Хан атауына қатысты ұғымдар

3810
Adyrna.kz Telegram

Хан – байырғыхандықмемлекеттегі ең жоғары лауазым, билік иесі, ел билеуші. Қазақ хандығындағы жоғарғы билік ханның қолында болды. Хан титулы ежелгі түркі заманынан бастау алып, Моңғол империясы кезеңінде қолданысқа ие болып, Қазақ хандығы тұсында ең жоғары лауазымды білдірді.

Хан сөзінің шығу тегін В.Радлов, В.Бартольд, Г.Рамстедт, Б.Владимирцов, М.Оразов сынды белігілі түркологтар жан-жақты қарастырған. Зерттеушілердің көбісі хан сөзінің көне түркі заманында ең жоғары лауазым ретінде танылған қаған сөзінен қысқартуға ұшырағаны туралы лингвистикалық тұрғыдан түсіндіреді. Алайда, хан қаған терминімен қатар VIII ғасырдағы әйгілі Орхон жазуларында кездесетіндегі туралы алғаш рет В.Радлов пен В.Бартольд айтқан еді. В.Бартольдтің пікіріне сүйенер болсақ, хан мен қаған терминдерінің Орхон жазбаларында кездесетіндігіне қарағанда, хан атауы көне түркі ұлыстарындағы (түркі қағанаты, батыс және шығыс қағанаттары, түргеш қағанаты және т.б.) ең жоғарғы билік иесіне қатысты қолданылған жоқ. Ол көне түркі ұлыстарының билік лауазымында «аймақ басшысы» (Бартольдтің беруі бойынша – князь) дегенді білдіріп, ең жоғарғы билеуші «сұлтан» деп аталынды. Орталық Азиядағы Моңғол империясының алғашқы кезеңінде де хан (немесе каан) атауы жеке облыстың билеушісі атағын білдірді. Ал империяның ең жоғарғы әміршісі Шыңғыс қаған (немесе қаһан) деп аталды. Осылайша Моңғол империясында хан атауы уақыт өте келе қаған терминін бірте-бірте ығыстырып қолданыстан шығарды.

Байырғы қазақ қоғамындағы атақ-лауазым атауларының тілдік сипатын жіті зерттеген филология ғылымының кандидаты Нағима Әшімбаева хан атауының мән-мағынасы мен атқарған міндеті қазақ хандығы тұсында өзгергенін тілге тиек ете келе, ойын былайша өрбітеді: «Қазақ хандығының тарихын саралай отырып, оның өн бойында хан сөзімен саяси дәрежесі бірдей емес билеушілердің аталғанын байқаймыз. Мысалы, Тәуке хан дүниеден өткен соң, кейін қазақ жүздері өз аумағында жеке-жеке билік құра бастады. Негізінен алғанда, жалпы саяси одақтастық жойылмаған жүздердің осындай бірлестігі (конфедерациясы) жағдайында әр жүздің басында отырған хандар, тұтас мемлекет иесі емес, жеке князьдіктердің басшысы деуге ғана келетін еді. Немесе Еділ мен Жайықтың арасындағы қазақтың бұрынғы аумағында құрылған вассалдық хандық Бөкей ордасының да соңғы ханы Жәңгір ханның саяси статусы ханнан гөрі Ресейдің генерал-губернаторына көбірек ұқсайтын». Ғалымның бұл тұжырымдамасын Қазақ хандығының тарихында орын алған Келте хандар кезеңімен байланыстыруға болады.

Келте хандар. Тәуке ханның билігінен (шамамен 1680-1715 жылдары) кейін таққа келген Қайып хан Қазақ хандығының бұрынғы ұлылығын берік ұстап тұра алмады. Қазақтың үш жүзінде өз хандары пайда бола бастады. Қазақта мұндай шашыраңқы биліктегі хандарды «келте хандар» деп атаған. Ал осы дәуір қазақ хандығының тарихында «Келте хандар кезеңі» деген атқа ие болды. Аталмыш кезең 1822 жылғы «Сібір қырғыздарын басқару жөніндегі жарғыдан бастау алған қазақ қоғамындағы хандық билікті мүлдем жоюға бағытталған әртүрлі саяси-әкімшілік, әкімшілік-территориялық реформалардың жүргізілген уақытымен аяқталды. Бұл 1822-1824 жылдары Қазақстанда округтердің құрылуы, 1824 жылы «Орынбор қырғыздары жөніндегі ереженің» қабылдануы және Кіші жүздегі хандық биліктің жойылуы секілді оқиғалармен байланысты болды. Алайда тарихшы ғалым Берекет Кәрібаев үстіміздегі жылы жарық көрген «Қазақ хандары» атты еңбегінде келте хандардың бастау тарихын былайша сараптайды: «Үш жарым ғасырлық тарихы бар Қазақ хандығы қалыптасу, даму, күшею, құлдырау кезеңдерін бастан өткерді. Осылардың ішіндегі әлсіреу кезеңінде, нақтысын айтқанда Қасым хан қайтыс болған уақытта қазақта бір мезетте үш хан болды. Батыс бөлікте Ахмет хан, орталық өңірде Тоғым хан, Жетісу өлкесінде Бұйдаш хан болды. Бұлардың ішінде тек Бұйдаш хан ғана бізге белгілі болып келді». Демек, Қазақ хандығында маңызды орын алған келте хандар кезеңі зерттеуді қажет етеді.


Гүлсінай ИСАЕВА,

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты

Этнолингвистика бөлімінің аға ғылыми қызметкері,

филология ғылымының кандидаты,

"Ана тілі"

 

Пікірлер