Ұлттық киім киесіз бе?

5351
Adyrna.kz Telegram

Бұл сұраққа адамдардың көбі: «Елдің бәрі кисе, мен де киер едім» деп жауап беретіні сөзсіз. Әрине, сіз басыңызға үкілі бөрік, үстіңізге бүрмелі қос етек көйлек киіп көшеде кетіп бара жатсаңыз, жұрттың бәрі «тарих» адамға аңтарыла қарайтыны анық, тіпті сізбен суретке түсуі де мүмкін. Бірақ ұлттық киімнің аты – ұлттық киім. Әлемдік мода ғарыштық жылдамдықпен дамып, адамзат атаулы ультрасән нобайларының жетегінде кете бастаған жаһандану дәуірінде төл киімдерін тәндерінен тастамай жүрген ұлттар бар. Себебі тіл ұлттың ішкі жан дүниесін  көрсетсе, ұлтық киім сол  халықтың сыртқы болмысын айқындайды.

Біз бұл жерде «ағайын, үстімізге шапан, басымызға сәукеле киейік» деп жалаң ұран айтып, жаттанды мақала жазып жар салайық деп тұрған  жоқпыз. Біздің айтпағымыз ұлттық нақышта тігілген заманауи, күнделікті өмірге ыңғайлы киімдер жайында. Ал мұндай киімдер бар ма? Бола қалғанның өзінде де олар сахналық киімге ұқсайды. Себебі біз ұлттық ою-өрнегі бар киімдерді сол сахнаның маңайындағы әртістерден, тележәшіктегі  жұлдыздардың үстінен көруге көзіміз үйреніп қалған. Ал қазақтың ою-өрнегінің  кез келген киімге ерекше сән беріп тұратынын бәріміз жақсы білеміз. Еліміздегі атағы жер жарған сән үйлері  түрлі дизайндағы ұлттық атрибуттарға малынған  киімдерді  дайындамай жатыр дейсіз бе?  Дайындап жатыр. Бірақ ол әлемдік көрмелерге немесе керемет подиумдарға арналған киімдер. Ал  қарапайым халыққа, қарапайым қазақы киім керек. Базарға барсаңыз да, әдемі дүкендердегі қымбат дүңгіршектерді араласаңыз да қазақы өрнекті киім табуыңыз неғайбыл. Қырғыздар айыр қалпақтарын бастарынан тастамайды, қалада жүрсе де, далада жүрсе де. Жапондар киманоларын әлемге әйгілеп әлек болуда. Өзбегің де ала шапанын жамылып жүр. Айтпақшы, Түркменстан Ғылым академиясы  ғалым әйелдерді үстіне ұлттық нақыштағы көйлек, бастарына орамал тартып жүруге міндеттепті. Енді Моңғолияны қараңыз, олардың ұлттық арналарында жаңалық оқитын дикторлар міндетті түрде ұлттық киім киіп отырады екен, мектеп мұғалімдеріне де ұлттық нақыштағы киім кию міндеттелген, тіпті мектепте үзілісте соғылатын қоңыраудың өзін  олар моңғол ұлтының рухын көтеретін музыкамен алмастырыпты. Ал біз ше? Бізде бәрі бар, бір-ақ нәрсе жетіспейді, ол – ұлттық намыс!!! Қазір тойларда қазақтың бәрі бір-біріне шапан жабатын болған. Бұрын аса құрметті адамдарға айырықша жағдайларда жабылатын шапандардың бүгінгі сипаты мүлдем дарақы. Ол шапандар асабалардың тілімен айтқанда, қаладағы «дежурный»,  яғни айналымда жүрген шапандар.  «Осы айналымда жүрген он шақты шапанды анда-санда көріп қалғанда, көзімізге жылыұшырап тұрады» деп әзілдеп жататын той жүргізетін жігіттердің айтқанында  шындық бар. Сосын шапанды  балаға да, данаға да, шет елден  кім келсе соның иығына  жалп еткізіп жауып, басына киіз қалпақты кигізе салып, мәз болып қол шапалақтау  әдетке айналыпты. Осы шапандарды неге тым құрығанда жылына бір рет кимеске? Наурыз мерекесінде орталық алаңға барымызды киіп, басымызға ұлттық бөрік, иығымызға оқалы шапан іліп келсек, біреу бізге қой дей ме? Қазақтың ұлттық киiмi тек қазаққа ғана жарасады. 


Дарын НҰРСАПАРОВ,
Өскемен қаласы
Пікірлер