«Ұлттық киім сәнге енуі үшін оны заманауи үрдістерге бейімдеу керек» - мәдениеттанушы

6841
Adyrna.kz Telegram

Ата-бабаларымыздың дәстүрлі гардеробындағы сәнді өрнектер мен әшекейлердің астарында қандай қасиетті мағыналар жасырылған? Дала сәні қалай, қашан және неге өзгерді? Көшпенді қазақтар күнделікті өмірде этномәдени іс-шараларда жиі кездесетін сәнді киімдерді киді ме және ұлттық киімдерді қалай танымал ету керек? Белгілі мәдениеттанушы Серік Ерғали ой толғайды.

- Жақында өткен Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы ұлттық киім ұлттық мәдениеттің жарқын көрінісі екенін айтты. Президент бұл мәселеге неліктен баса назар аударды деп ойлайсыз?

- Президент назарына халқымыздың этноқұндылығы турасындағы ахуал жетіп жатса керек. Оның үстіне 2017 жылы шыққан Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының негізінде пайда болған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының нәтижесіз, қыруар қаржының текке кеткенін де президент Тоқаевтың білетіні жасырын емес. Ұлттық Құрылтайда сөз болған бұл бастама осы олқылықтың орнын толтыруға деген қозғау екені сөзсіз. Бірақ халқымыздың рухани-мәдени құндылығын кешенді түрде ресми жоспармен қолға алмаса болмайды. Ахуал халықтың қазырғы сұранысына сәйкес болмай отыр. Соңғы жылдары шұғыл оянған ұлтымыз бұрынғыдан гөрі сауатты әрі салиқалы істер күтіп, талап етуде. Сол себепті, Рухани түлеуге қатысты мемлекеттік әбжіл әрі тегеурінді шаралар керек. Наурыз мерекесінің 10 күнінің бірін спортқа, бірін киімге арнап, ештеңені түлете алмаймыз. Меніңше 365 күннің онкүндігін киімге, тағы бір онкүндігін этноспортқа бөлек арнау қажет. Және бұл күндер нақты іс-шаралармен, нәтижелермен әдіптелгені жөн.

- Ұлттық киімнің мағынасы терең. Айтыңызшы, қазақтың ұлттық киімдерінің қандай ерекшеліктері бар, оның элементтері нені білдіреді?  

- Қазақтың ұлттық киімдері бір жағынан көшпелі мәдениеттің тікелей көрінісі болса, екінші жағынан бұндағы әшекейлер мен көркемдеуші өрнектер, оюлар мен таңбалар ежелгі адамзат тарихынан хабар беретін артефакттар мен архетиптерге толы ақпарат көзі. Бұларға әлі мәдениеттану саласы жете көңіл бөле алған жоқ. Оған жай ғана қарабайыр көзқараспен назар салынып отыр. Ұлттық киімдер әлі күнге кешенді түрде зерттеу нысанына айналған жоқ, тек қана жекелеген ғалымдар мен авторлар қалам тартып келеді. Одан артық жүйелі ештеңе тындырған жоқпыз. Бүгінгі базарда сатылып, құда-жекжат пен қонақтарға үлестіріліп жүрген шапан мен қалпақ жыйдасы/коллекциясы – жасанды нәрсе. Мыжырайған қалпақ бұрынғы ішінен шошақ бөрік киіп, үстіне мұрақ қалпақ кигізілетін ақсүйектердің таптық/сословиелік  басқа арналған киешегі/костюмі болатын. Мұрақ – баскиім емес, төрелік, ақсүйектік титулға сай тәждік бас киешек. Бұл бір ғана егжей/деталь. Ал мен осыдан оншақты жыл бұрын Ресей патшалығының жыйдасынан Наурыз мейрамын киілген екі баскиім таптым. Бірақ ол әлі күнге ғылыми айналымға да, қазақ гардеробына да енген жоқ... Оны ертең бір халық патент алып иеленсе, ғана шулаймыз. Осыдан-ақ, ұлттық киімнің ауқымы мен қолданыс аясы қандай болғанын байқауға болады.

- Қазақтың дәстүрлі киімінің қандай элементтерін басқа халықтардан алдық?

- Қазақ халқы аттан түсіп, көшпелі өмір салтын тәрк етіп, отырықшылыққа бет бұрғанша ешбір халықтан киім үлгісін де, элементтерін де ала қойған жоқ. Себебі, біздің дәстүр жай ғана көшпелі өмір салты емес, ежелгі ғаламдық танымға негізделген, «тәңірлік» дейтін шартты аталатын дәуірдің тікелей хабаршысы. Сол кездегі киімнің пошымы мен тұрпатын, элементтерін бұрмалау өмір салты өзгеріске ұшырағанда ғана бірге жүретін процесс. Мәселен, қазақтың бұрынырақтағы шапандары мен әйелдердің көйлек-камзолындағы өрнектер өсімдіктұрпатты болып келетін дәуір бар, одан басқа ою-өрнектердің стилденген кезеңі бар. Бұл ою-өрнектер ежелгі скиф-сақ дәуіріндегі айуандар/зверийный стилінен шыққандығын байқау қиын емес. Дегенмен, киімнің тұрпаты мен элементтердің өзгерісіне тек қана өмір салтының өзгеруі емес, халықтың дүниетанымының да құбылуы әсер етеді. Мәселен, кимешектің туындауына ислам мәдениетінің әсері болмады дей алмаймыз. Бұның бәрі  де – заңдылық, оларды ашуға біздің ғылым жүйелі кірісе алмай отыр. Ғылымға мүмкіндіктер енді ашылуда, құндылықтарымызды сайрататын уақыт енді келе жатыр. Әзірге біз субъектив интерпретациямен ғана шектелеміз.

- Қазақтың дәстүрлі киімінің қандай элементтерін басқа халықтар алған?

- Бұл сұраққа осы саланың мамандары болмаса, нақты жауап беру қиын. Дегенмен туыс төрк халықтары бір бірінен алып, өзіне бейімдеп, өзгертіп, иеленіп отыратыны да заңдылық. Мәселен, айырқалпақ аталып жүрген киіз қалпақтың тарихтағы үлгісі сонау Жетісуды мекендеген моғолдарға тиесілі, бәлкім оның тарихы одан да ерте болуы мүмкін. Үндістанға барып патшалық құрған бабаларымыздың осы айырқалпағын бүгінде қазақ та, қырғыз да менікі дейді. Өйткені, сол Жетісуда екеуі де өмір сүріп жатыр. Енді қырғыз ағайын айырын тұтас етіп, нағыз шляпатектес қалпақ шығара бастады. Ал біз соның қай-қайсына да көңіл бөлмей отырмыз. Тек қана ертеде түсірілген классикалық киноларымыздың кейіпкерлеріне ғана кигізіп үлгердік, ал бүгінде ол қалпақты дәріптей алмай отырмыз. Қырғыздар осыдан бірнеше жыл бұрын осы қалпақтың ондаған түрін тауып, көрме өткізгені бар.

Сол секілді тақия туралы да сөз көп. Төбетей аталатын бұл жеңіл баскиімді барлық төрктер дерлік киеді, бірақ әркім өзіне лайық өрнек салады, материалы да алуан. Бұл жағынан бұл туыс халықтар бірінен бірі алып, құбылтып отыр.

- Қазіргі ұлттық киім үлгілері қазақтардың бұрын киген түпнұсқа киімдерімен қаншалықты сәйкес келеді? Қазіргі ұлттық киімдерді кеңестік дизайнерлер ойлап тапқан деген пікір бар.

- Қазырғы ұлттық киімдер қазақтың нағыз үлгілерінен алшақ жатыр. Себебі, кеңестік дәуірде бай-шонжар киген киімді кедей-кепшіктің киюі мүмкін емес еді. Тіпті «Қыз Жібек» филмі ұлттық киімдерді барынша қалпына келтіргенімен, оны күнделікті өмірге енгізуге мұрсат та, рұқсат та болмады. Сосын текеметтің оюларын жапсырған шапандар мен конусталған сәукелелер қаптады, шелек пошымды кимешектер тігілді дегендей.

Бізде қазыр модерн стиліндегі киімдер осы жасанды үлгіден шығып жатыр. Ал барынша зерттеліп барып, этностилден алып тігіліп жатқан нәрселер аз. Тек қана 1-2 жыл бұрын қызбалаларға сән болған тақияны жақсылықтың бір лебі деуге болар. Бірақ академиялық түрді этнокиімдерді зерттеу, қалпына келтіру мен өндіру саласы бізде әлі тұрақсыз – бірде бар, бірде жоқ.

- Қазақтың ұлттық киімдері шын мәнінде азаматтар арасында сұранысқа ие болуы үшін не істеу керек?

- Ол үшін этнокиімдерді жан-жақты зерттеп, бүгінгі сұранысқа лайықтаған модерн стилдерін қарастыру керек. Оған мемлекет тарапынан мүдделі көзқараспен түрлі жеңілдік пен қолдау болса - құбақұп. Ай сайын ірі қалаларда іріктелген киімдер жәрмеңкесі мен көрмесі, конкурс-екшемдер неге өтіп жатпайды?

Мәселен, «Қазақфилм» жанынан этнокиімдер фабрикасын неге құрмасқа?! Оның жолы өте көп және оны киюге, қабылдауға халқымызды былай қойғанда, әлем дайын тұр! Өзіміз барды келістіре алмай отырмыз.

 

Дамир Құсайынов

Пікірлер