Жоспарында жоқ тақырып. Қазақтар туралы Карутцтың кітабы

966
Adyrna.kz Telegram

Таяуда неміс этнографы Рихард Карутцтың кітабы қазақ тілінде жарық көрді. «Қазақтар мен түркмендер арасында» деп аталатын еңбек AmalBooks баспасында кәсіпкер Арман Тосқанбаевтың демеушілігімен шығарылды.

2016 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан AmalBooks баспасы тарих, нон-фикшн, бизнес бағыттарында кітаптар басып шығарады. Рихард Карутцтың еңбегі – «Таза тарих» сериясының аясында жарық көрген оныншы кітап. Бұған дейін бұл туындының орыс тіліндегі аудармасы шығып, оқырман арасында сұранысқа ие болған еді.

AmalBooks баспасының негізін қалаушы Бақытжан Бұқарбай «Таза тарих» сериясы бойынша шығарылатын кітаптардың негізгі мақсаты халықтың көзін ашып, тарихи жадын қалпына келтіруге көмектесу екенін атап өтті. Осы мақсат аясында жыл соңына дейін тағы жиырма тарихи дерек шығару жоспарымен де бөлісті.

СУРЕТТЕУ ҒАНА ЕМЕС, СУРЕТІ ДЕ БАР

Неміс этнографы Рихард Карутц 1903 және 1909 жылдары Каспий теңізі жағасындағы Маңғышылақ (кітаптағы нұсқасында осылай жазылған) түбегіне саяхат жасайды. Экспедициясының негізгі мақсаты түркімендерді зерттеу болғанымен, мұндағы тұрғындардың арасында қазақтардың басым екенін байқап, нәтижесінде осы кітапты жазып шығады. «Неміс ұлтына тән асқан дәлдікпен, мұқият жазылуы кітаптың негізгі ерекшеліктерінің бірі», – дейді жоба жетекшісі Бақытжан Бұқарбай.

Басқа зерттеушілер тек шолып қана жазған қазақтың өмір салтындағы наным-сенімін, тұрмыс-тіршілігін, ою-өрнегін толығымен сипаттап жазып қалдырғаны осыған дәлел. Кітаптың тағы бір артықшылығы – тұрғындардың тыныс-тіршілігінің тек сөзбен ғана емес, суреттер арқылы да көрсетілуі.

Автор кітапта қазақтардың тал бесіктен жер бесікке дейінгі өмірінде ұстанатын салт-дәстүрлерін толықтай тарқатып баяндаған. Баланың дүниеге келуі, балалық шағы, ес білген уақыты, шаңырақ құрып, отбасылы болғаны секілді халқымыздың тұрмысындағы маңызды рөлге ие болған дүниелердің қалай жүзеге асатынын түсіндірген.

Сонымен қатар, географиялық ерекшеліктері туралы сөз қозғап, Маңғышылақ түбегінің табиғатын да тыс қалдырмаған. Соның нәтижесінде жер-суға байланысты қазақтар арасындағы ежелден қалыптасып келе жатқан аңыздар да кітапта айтылады.

ТҮРКІМЕНДЕРМЕН САЛЫСТЫРУ

Алғашында түркімендер туралы жазғысы келген автор қазақтар туралы дерек қалдыруының себебін «жаңа мәдениеттің ықпалына жылдам ұшырап, ұлттық ерекшелігі солғын тарта бастаса да, қазақтың көп мәдени мұрасы әлі де ерекшелігін сақтап тұр. Сондықтан, түркмендермен салыстырғанда, сырттан келген этнографтың назарын қазақ ұлты көбірек баурайтынын айта кету керек» деп түсіндіреді.

Оған қарамастан, әуел бастағы мақсаты бойынша түркімендер туралы да сипаттап жазып қалдырған. Ең қызығы түркімендерді Мерв оазисіндегі туыстарымен салыстырып, олардың сырт келбеті мен тұрмыс-тіршілігіне экономикалық жағдайдың әсер еткенінен хабар береді.

Сондай-ақ, қазақтар мен түркімендердің шаруашылығы мен климаттық жағдайға бейімделуіне баға бере отырып, ұлт ретінде қазақтардың басым түсіп отырғанын жазады.

Екі ұлттың арасындағы киім кию үлгісі мен өмір сүру салтындағы айырмашылықтарды суреттер арқылы да көрсете білген. Бастапқы дереккөзден аударылған кітаптан отарлау саясатының этнографиялық ұлттық ерекшеліктерімізге ықпал еткенін аңғару қиын емес. Қысқаша айтқанда, кітап 20-ғасырдың басындағы қазақтардың күнделікті тіршілігінен хабар береді.

 Мерей Мырзағалиқызы

Пікірлер