамын. Жүйрік атқа құмарлығың, және ежелден келе  жатқан жылқы баптау кәсібімен айналысуың, бәйгелерге ат қосып, бабалар дәстүрің жалғастыруың, өзі айтпақшы «қанына сіңген» қасиет деп пайымдайды. Бұл іспен айналысқанына, яғни асыл тұқымды аттарды баптау кәсібің қолына алғанына төрт жылдың жүзінен асып барады. Жеткен жетістік те, асқан асулар да аз емес. Жалпақ жұртқа таңдай қақтырып, таныла бастаған, әсіресе ағылшын тектес Ақбақай тұлпары, осы жылы ғана төрт бірдей бас бәйгені қанжығасына байлаған екен. Одан қалмай, Қасқалдақ та өзің түрлі додаларда дәлелдеп келеді. Сол аттардың құлағында ойнап жүрген, барлық бәйгелерде өзі шабатын он бес жастағы Айбек Даненовты көріп, Тоқтар ағадан алғаш қашан ат жарысқа қатысқанын сұрасам, оның өзі  қызық тарихы бар оқиға болып шықты. Туған жері, Аягөз ауданы, Көксала ауылында бірінші сыныпқа енді барған жылы болса керек. Бір күні көрші үйдегі Аман есімді кісі Тоқтарға атыма бәйгеде сен шауып берсең қайтеді деп өтінеді. Бала Тоқтар қуана келіскенімен, үйдегілері бұрын-соңды жарысқа қатысқан жоқсың, әлі кішкентайсың деп, тіпті райынан қайтпайтының көргеннен кейін киетін етігіне дейін тығып тастайды. Дәл ертең жарыс дегенде, не істеді дейсіз ғой?! Жалаң аяқ сол күні барып, әйтеуір үлкендеу болса да біреудің етігің киіп, ақыры атымен мәреге бірінші келсе керек. Содан бері ағасы, Тоқтардың ержеткенін түсініп, қайта өзі атқа шабуға баулып, одан кейін де талай бәйгелерден дес бермей кеткенін, етіксіз барып осылай бәйге алған кездерімізде болған деп, күлімдеп есіңе алды. Тағы бір ескере кететін қызық жайт, екі жастағы кішкентай ұлы Беколжас , осы бастан атқа не ғажабы бар, қатты құмар көрінеді. Әр келген сайын, ол да өзінше жылқыны жалынан сипап, әзірге қолынан келмесе де, жай жетектегенге көнбей, өз еркімен  шапқысы келеді екен. Бұдан жалғасып келе жатқан ұрпақтар үндестігің байқауға болатындай. Өз ауылында да әкесі Қадырдың қолында бапталып жатқан, бәйгенің басында, жорғалардың алдында жүретін жүйрік сәйгүліктер бар екен. «Мұхаммед пайғамбардың хадисінде айтылғандай: « Әкесі көзі тірісінде, бар дүниені баласы меншіктеуге болмайды. Бар құрмет те, дүние де әкеге» дегендей, менің осы тірлігімнің қайсында болмасын, бастауында әкем тұрады, бәрің де сол кісімен ақылдасып бірақ шешімге келемін» деп өзінің ойың бір білдіріп қойды. Ағылшын тектес, асыл тұқымды, кезінде шет елден арнайы алдырылған бұл сәйгүліктерге тұрақты, арнайы күтім қажеттілігі айтпаса да түсінікті. Алғаш тәуекел деп, осы іске бел шешіп кіріскенде аттарды ұстауға иподромнан орын тауып берген, өзінің кішкентай кезінен бірге өскен досы Бегайдар Нұрлановтың есімің ерекше ілтипатпен атап өтті. Себебі, Тоқтар екеуінің мінез, қылықтарынан бөлек бет-әлпеттері де бір-біріне өте ұқсас екен.  Тіпті, балалық шақтарында ол екеуін, қос әулеттің адамдары жиі шатыстырған кездері де болып тұрыпты. Ал, осы жылқыларға үнемі ықтияттылықпен қарап, қадағалайтын, оларды күтіп баптайтын Ринат Әділқасов, Аман Құсайынов, Дәулет Байкенжиев секілді нағыз қаны тұлпардай тулаған қазақтың жігіттерің көріп, бір арқаланып қалдым. Қазіргідей, басқасың айтпағанда, ат түгілі, жабағыға міне алмайтын жастарымыз көбейіп бара жатқанында, бұл жігіттердің жас ұрпаққа үлгі болары анық.

Осы орайда, белгілі жазушы Асқар Сүлейменов жайлы жазылған естелік «Парасат падишасы» кітабында, ол кісінің жылқыға құмар болғаны соншалық, бөлмесінде, жұмыс орнында болсын әртүрлі сәйгүліктердің суреті ілініп тұратыны есіме түсіп, «Тоқтардың Асқар ағадай әдеті жоқ па ?» деп сауал қойғанымда, «Мен  әрбір жарыстағы аттарды суретке түсіріп, бейнетаспаға басып сақтап қоямын. Болашақта, бәлкім, шағын жылқыға байланысты, үйімнен болса да мұражай ашу ойымда бар » деп жауап берді.

«Мен үшін, әсіресе қыс айларында ауылға барып, асау тайды үйреткеннен алатын адреналинен артық рахатты көрмедім. Түсіне білген адамға, жылқы бойға өзгеше қуат беретін, ерекше жаратылған жануар ғой, әрбір қазақта тұлпардың асаулығы да, шабандылық, төзімділігі де болса құба-құба құп болар еді » дейді. Және Тоқтар сәйгүліктерден бөлек, кәдуілгі таза қазақы төбеттер мен жармақұлақ, шашаққұлақ секілді тазылардың тұқымың қолда асырайтынынан да хабардар етті. Ауылындағы алты төбет, үш тазысы қасқыр алмаса да, түлкі, қояндарға ауыздары майланып жүргені, кешегі аталарымыздың аңға тазы салу кәсібінің әлі күнге жоғалмағанының белгісіндей. Жақында, қызық болғанда өз үйінен ұялас екі тазысының біреуің, кім алғаны белгісіз, ұрлап алып кетіпті. Осы жөнінде Тоқтар былай дейді: «Беколжасымның тілі сынсың деп, есімдерің Дара және Қара деп қойған екі тазымның, Қарасы қолды болып отыр. Бар тілерім, табылмаса да, тек тазы қадірің түсінер адамның қолына түссе деймін. Болашақта одан мықты тазы шығатынына сенем. Ол енді алған адамға байланысты. Бәлкім, дәл қазір осы газетті оқып отырғанда болар. Ондай жағдайда қосарым, өмірдің өзі таразы. Уақыты келгенде бір жағада жолығып та қалармыз» деп ,осы сөздерің  тақырыпқа арнайы қосып шығарылуың өтінді.

Сонымен, тек әнші ретінде ғана сахнада көріп жүрген Тоқтардың, сәйгүлікке әуес әдемі бір әдетімен хабардар болдыңыздар. «Ауру қалса да, әдет қалмайдыны» жақсы мағынасында қолдансақ,  әрбір қазақ жігітінің бойына осындай әдеттің сіңіскенін тілер едім. Айдынсыз аққу, құрақсыз бұлақ, күнсіз аспан тұл сияқтанатынындай, тұлпармен қашаннан жаны бірге үндескен қазағымның ертеңгі болашағының жауапкершілігі біздің мойнымызда. Бүгінгі өскелең ұрпаққа үлкен үміт жүгің артқан бабалар сенімің ақтау әрбіріміздің парызымыз.


Асқарбек ҚАЗАНҒАП,

«Ана тілі».

 

Пікірлер