Үкілі Ыбырай әндері әуеледі

4449
Adyrna.kz Telegram

Алматыдағы Ғабит Мүсі­ре­пов атындағы Қазақ мемле­кеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Алаш айнасы» газеті мен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлес­тігінің бірлесіп ұйым­дастыруымен «Ханнан да қадірлімін туған елге» атты ұлтымыздың ұлы композиторы, тарлан ақын, дауылпаз әнші Үкілі Ыбырайдың шығар­машы­лығына арналған ән кеші өтті. Қазақ музыка мәде­ниетінің алтын діңгегі, асыл сағағы Үкілі Ыбырайдың төл туындылары орындалған шараға Көкшетаудан мәде­ниет қайраткері, ақын-жырау, өнер зерттеушісі Жұма­бай Есекеев, Ақмола облыс­тық шығармашылық орталығының көркемдік жетек­шісі Тоқтарбек Қалдыр­баев арнайы келді.

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ре­жис­сер Сағызбай Қарабалиннің сахналауымен «Гәкку» әнінің шығу тарихынан ша­ғын қойылым қойылды. Онда Үкілі Ыбырай мен Кәкима болып басты рөлде ойна­ған Ғабит Мүсірепов театрының Қуа­ныш пен Толқын есімді жас әртістері өз ше­бер­ліктерімен тәнті етті. Талғат Абылбеков, Рахым­жан Әбішов, Ермек Сапаров есімді суретші-шеберлер «Адырна» атауына байланысты ұлттың қорғаны ретінде садақтың бір бөлшегін, рухани байлық нышанындағы адырна аспабын және жер байлығы ұғы­мындағы адыр тәрізді элементтерді пайда­ланып, кештің сахнасын безендірді. Мәде­ни шараның жүргізушісі болған өнер зерттеушісі Ерлан Төлеутай көрермен қа­уым­ға Үкілі Ыбырайдың өмірі мен шығар­ма­шылығына қатысты тың деректер ұсын­ды.

«Дала дауылпаздары» жо­ба­сының ма­ңы­зын ерекше атап өткен музыкатану­шы, күйші Жарқын Шәкәрім ұлттық мұра­мыз бен ұлы композиторларымызды насихаттау ісінің маңыздылығын атап өтті. Белгілі әнші, ұстаз Жоламан Құжи­ма­нов­тың нотадан қалпына келтіріп, үйретуімен «Қара­гөз», «Кідік-ай», «Ыбы­райдың термесі», «Кө­кейкесті», «Елді сағын­ғанда», «Жел­дір­ме» тәрізді әндер тұңғыш рет үлкен сахнаға шықты.

Өнер зерттеушісі Жұмабай Есекеев атуға айдалып бара жатқан кезіндегі Үкілі Ыбырайдың қоштасуын өз мақа­мына салып айтып берді. Өлеңдегі ақын­ның ел-жұртымен қош­тасу сәтін, мұң-ше­рін бейнелейтін тұстары еріксіз көңіл тол­қы­тады. Жо­ла­ман Құжимановтың, Ерлан Төлеу­тай­дың, Ардақ Исатаева, Ерлан Рысқали­­дың орында­уын­дағы «Аңшының әні», «Тол­қын», «Жиыр­ма бес», «Қызыл асық», «Шал­қы­ма», «Қай­ран, Гәкку», «Гәкку» тә­різ­ді әндер тыңдар­ман қа­уым­ды дүр сілкін­дірді. 2010 жылдан бері «Адырна» ұлт­тық-эт­но­гра­фиялық бірлестігі Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Жаяу Мұса әндерінен концерттер ұй­ымдас­тыр­ған болатын. Алда игі баста­маның жал­ғасы ретінде Балуан Шолақ, Естай, Әсет, Мәди, Қапез, Кенен, Нар­тай, Жамбыл ән­дерінен концерт өткізу жос­парлануда.

Жұмабай ЕСЕКЕЕВ, мәдениет қайраткері, ақын-жырау, өнер зерттеушісі:

– 1974 жылы облыстық «Көкшетау» газетінде жұмыс істеп жүріп, іссапармен өз елім – Айыртау ауданына қа­расты Егіндіағаш деген ауылға бардым. Нұрмұхамед есімді қария есік алдында бір өлеңді ыңылдап айтып отыр екен. «Бұл кім­нің өлеңі, ата?» деймін ғой. «Үкілі Ыбырайдікі» дейді ол. Жалма-жан көші­ріп алдым. Он шумақ өлең екен. Оған «Қош­тасу» деп ат қойып алдым. Ел іш­ін­де ерте кездері айтылатын мақам­дар болатын. Әлгі өлеңді сондай мақамға салып орындадым. Айыртау ауданында 1990 жылы Үкілі Ыбырай­дың 130 жыл­дық тойы өтті. Сонда Үкілі Ыбырай­дың жер айдалып бара жатқан шағын­дағы өлеңін сахнаға алып шықтым.

Уа, халқым, бір дәм айдап шықтым

шетке,

Рақым жоқ бұл сапардан үміт етпе.

Дүниеден қазам жетіп өтіп кетсем,

Бақұлдық бар қазаққа, айттым көпке,

– деген өлең жолдары өзінің жер айдалып бара жатқан үмітсіз шағынан сыр шертеді. Сонымен қатар Үкілі Ыбырай­дың «Он саусақ» әні Біржан салға телі­ніп жүр. Үкілі Ыбырайдың өлең құрылы­сының ерекшелігі бар. «Он саусақта» Үкі­лі Ыбырайдың қолданатын теңеу­ле­рі, сөздік қорындағы сөздер кездеседі. Әуендік, ырғақтық жағынан да тұп-тура Үкілі Ыбырайдың қолтаңбасы. Оның екпінді музыкалық ырғағы ешкімге ұқ­са­майды. Сосын біздің жақтың шал­да­рының бәрі баяғыдан-ақ бұл ән­ді Үкілі Ыбырайдың әні деп орындайды. 1980 жылдардың аяғына қарай ор­та­лық жақ­тан делегация барған ғой. Сонда бір шал «Біржан салдың «Он саусақ» әні» деп қате айтып берген. Содан кейін бұл ән бүкіл елге солай тарап кетсе керек.

Ерлан ТӨЛЕУТАЙ, әнші, өнертанушы:

– Үкілі Ыбырайдың ғажап әндерінің бірі «Қараторғай» деп аталады. «Қара­торғай» әні туралы неше түрлі алып­қаш­па дақпыртқа толы әңгімелер көп. Соның бірі – осы әнді «Сырдың Қара­торғайы» дейтін негізсіз әңгіме. Ал шын мәніне келетін болсақ,Үкілі Ыбырайдың Бөпіш деген туған апасынан туған Тайжан атты жиені болған. Нағашысы Ыбырайдан бата алған бұл кісі кейін Тайжан Қалмағанбетұлы деген үлкен ақын болды. Өзін Ыбырайдың шәкірті санаған ол нағашысының әндерін өзі серілік қылып, көп жүрген Сыр өңіріне апарып жайған. Осы әннің тарихын білем деушілер бұл әнді кішкентай қараторғайдай әйел шығарған дейді. Бірақ әйел адам ешқашанда: «Құс болсам, жібектен бау тағар едім, Күмістен тұғырыңды жабар едім…» деп өлең шығармайтынын ескергеніміз жөн. Айта кететін бір жайт – Үкілі Ыбырайдың шәкірті болған Бәйсейіт әншінің естелігі бізге жеткен. Бәйсейіт сонда Әбіқай деген әнші екеуі «Құс болсаң, жібектен бау тағар едім» деп басталатын «Қара­торғайды» Үкілі Ыбырайдың өз аузынан үйренгенін айтып қалдырған.


Сандуғаш ӘЛІМЖАНОВА

Пікірлер